Ақмола облысында алкоголь өнімін сатушы өзінің жұмыс орнында гашиш саудалаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, елорда маңындағы елді мекеннің 39 жастағы тұрғыны ұзақ уақыт бойы гашиш пайдаланып келгенін анықталды. Ол сауда үйінде алкоголь өнімдерін сатумен айналысқан. Кейін алкоголь өнімдерімен бірге есірткі затын сатуды қолға алады. «Күдікті «өнімді» тек құпия сөз арқылы сатқан. Яғни, сатылымда жоқ алкоголь өнімнің құпия сөзін айтқан адамға ғана есірткі сатқан. Осындай 5 грамнан астам гашиш сату кезінде оны полиция қызметкерлері қолға түсірді», – деді Есірткі қылмысымен күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Рәзия Курсанова.
Ведомстводан атап өткендей, қазанның 2-інде есірткі сатушы ұсталды. Жұмыс орны бойынша санкцияланған тінту барысында құрамында ерекше иісі бар сұр-жасыл түсті ұнтақ тәрізді консистенциялы заты бар полиэтилен түйіншек табылды. Сараптама тағайындалды. «Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 1-ші бабы 297-ші бөлігі (есірткі заттарын заңсыз өткізу) бойынша қылмыстық іс қолға алынды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталмыш баптың санкциясына сәйкес, ер адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деп толықтырды Р.Курсанова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<