Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Аслан Кеңес өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды таныстырды.
Оның айтуынша, 7 айдың қорытындысы бойынша департаменттің өндірісінде 37 қылмыстық іс тіркелген, оның 32-сі ауыр санаттағы істер. Бүгінде 29 қылмыстық іс аяқталған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайыз жоғары.
Қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залал 784 132 520 теңге. Оның 248,6 млн теңгесі тікелей өндірілсе, 549,7 млн теңге мүлікке тыйым салу арқылы өтелген.
– Еліміздің тұрақты дамуына кедергі келтіретін құқықбұзушылықтарға қарсы күресте жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде. Біздің басты міндетіміз – заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алып, себептерін жою арқылы қауіптің тамырын кесу. Өкінішке қарай, бүгінде азаматтар оңай табысқа қызығып заңсыз әрекеттерге барып, ел экономикасына орасан зиян келтіруде. Жыл басынан бері көлеңкелі экономика, жалған кәсіпкерлік, бюджет қаржысын жымқыру деректері бойынша ондаған қылмыстық іс тіркеліп, департамент мамандарының атқарған жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттің мүлкі мен қаржысына жасалған қол сұғушылықтарға дер кезінде тосқауыл қойылды, – дейді департамент басшысы Аслан Кеңес.
Департамент қылмыстық кірістерді заңдастыру деректерін анықтау, салық саласындағы қылмыстық схемаларды әшкерелеу, жосықсыз микроқаржылық ұйымдар қызметін тоқтату, әлеуметтік осал топтарға арналған қаржылық сауаттылықты арттыру лекцияларын өткізу бағыттары бойынша жұмыс атқаруда. Нәтижесінде 5 қаржы пирамидасының («Warner Bros», «HRT», «Fashion Star», «Rain BNB», «Асар баспана») қызметі тоқтатылды. «Qnet» пирамидасы бойынша апелляциялық сот шешімімен 301,8 млн теңгенің мүлкі тәркіленіп, жәбірленушілерге шығынды өтеу тапсырылды.
– Департамент пен агенттік қызметкерлері кәсіпкерлік, мемлекеттік сатып алу, салық саласы бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Соның өзінде жеңіл ақша табуды көздегендер қатары азаймай тұр. Мәселен, жуырда Қармақшыда №99 мектептің есепшісі 2022-2024 жылдар аралығында артық аванстық төлемдерді өзінің жеке есепшотына және 6 сыбайлас мұғалімнің есепшотына жүйелі түрде негізсіз аударып, бұл соманы бухгалтерлік есепте жасыру үшін өзінің танысымен бірге әрекет еткен. Нәтижесінде мемлекетке 50918541 теңге залал келтірілген. Аталған қылмыстық іс бойынша 8 тұлғаға қатысты Қармақшы аудандық сотының үкімімен есепші 7 жыл бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайластарына келтірілген шығынның (8421933 теңге) өндірілуіне байланысты 3,5 жылдан 7 жыл аралығында бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Мұндай әрекеттер жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр емес, – дейді департаменттің тергеу басқармасының басшысы Медеу Таубай.
Жиын барысында алаяқтық схемаларға, оның ішінде қаржылық пирамидалар мен интернет- алаяқтыққа қарсы алдын алу шаралары бойынша ұйымдастыру-бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева кеңінен тоқталды.
– Жыл басында қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, Қызылорда қаласының мектеп оқушылары арасында қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында «PHYGITAL» сайысы, зейнеткерлер, мұғалімдер мен медицина қызметкерлері үшін қаржылық пирамидалар мен интернет-алаяқтыққа қатысты арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Қорқыт ата университетімен бірлесіп жастар волонтерлік қозғалысы құрылып, интернет-алаяқтыққа қатысты 2913 сайт бұғатталды. Департамент өкілдерінің қатысуымен «Заң мен тәртіп» тақырыбында үш университет пен сегіз колледжде 3600 студентке түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасын табады. Бұл жұмыстар азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі, – деді ол.
Брифинг соңында Аслан Кеңес БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, қоғамның құқықтық санасын арттыру жолында журналистердің белсенділігі маңызды екенін атап өтті.
– Жалған кәсіпкерлік, заңсыз айналым, контрабанда және алаяқтық схемалары бойынша ақпарат алмасып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз,– деді ол.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»






