«Әкем сізді өлтіріп кетпей ме?» немесе неге әйел күйеуінен, бала әкесінен безеді?

698

0

Сурет ашық дереккөзден

Бишімбаев соты Санта-Барбара сияқты ұзын-сонар сериалға айналған тұста Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтетін заңға қол қойды. Ендігі жерде әлсіз жараталысқа қол көтеру – әкімшілік емес, қылмыстық жаза. Тоқпағы қатты еркектер үшін енді бұрынғыдай 15 күндікпен құтылып кету жоқ. Адам денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргеннің өзінде 50 күн «жатып шығады». Ал одан бетер зияны тисе, 3-тен 8 жылға дейінгі өмірі түрмеде өтеді.

Әйелін, баласын жұдырықпен «жұмсайтын» еркектерге психологияда «агрессор», «абьюзер», «тиран» деген теңеулер телініп жүр. Бұл терминдерге құлағымыздың үйренгені енді. Алайда қоғамда ықылым заманнан кездесетін көрініс. Отбасылық дау-жанжалдан шаршаған бірнеше әйел бүгінде балаларымен Қызылордадағы «дағдарыс үйін» паналауға мәжбүр. Ресми атауы – Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Мұнда үйдегідей жайлы. Бірақ ол бәрібір көңілдегі мұзды әзір жібіте алмайды-ау…

Жанары жасқа, кеудесі мұңға толы жандар жанайқайын көзге жас ала отырып жеткізді. Бірақ ешбірі аты-жөнін ашық көрсеткісі келмейді. Өйткені «біліп қойса, іздеп келіп тағы ұрады» деген қорқыныш бар.

Шиелілік Айнұрды (есімі өзгертілген – авт.) 17 жыл бұрын өзінен екі жас үлкен, бұрын араласып көрмеген жігіт алып қашқан. Ол кезде бірі – 21, екіншісі – 23 жаста. Бүгінде екеуінің бес баласы бар. Олардың алды Алматыда студент болса, кенжесінің жасы екіден енді асты.

– Бұл жерге балалармен бірге қаңтар айында келдік. Күйеуге тигелі көрмегенім жоқ. Соңғы жағдайда шыдамым шегіне жетіп, қашудан басқа амал қалмады. Қызын ұрып, одан кейін мені тоқпақтың астына алды. Пышақ пен балта ала жүгіріп, ернімді тілгілеп тастады. Осында орналасып, өз-өзіме келіп жатқаным енді ғана. 17 жыл өмірімнің ит қорлықпен өткенін түсіндім. Қарап отырсам, балалар үшін ғана шыдап келіппін. «Солар әкесіз өспесін, тірі жетім қалмасын, күйеуім ұл-қыздары үшін жөнделетін шығар» деген ойға алданып жүре беріппін.

Атам өмірде жоқ, ауылда енеммен бірге тұрдық. Күйеуім арақ ішеді. Үйге ішіп келгенде есікті құлыптап қойып, мазамызды алады. Ал енем «қазір келемін» деп, қайда екенін білмеймін, кетіп қалады. Үнемі солай. Айқай-шу басылған кезде бір-ақ оралады.

Күйеуім екі жылдан бері шаруа қожалығында қарауыл болып жұмыс істейді. Онсыз да ішімдікке әуес адам үшін ол орын қолайсыз тиіп тұр. Шаруашылыққа кірген-шыққан, өзі сияқты араққа жақын айналасындағылар қолтығына бөтелке қыстырып кетеді. Соның қызуымен үйге жеткесін біздің берекеміз қашады. Жанжал шығаруының тағы бір себебі – қызғаныш. Кезінде компьютерлік курс оқып алғанмын. Жұмыс істейін десем, үйден шығарғысы жоқ. Туған-туыс, абысын-ажын, көрші-көлеммен араластырмайды, той-томалаққа жібермейді. Қайын апаларым інілерін «сені жақсы көргесін қызғанады, ұрады» деп ақтап алады. Енді ол үйге қайта оралмауға бекіндім. Сот арқылы ажырастық. Балалардың өзі әкелерін көргісі келмейді. Әбден беті қайтып қалған, – деді кейіпкеріміз.

38 жастағы шиелілік Мерекенің (аты-жөні өзгертілген – авт.) 15 жылдан бері көрген күні осының ар жақ-бер жағы. Оны да күйеуі мүлдем танымаса да, өзара сөз байласпаса да алып қашқан.

– Төрт жыл араласып жүрген жігітімді қорқытып, мені күштеп әкетті. Әуелгі күннен-ақ ұрып-тепкілеумен келе жатыр. «Кетем» десем, «алдымен сені өлтірем, сосын өзім өлем» дегенді қайталаудан танбайды. Отау құрғалы осы сөзінен бойымды үрей билеп алған. Болмашы себеп үшін жанжал шығаруға дайын тұрады. Мұрнымды екі рет сындырды.

Үш қызым бар, әкелері үйге келгенде жым-жырт бола қалады. Жадырап жүрген кезіміз жоқ. Олар да күйеуімнен өлердей қорқады. «Әкем сізді өлтіріп кетпей ме?» дейді маған. Осы орталыққа келердің алдында жолдасыммен үш сағат бойы арпалыстық. Ата-енеммен бірге тұрамыз, бірақ оларды тыңдамайды. Әке-шеше, бала бар-ау демейді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады.

Өзім – ІІІ топ мүгедегімін. Екі жыл бұрын ауырып, күрделі ота жасатуға тура келді. Сол кезде бір жылдай төркінімде жатып емделдім. Соның өзінде «сенікі өтірік ауру» деп сенімсіздік білдіріп, телефон арқылы қайта-қайта мазалаумен болды. Осының бәрі жанымды жүдетіп жіберді. «Үйден біржола кетсем, өзіме, балаларыма, төркініме күн көрсетпейді» деген оймен оған қайта оралудан басқа жол таппадым.

Бірақ соңғы жанжал ойымды өзгертіп, нақты шешім қабылдауыма қатты әсер етті. Рамазан айында ауыз бекіткеніне қарамастан аузы боқтықтан босаған жоқ. Сәресіге оятқанымда өзі ұйқыдан тұрмағанымен қоймай мені кінәлап шығады. Жұмысқа шықпақшы болғанымда балалардың көзінше «ей, мал, неге оятпадың?» деп дүрсе қоя береді. Оның тұрақты жұмысы жоқ. «КамАЗ» жүргізеді, сонымен арасында ғана ақша табады. Көбіне үйде азаннан кешке дейін жатыс. «Қыздарың бой жетіп қалды, неге еңбек етіп, ақша таппайсың?» деп сұраймын ғой. «Қыздар ертең күйеуге тиіп, өз жөніне кетеді, не үшін жұмыс істеуім керек?» дейді. Маған қоятын кінәсі – «ұл туып бермедің». Ұрып-соққан кезде үнемі телефонымды алып қойып, бөлмеге қамап кетеді. Сондықтан полиция шақыруға мүмкіндік болмайды. Күні кешеге дейін жабулы қазан жабулы күйінде қалып келді. Бұл жолы көрші үйге қашып, сол жерде құқыққорғаушылардан араша сұрадым.

Отбасындағы дау-дамайдың балаларымның оқу үлгеріміне әсер еткенін осында келіп байқадым. Мұны менімен, психологпен сөйлесу барысында өздері де бүкпесіз айтты. «Әкемнен қорқып өмір сүрдік» дейді қыздарым. Ол үйге енді қыздарым да, мен де оралғым келмейді, – деді Мереке.

«Дағдарыс үйін» негізінен әлсіз топтағылар – әйелдер, балалар мен қарттар паналайды. Мұнда ең көбі жарты жыл тұруға рұқсат беріледі. Мамандар осы уақытта олардың жағдайы бір қалыпқа түсуіне көмектеседі.

– 2022 жылы 315 адам немесе 98 отбасы, 2023 жылы 331 адам немесе 93 отбасы қызмет алды. Дағдарыс орталығы 40 адамға арналған. Қазіргі күні 23 адам уақытша тұрып жатыр. Статистиканың өсуінен шошудың қажеті жоқ. Бұл әйелдердің өз құқықтарын қорғауға көшкенін көрсетеді. Бұрынғыдай тоқпаққа көніп, көз жұмып отыра беретіндер қарасы азайып келеді, – деді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.

Шаңырақтағы «шайқас» ұрып-соғумен шектелмейді. Бірін күйеуі, енесі ақшадан қысып, екіншісін құлағының құрыш етін жеп күн бермеуі мүмкін. Психологияда ол күш көрсету, психологиялық, экономикалық қысым, жыныстық зорлық жасау секілді бірнеше түрге бөлінеді.

– Әйтсе де, қазақ әйелдерінің менталитетінде көндігу деген бар. Қоғамда сырты бүтін, іші түтін отбасылар жетерлік. Ұрыс-керістің негізгі себебі – ішімдік. Талай адам ащы судың зардабын тартып отырғаны өтірік емес. Күйеуіне шамасы жетпеген әйелдер кейде ашуын баладан алып жатады. «Екі ортада шыбын өледі» дегендей, бұл жерде бала құрбанға айналатыны өкінішті. Мұндай отбасында өскен ұл мен қыз ұрысу, ұру-соғуды қалыпты көрініс ретінде қабылдауы, ертеңгі күні өзі де әке-шешенің қателігін қайталауы ықтимал. Махаббатқа бөленіп өскен бала айналасындағылармен мейірімді қарым-қатынас орната алады. Ол жетіспеген жерде қатігездік пен озбырлық орнайды.

Отбасындағы зорлық-зомбылық баланың физикалық, психикалық денсаулығын бұзады. Бойында қорқыныш қалыптастырып, қорғансыз күйде қалғандай сезімге бөлейді. Бала эмоциясын, ішкі күйін сөз арқылы жеткізе алмайды. Көбіне өмірден түңіліп жүреді. Қандай да бір қиындықта өзін-өзі сабырлы қалыпты ұстаудан қалады. Ашушаң болады. Өзін томаға-тұйық қалыпта, құрбы-құрдастарынан шет ұстайды. Үйде көрген агрессиясын жан-жануарға бағыттайды. Зәрін жіберіп қою немесе энурезге, психосоматикалық ауруға ұшырайды. Мазасыздану, қобалжу үстінде жүреді. Әке мен шешенің арасындағы жанжал кесірінен оқушы балалардың оқу үлгерімі төмендеп кетуі мүмкін, – деді психология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Аяғанова.

«Әйелі Салтанат Нүкенованы қинады және өлтірді» деп айыпталған экс-министр ісі іштей булығып жүрген әйелдердің шер шығаруына сеп болғандай. Талай Салтанат «тағдыр салды, мен көндім» деп отыра бермей, ащы үнін еститін Үкімет барына иланғандай.

Қосағына, ұл-қызына қол ала жүгіретін еркекті жазалайтын заңның екінші жағы барын да естен шығармау керек.

– Мәжіліс ұсынып, Сенат қолдап жіберген заң талай отбасын бұзып, талай шаңырақты ортасына түсіреді. Түбінде мемлекетті тоз-тоз қылады. Бұл – сырттың жымысқы саясаты. Депутаттардың көбі шет елдің қаңсық дәстүрін қазаққа енгізгісі келеді. «Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» деуші еді бұрынғылар, – деді ақын Мамыр Байдәулетов.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<