Алаяққа заң құрығы қысқа ма?

1318

0

Адамнан ұят кетсе, ары мазаламасы анық. Оңай олжаға қарық боламын деп  тұрғындардың сеніміне кіргендер «кезектен тыс пәтер,  2005 жылғы жер алуға жазылған арыз алып келсең, жер алып беремін, жер сатамын, несие алып беремін, бүгін ақша берсең, диплом, жүргізуші куәлігі ертең қолыңда болады» деп бастайды әңгімесін. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы облыста алаяқтық қылмыстың 676 дерегі тіркелген. Олардың 368-і өз айласын ғаламтор арқылы асырған.  Алаяқтардың күн санап көбеюіне қарап тұрғындардың құқықтық сауаты төмен бе әлде заң құрығы қысқа ма деген ойға қаласың.

Алаяқтан айла артылған ба, ақшаны еселеу мақсатында түрлі пирамидалық жобалар ойлап тауып, соңында телефон нөмірін ауыстырып бой тасалайды. Тіпті жолда кетіп бара жатқан адамнан «Телефоныңыздан қоңырау соғып жіберсем бола ма?» деп сұрап алып, әп-сәтте атынан тауарлы несие рәсімдеп үлгерген. Ол аздай қас пен көздің арасында есепшотындағы ақшаны аударып алып үлгереді екен. Ал «Жұмысқа тұрғызып, оқуға түсіріп беремін» дегенге сеніп, қыруар қаржыны қолына ұстата салатындар әлі де бар.

Өткен жолы мен де алаяқтың кесірінен қарызға батып қала жаздадым. Оқиға былай болды. 8 наурыз күні балаларды ойнатып, отбасымызбен қыдырып жүрдік. Кенет құрбымнан 50 000 теңге түсті. Не үшін салғанын сұрап хабарласқанымда «жаңа ғана whatsapp арқылы өзің сұрадың ғой» деді. Кейін білдік, алаяқ Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшама кіріп, жеке суретімді көшіріп алған. Өз телефонына whatsapp орнатып, оған менің суретімді қойған. Әрі қарай Instagram парақшамдағы достарымды зерттеген. Өзі туралы мәліметтер арасына нөмірін қалдырған таныстарымның бәріне менің атымнан хат жазып, қиналып тұрғанын және 1 сағаттан соң қайтарып беретінін айтып, 50 мың теңге сұраған. Онымен қоймай, ақшаны өзінің нөміріне бірлік қылып салуды өтінген. Дер кезінде аңғарып, адамдар алданбау үшін жан-жаққа хабарлап үлгердік.

Айлакерлер құқық құрығына түспеу үшін  «Іс бітті, қу кетті» деуге медиация әдісін пайдаланады екен. Себебі онда тараптар келісіп, ақшасын өтеп беруге уәделесіп тарайды. Алайда ол міндетін орындады ма, жоқ па ешкім талап етпейді.

Алаяқтарға алданғандардың бірі − қала тұрғыны Тамара Жалғасқызы. Оған көрші келіншек 5 миллион теңгеге дейін несие алып беремін деп, кейін сан соқтырып кеткен.

− Көп көлемде кредит шығу үшін зейнетақы қорына ақша салу керек деп 600 мың теңге алды. Қолхат сұрамадым. Көршім деп сенім білдірдім. Арада біраз күн өтті. Несие де жоқ, хабар да жоқ. Бір күні подъезде жаңағы әйелді іздеп жүрген бір адамды көрдім. «Неге іздеп жүрсіз? Айтыңызшы…» дегенде,  «400 мың ақшамды екі жыл болды ала алмай жүрмін» деді. Мен  тек сол кезде ғана алданғанымды сездім. Кешкісін үйіне барып ақшамды қайтарып беруін, ешқандай кредит алмайтынымды айттым. Ол қолынан келетініне сендіріп шығарып салды. Ертеңіне барсам, пәтерден көшіп кетіпті. Тұрақты тұрғын емес екенін сонда ғана білдім. Әйелді тауып «менен ақша алғаныңызды растап, нотариус арқылы қолхат жазып беріңіз» дедім. «Медиация арқылы шешейік» деді. Бұл  қызметке алғаш жүгінуім. Сот ғимаратында отырған соң медиаторға сенім білдірдім. Тараптар келісімге келсе, одан ешкім борышын өтеуді талап ете алмайтынын ескертпеді. Білгенімде бірден қалалық полиция бөліміне барып арызданар едім. Оның менен де басқа көп адамды алдағанын, қарыз болып қашып жүргенін білдім. Өзімнің құқықтық білімімнің аздығы да бар. Құзырлы органдарға ол әйел туралы бірнеше рет шағым түскен. Алайда ресми органдар оған тиісті шара қолданбай, әлі күнге дейін оның аты-жөнін жариялап, сақтаныңдар деп ескертпей отыр, яғни, оның өзгелерді де еркін алдап соғуына жол беріліп отырғанына қынжыламын, − дейді.

Тамараның оқиғасынан түсінгеніміз, алаяқ өзінің айласын іске асыруға жол салып алған. Қолхат жазып бермеу, дәлел қалдырмау, тағы басқа қитұрқылық жасауы бек мүмкін. Медиация арқылы шешілген азаматтық іске қайтадан қылмыстық іс қозғалмайды. Келісімде көрсеткен уәдесін орындауын ешкім заңмен шегелеп талап етпейді. Соны біліп алған. Осылайша қулығына құрық бойламай, алаяқтар алдауды әлі де жалғастырып жүр. Тамара секілді алданып, не істерін білмей жүргендер көп.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақтағы соттарға өткен жылдан қалдықта 5 іс, ал жыл басынан бері  11 алаяқтық іс түскен. Осы істердің ішінде 1-еуі жәбірленушімен татуласуына байланысты жауаптан босатылса, 1  іс басқа сотқа жолданған, яғни, бұрын қылмыс жасап істі болғанына қарамастан, қайта қылмысқа барып отыр.

− Қылмыс жасады ма, жазасын алады. Әрине, жәбірленуші дәлелдерді ұсына алса. Алаяқтық қылмыс үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес жауапқа тартылып, ең жоғары жаза он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, Кодекстің 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық топ болып, аса iрi мөлшерде жасалған алаяқтық үшін сотталушының мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Алаяқтарға берілген жаза да жеңіл емес. Түрмеге түспес үшін ісін сотқа жеткізбеудің бар тәсілін біліп алған, − дейді қалалық №2 сотының судьясы Жұлдыз Жәкеева.

Адамдардың сеніміне кіру үшін өзгелерді де пайдаланып, қулығын бірлесіп ұйымдастыратындар да көбейген. Тиісті тегін көрсетілетін мемлекеттік қызметін асыра пайдаланып, «тендер ұтқызып беремін, лицензия, сертификат алып беремін, медициналық комиссиядан өткізіп беремін» деп уәде ететіндер де бар екен. Олар бұл әрекеттерін жалғыз істемейді. Қасында серіктестері бар. Ұятты ысырып қойып, бас пайда үшін ұйымдасқан. Алаяқтардың алды  темір тордың ар жағында отыр.

− Қазіргі таңда ЗК-169/5 мекемесінде 790 сотталған азамат бар. Олардың ішінде алаяқтық бабы бойынша 17 адам жазасын өтеуде. Қылмыскерлердің басым бөлігі – мемлекет қаржысын аса ірі мөлшерде жымқыруға бірнеше адам болып алдын ала сөз байласқандар − деді мекеменің арнайы есепке алу бөлімінің инспекторы, әділет лейтенанты Сара Шірімбет.

Алайда алаяқтар күн сайын алдап соғудың жаңа әдісін ойлап тауып жатыр. Мемлекеттен оларға шектеу қояр жаңашыл бір әдіс керек секілді.

Мысалы, Қытай билігі алаяқтарға ерекше жаза ойлап тапты. Оларға мобильді аударымдарды қолдануға тыйым салған. Сонымен қатар банк карталарын қолдана алмайды, яғни, банкоматтан ақша ала алмайды. Құжатымен банкке баруы керек. Банкке жәбірленушіні ертіп барса, камераға түсіп қалады. Аударым жасаған сәттері де сақталады. Бұл алдаушыларға ұнай қоймас. Сондықтан қытайлықтардың бұл әдісі тиімділігін көрсеткен.

Абай «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, арын сатып тіленген малы құрсын» деп шерін ақтарған. Бүгінгі күні алаяқтармен күресті күшейтіп әрі олар туралы мәліметтерді ашық жариялап, тұрғындардың алданбауына жедел жәрдем керек. Әйтпесе жұрттың тыраштанып тапқан ақшасы арбауды меңгергендердің қалтасына түсе береді.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<