Жуырда Ақтөбеде алаяқтық дерегі бойынша қайырымдылық қорының басшысы құрықталды. Қалалық прокуратураның мәліметіне қарағанда, оның үстінен 6 адам арызданған. Материалдық шығын көлемін есептегенде 30 млн теңгеден асып түскен. Сондағысы әлгі қор бірнеше науқас баланың емін сылтауратып, жұрттан жылу жинаған. Не ем жоқ, не ақша жоқ, екі ортада оған сенген ата-аналар опық жеп қалды.
Неге мұны әңгіменің тұздығы етіп алып отырмыз? Қайырымдылыққа ақша жинайтындар қазір баяғыдай автобус пен көшеде ғана емес, әлеуметтік желілерде де қаптап кетті. Бірі ауыр сырқатқа шалдыққан баласын сыртта, медицинасы озық шет мемлекетте емдеткісі келеді. Бірі үйі өртенген, ал үшіншісі бала-шағасын асырауға шамасы жоқ өзіне немесе жақын-жуығына көмектескісі келеді. Алайда адамның аянышын оятатын мұндай жарнаманың бәрі бірдей сенімді деуге болмайды. Қаржылық мониторинг агенттігі наурыз айында 138 банк картасына түрлі күмәнді мақсат үшін ақша жиналғанын анықтаған. Осылайша 660 мыңнан астам қазақстандық жалған көмек сұраушыларды жарылқаған. Агенттік жиналған 6 млрд теңгенің 33 пайызында немесе 2 млрд теңгесінде алаяқтық белгілері барын мәлімдеді.
– Алаяқтар ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шығындарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шет елдерден қымбат пәтер жалдауға жұмсайды. Жанашыр азаматтардың жақсы ниеті «өтірік» мұқтаждар үшін оңай табысқа айналуы мүмкін, – деп ескертті ведомство басшысы Д.Малахов.
Расымен, «қайырымды» алаяқтардың кесірінен көмекке шын мұқтаж адамдар көлеңкеде қалуы бек мүмкін. Өйткені бұл – сенім мен «бес-он тиын болса да үлесім» деген ізгі ниет мәселесі екенін түсінуіміз керек. Арам пиғылдылар елдегі ұрымтал сәтті де өз пайдасына жаратып қалуда. Сан мыңдаған адам ауылы мен қаласын тастай қашқан су тасқыны кезінде олар мессенджерлер арқылы Премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің атынан ақша жинап жатқаны жөнінде хабарлама таратып үлгерген. Бірақ Үкіметтің баспасөз қызметі дер кезінде мұның фейк екенін жариялады. Бірқатар облыс әкімінің суреті қойылған аккаунттардан да тұрғындарға хабарлама тараған. Құзырлы органдар мәлімдегендей, бұл да алаяқтардың ісі болып шықты.
– Бірнеше күннен бері WhatsApp мессенджерінен менің атымнан бірқатар азаматқа хабарламалар жіберілген. Менің Instagram мен Facebook желісінде ресми аккаунттарым бар екенін еске саламын. Жеке телефонымнан және ресми аккаунттарымнан хабарламаларды өз нөміріммен, оны жасырмай жіберемін. Сондықтан егер сіз менің атымнан, менің фотосуретім бар нөмірден қоңырау немесе хабарлама алсаңыз, алайда нөмір жасырылған болса, онда бұл – алаяқтар. Сіздерден сақ болуды сұраймын, – деп жазды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Instagram парақшасында.
Сонда қайырымдылыққа шын мұқтаж адам мен оның терісін жамылғандарды қалай ажыратуға болады? Қазақстанның Қызыл жарты ай қоғамының фандрайзинг жөніндегі үйлестірушісі Карина Тілепова «Orda.kz» сайтына берген сұхбатында банк қосымшаларындағы қаптаған қайырымдылық ұйымының қатарынан көріну оңай емес екенін айтыпты. Өйткені банк сұрататын дерек саны қисапсыз.
– Әлеуметтік желілерде медициналық көмек үшін ұйымдар ғана қаржы жинамайды. Осы орайда өзіңіз сенетін адам таратқан шотқа ғана ақша аударған дұрыс. Ал автобустар мен көшелерде қайырымдылық жәшігін асынып жүретіндердің дерегін бір тексеріп алғанның артықтығы жоқ. Жәшіктегі тақтайшаны алдымен суретке түсіріп алып, ондағы ақпараттың анық-қанығын білген соң ғана шешім қабылдаған жөн, – деді ұйым өкілі.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<