1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің арнайы қаулысымен Қазақ КСР-ның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды. 1992 жылдың 17 қаңтарында Жоғарғы Кеңес қаулысымен «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Заң күшіне енді.
Ал 1994 жылы 12 ақпанда Президент қаулысымен құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары анықталды. Осыдан кейін қадағалаушы органның міндеті мен жүктемесі айқындалып, азаматтарымыздың құқығын қорғау жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді.
Биыл облыстық прокуратура тарапынан бірқатар оңды жұмыстар атқарылды. Қадағалау жұмыстарының нәтижесінде 553 прокурорлық қадағалау актісін енгізіп, мемлекет бюджетіне 1,1 млрд теңге өндіріп, 257 мың адамның құқығы қорғалды. Құны 273 млн теңгеге тең мүлік мемлекетке қайтарылды.
Мысалы, жергілікті атқарушы органдардың қызметінде нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған заңнама талаптарының сақталуына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде біздің актімен 13 мың адамға 1 млрд теңге экологиялық төлемдері төленді.
Бюджетке қаржы өндіру бағытында да бірқатар оңды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылар Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын қаржыландыруға 800 млн теңге аударымдар жасамағаны анықталды. Энергетика министрлігіне қадағалау актісі енгізіліп, мұнай компаниялары мемлекет бюджетіне қаржы төледі.
170 мың кәмелетке толмаған баланың құқықтары қорғалды. Мысалы, облысымыздағы мектептердің қауіпсіздік мәселесі зерделенді. Нәтижесінде 51 мектепте күзетуге лицензиясы бар күзет мекемелерімен шарттар жасалмағаны анықталды. Әкімдікке заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізіліп, 62,7 млн теңге қаржы бөлінді. 1173 кәсіпкердің құқығы қорғалды, кәсіпкерлерге тиесілі 88,6 млн теңге қаржы қайтарылды.
Биылдан бастап прокуратура органдары инвестициялық жобалардың кедергісіз іске асырылуына, инвесторлар құқықтарының шектелмеуіне қадағалау жұмыстарын бастады.
Прокуратураның сүйемелдеуімен Қармақшы ауданындағы құны 3 млрд теңге болатын құс фабрикасы сумен жабдықтау жүйесіне қосылып, толығымен іске кірісті.
Полиция органдары 4 млн теңге шығынды қажет ететін жабдықтармен және күзет қызметімен қамтамасыз ету туралы 60 кәсіпкерлік нысанға ұсыныстар беріп, заңсыз тәжірибе қалыптасқаны белгілі болды. Қадағалау актісімен аталған ұсыныстар кері қайтарылып, 15 полиция қызметкері тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар «Қызылордажылуэлектрорталығы» тарапынан техникалық шарттарға артық талаптар белгіленіп, 41 кәсіпкердің құқықтары шектелгені анықталды. Қадағалау актісі негізінде техникалық шарттардағы артық талаптар алынып тасталып, аталған мекемеге 5 млн теңге әкімшілік айыппұл (ӘҚБтК-ның 164-бабының 4-бөлігі) салынып, ол толық төленді.
Жер қатынастары саласында 19 ұсыныс енгізіліп, құны 229 млн теңге құрайтын 73 жер учаскесі (69 мың га) мемлекетке қайтарылды.
Алимент бойынша прокуратура органдары 15 ұсыныс енгізіп, нәтижесімен 148 борышкер әкімшілік, 40 жеке сот орындаушы тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Қадағалау актілерімен 67,1 млн теңге берешек қарыз өндірілді. Алимент төлеуден жалтарған 5 борышкер Қылмыстық кодекстің 139-бабымен жауаптылыққа тартылды.
Облыс прокуратурасы тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Оған қоса апта сайын азаматтарымызды жеке қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдап, оңды шешілуіне бағытталған тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Н.ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыс прокурорының орынбасары
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<