«Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады.
Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн.
Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор.
Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан
Мемлекеттік қызметкердің мәртебесіне қатысты қоғамда түрлі пікір бар. Оның ішінде полиция қызметкерлерінің кейбір осал тұсы да айқындалып жатады. Көпке күйе жағудан аулақпыз. Алайда, көзге көрінген теріс қылықтар әлеуметтік желіде өріп жүргені ойландырмай қоймайды. Бейәдеп сөйлеу, ішімдік ішкен, пара алған полицияны естісек не көрсек таңырқаудан да қалып барамыз. «Ее» деп аз-маз елең етерміз. Болғаны сол. Неге?
Теріс қылықты түзеуге бола ма?
Өткенде қызықты кездесудің куәсі болдық. Қызықты деуіміздің себебі бар. Бұрын-соңды мұндай іс-шараны көрмегендік пе, әйтеуір таңырқадық. Жалпы облыс орталығының полиция қызметкерлерінің ата-аналарымен кездесу өтті. Жалғыз әке-шешесі ғана емес, жұбайлары да осы жиында қара көрсетті.
Мақсаты қандай бұл жиынның? Отырысқа жинаған облыстық полиция департаменті бастығының кадр жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Дәурен Ибраев еді. Оның айтуынша, қазір қызметкерлер арасында ішімдікке әуестері де бар. Соның күшімен көлік басқарып, апаттық жағдайға ұрынатындар бар. Есірткі заттарын пайдаланатыны да кездеседі. Пара алу жағында ұятты жағдай да тыйылмай тұр.
– Облысқа қызметке келгелі барлық ауданды аралап осылай өз қызметкерлеріміздің ата-анасын жинадым. Мақсат – теріс қылыққа бой алдыруға үйір полиция қызметкерлері жайында ақпар беріп, соның алдын алуды бірге талқылау. Тіпті, биылғы жылдың он айында осындай қызметтік теріс қылықтарымен көзге түскендерді де мысал етіп көрсеттік. Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар, сондай-ақ сотты болғандар жайлы да айттық. Бар ойымыз – полиция қызметкерлерінің осындай теріс әрекеттен өздері алыс болса дейміз ғой. Олардың отбасы мүшелерін жинағанымыз сол. Әр ата-ана немесе жұбайы жұмысқа шыққан баласына не ер-азаматына осындай қателіктерге ұрынбауын ескертсе, көп нәтиже береді. Мұндай жиналыс жасағалы көп уақыт өтпесе де, ішімдік пен солақай келген қаржыдан бас тартқандар баршылық, – дейді Дәурен Ибраев.
Әр полицейдің кем дегенде төрт баласы бар
Бұрын жоғарыда айтқандай теріс қылықтары үшін тәртіптік шара көрілгенімен, қызметтен аластатылған полицияны естімедік. Қатаң сөгіс арқалайды. Болмаса қызметінен төмендетіліп, сол қызметтің басқа саласына ауысып жатады. Ал қазір ше? Ішіп алып, бейәдеп сөйлеген тәртіп сақшыларын қызметтен алу түк те емес. «Өз қызметіне сай емес» мұндай тәртіпсіз қызметкердің ертеңгі күні жұмыссыз отырғанын көресің. Ал пара алғандардың жайы одан да қиын. Сотты болады, темір тордың ар жағында жазасын өтейді. Ал оның отбасына келетін қайғыдан бөлек, келтірілген шығынды өтеудің азабын ойлана беріңіз.
– Мысалы, бір ғана Қызылордада үш ай ішінде 5 полиция қызметкері спирттік ішімдік қолданып, көлік басқарды дейікші, – деп сөзін жалғады полковник жиналыста. – Тағы қайталаймын, бұл мысал. Енді қараңыз, біз оларды департамент ішіндегі өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері арқылы құрықтаймыз. Қызметіне сай еместігі дәлелденіп жұмыстан аластатуға шешім шығады. Осы жерде бізге оңай тимейтін жағдайлар пайда болады. Несін жасырайық, кінәлі қызметкердің кем дегенде 4 баласы болады. Сұраймыз ғой. «Несиең бар ма?» дейміз тағы да. «Бар» дейді басын төмен тұқыртқан күйі. Бірақ өзі мемлекеттік қызметкер бола тұра, мінез-құлқы мен әдепсіз қылығын көрсеткен адамды қалай арашалап алмақсың?! Заң көтермейді бұны. Мысал дедік қой әлгінде. Сонда 5 полиция осындай теріс қылықпен жұмыстан кетсе, оның артында 20 бала-шағаның жайы не болады? Олар мектепке барады, қосымша ақылы курстарға қатысады. Спорттық секциясы бар. Ал асыраушысы жұмыстан кетсе, сол 20 баланың болашағы не болмақ?! Елімізде білімі төмен азаматтар неғұрлым көп болса, болашағымыз бұлыңғыр. Керісінше білімді ұрпақтарымыз көп болса, онда еліміздің болашағы зор. Соны ұқсын деген ниетпен, сондай жағымсыз істен аулақ болсын деген мақсатпен осындай отбасы мүшелерімен кездесу ұйымдастырып, бірлесіп күресуге, тәрбиелеуге жұмылу қажеттігін айтқым келеді, – дейді Д.Ибраев.
Полковниктің сөзінің жаны бар. Қазір әкімін не соттың төрағасын болмаса прокурорды көзбе-көз көрмегендер бар. Бірақ полиция қызметкерін күнде көре алады. Көшеде болсын, мектепте болсын, тіпті алыс елді мекендерге де учаскелік полиция қызметкері бекітіліп берілген. Көршіңіздің иті босап кетіп, өзіңізді тістеп жатса да, полицияға жүгінесіз. Сонда хабарласасыз. Сондықтан олардың не істеп, не қойып жүргені халықтың көз алдында емес пе?
Ұялы телефон «ұялтып» тұр
Иә, халықтың көз алдында дейміз. Қазір смартфон шыққалы олардың кейбір көңіл қынжылтар әрекетін желіден де көре аласыз. Рас қой. Бесіктен белі шықпаған баладан бастап, жасы келген қарияға дейін табақтай телефоннан бәрін көріп отыр. Болмаса мемлекеттік қызметкер саналатын сақшының сырт көзге артық қимылы көрінсе, ұялы телефонға жазуға ұмтылатынымыз тағы бар. Айдай әлемге танытамыз солай. Мас полиция, пара алған капитан, ішімдікке сылқия тойып, адам қаққан лейтенант… Бұдан кейін халық көзқарасы бірден 180 градусқа өзгеретіні анық. Дәл қазір солай. Бір аймақтағы халықтың отыз проценті полицияға сенуі мүмкін. Мемлекетке пайдасы барын олар сезінеді. Қалған жетпіс проценті сырт айналады. Қолын сілтейді. Өйткені, біздің қызметкерлер әлгіндей теріс қылығымен көзге түскен. Сондай әріптестерінің арқасында қалғаны да осындай жағымсыз образға айналады. Қазақша айтқанда, «бір қарын майды бір құмалақ шірітіп тұр».
– Бір полиция қызметкерін жоғалту деген оңай емес. Енді қараңызшы, мына солтүстік өңірде кадр жетіспейді. Бағана айтып өткендей, онда көпбалалы қызметкерлер де аз. Ал Қызылордада бала туу көрсеткіші жоғары екенін айтуымыз керек. Әр жұмыстан шығарылған қызметкердің 3-4, алды 7 балаға дейін бар. Жаның аши ма, ашымай ма?! Сол үшін барлық аудандарға арнайы барып осы әңгімені қозғап келеміз. Әр сақшының әке-шешесі, жұбайы бізбен бірге болып, осындай жаман әдеттің алдын бірге алсақ, бұдан ешқашан ұтылмаймыз. Шыны керек, 10-15 жыл қарамағында болған қызметкерін кейде басшы да дұрыс танып-білмейді. Білетін анасы, болмаса жұбайы. Жанды жерін солар ғана біледі. Сондықтан жемқорлықтан аулақ болуды, ішімдік не басқа қажетсіз дүниеден бас тартуды шаңырақта да үнемі айтып отырған дұрыс. Солай етсек қана біз өз абыройымызды сақтай аламыз, – дейді полковник.
Көлікпен кісі қаққанын күтіп отырмаймыз
Жиналыста осындай мәселе көтерген полковниктің айтқаны жалғыз бұл емес. Өмір бойы тергеуші болған ол мұндай жобаның алғаш рет Қызылордада болып отырғанын тілге тиек етті.
– Облыстағы барлық қызметкердің, оның ішінде тергеуші болсын, патрульдік полиция болсын, басшылық не жеке құрам болсын, туған күндерін есепке алдық. Сондай-ақ олардың баратын кафе не басқа да демалыс орындарын анықтау жүргізілуде. Неге? Өйткені, ол сол жерден шығып ішімдік ішкен күйде жеке көлігін жүргізетіні анық. Біздің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері соның кафеден шығып автокөлік басқарған кезінде тоқтатып, оның ішкендігін анықтағаннан кейін, арнайы тәртіптік комиссия отырысында қарап, соның шешімі негізінде ішкі істер органдарынан теріс қылықпен шығарылады. Олай етпеске амал жоқ. Оның жоғары жылдамдықпен көлік жүргізіп, адам өміріне қауіп төндіргенін біз күтіп отырмаймыз ғой, – деді полиция полковнигі ендігі сөзінде.
Полиция қызметі өз ішінде жегідей кеулеген осындай дерттен құтылуға тырысып жатыр.
Бір қызығы, ең жоғары жалақы алатын Қызылорда өңірінің тәртіп сақшылары. Еңбек демалысына шыққанда үш айлық көлемінде еңбекақы алады. Ол бұл ақшаға емделе ме, курортқа бара ма, үй соға ма, әрі қарай өз шаруасы болмақ. Сондай-ақ еңбек демалысына өзге өңірлерде 30 күн болса, біздің аймақта 45 күн беріледі. Оның ішінде жұмыс стажы 10 жылдан асқан қызметкерге 5 күн қосылады. 15 жылдық жұмыс өтіліне тағы бес күн, 20 жылдық тәжірибесі бар қызметкерге бес күн қосылып, 45 және 15, барлығы 60 күн демалыс алатындар да бар. Тағы да 9 күн экологиялық жеңілдіктерін қосыңыз. Демек, Қызылорданың полиция қызметкері бұған ренжи алмайды. Тек таза жүрісімен, қызметке адалдығымен танылса болғаны.
Тәртіп пен тиянақтылық сенімге бастайды
Департамент басшының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Дәурен Алпысбайұлының жеке қабылдауы күнделікті. Таңғы жұмыс уақыты қалай басталды, кешке дейін қабылдай береді.
Оның айтуынша өзіне келген азаматтардың басым көпшілігі балаларының басқа өңірлерде немесе басқа ауданда қызмет атқарып жүргендерін, соларды туған жерлеріне қызметке ауыстыру мәселелері көрінеді.
Мысалы, Аралдың жігіті Жаңақорғанда немесе Қазалының полиция бөлімінде Шиелінің азаматы жұмыс істейді. Бірақ олардың отбасы қалада, не өзі туған ауданда тұрады. Сол себепті қабылдауда болған азаматтардың өтініштерін қанағаттандыру бойынша жұмыс атқарылып жатыр.
Сондай-ақ оның айтуынша, іскерлігі мен қабілеті жоғары қызметкердің шенін көтеруде қиындық жоқ. Басшылық қызметке де тағайындауда сондай.
– Сонымен қатар, қызметкерлердің кезекті еңбек демалыстарына уақытылы кестеге сай шығуы, арнайы атақтарын, шендерін уақытылы иеленуі қатаң бақылауға алынып, мерзімдері өткен жағдайда, заңсыздыққа жол берген басшылықтарды тәртіптік жазаға тартуды қолға алдық. Тәртіп пен тиянақты іске табанды түрде бетбұрыс жасау нәтижесін көрсетеді деп білемін, – дейді Дәурен Ибраев.
Сонымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысты ашу, айыптыны құрықтау сияқты жұмыстар – бұл алда тұрған негізгі міндет. Ең бастысы, халықтың полицияға деген сенімін арттыру өте маңызды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бірнеше өңірде полицияның сервистік моделі пилоттық режимде жұмыс істей бастағанын айтып өтті. Әрі оны кезең-кезеңімен ауқымын кеңейтіп, жергілікті биліктің жаңа өзгерістерге дайын болуын, полицияға қолғабыс беру керектігі ашық жеткізілді. Демек, полицияның мәртебесі мен беделін өсіру жолында әлі де тың бастамалар қажеттігі айқын.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<