Телефон шырылдаған. Тұтқаны көтерді де, саңқ ете қалды.
– Майор Зейнуллаев тыңдап тұр. Арғы жақтан да айбарлы дауыс естілді. Тапсырма беріп жатқанға ұқсайды. Көзін бір нүктеге қадаған күйі тырс етпестен тыңдап тұрды бұл.
– Ұқтым, полковник мырза!
Минутқа жетпейтін уақыт телефонмен тілдесті. Тапсырма шұғыл түрде орындалуы керек сияқты. Алдындағы қағазға үңілген күйі құжаттарды іріктеуге кірісті.
Аралдың құяр сағасында дария жағалай қоныстанған көп жұрттың бірі – Құмбазар. 100-ге жетпейтін шаңырақтың тіршілігі – төрт түлік. Одан қалды, жақын маңдағы көл мен дарияға ау салып, балық-шабағын аулайды.
Ардақ осы ауылда туды. Ыстық құмға табанын қыздырып ойнаған өлкені әсте есте шығарған емес. Бастауыш класта аудан орталығына көшсе де кішкентай ауылды ұмытпады. Қазір де жиі соғатыны сол.
– Құмбазардан Арал қаласына көштік. Әскери адам болуыма жоғары сыныптағы «Алғашқы әскери даярлық» пәні әсер етті. Қазіргі Жарасқан ақын атындағы №62 мектеп-лицейінде білім алдық. Қани есімді майор шеніндегі ағай сабақ берген. Өз білгенін бар ынтасымен түсіндіріп, саптық жаттығу мен түрлі атыс құралдарын қолдануды үйрететін. Жауынгерлік даярлыққа шыңдады. Сол кезден бастап сарбаз болып, сапқа тұруды армандадым, – дейді Ардақ Зейнуллаев.
Ардақтың арманы 19 жасында орындалды. 2006 жылы күзде Қызылорда қаласындағы инженерлік-экономикалық институтта (қазіргі Ақмешіт институты) оқып жүрген ол әскерге шақырылды. Бұл кезде оқудың екінші курсын бастаған еді. Отан алдындағы міндетті борышын республикалық Ұланның Алматы қаласындағы №0111 бөліміндегі рәсімдік ротасында өтеді. Қазір атауы Мемлекеттік Күзет қызметі болып өзгерген күштік құрылымға кез келген жігітті ала бермейтін. Бойшаң әрі денелі, денсаулығы мықты Ардақтың жолы болды. Тіпті екіжылдық мерзімі аяқталған соң осы бөлімде келісім-шарт негізінде қызметке тұрып, бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары, қарауыл бастығы, взвод командирі сияқты түрлі әскери сатыдан өтті.
– Әскерде біздің ротаның міндеті Президент пен басқа шетелдік басшылар және саясаткерлердің қатысуымен өтетін шараларды атқару болатын. Ол кезде Президентке тікелей бағынатын республикалық «Ұлан» әскери құрылымы 2014 жылы Күзет қызметіне қосылды да, Мемлекеттік Күзет қызметі деп аталды. Өзге елден келген Президент не басшыларды салтанатты түрде күтіп алудың қызықтары – өз алдына бөлек әңгіме. Әсері де тамаша, – дейді ол өткенді еске алып.
2014 жылы туған жерге оралған ол Арал қаласындағы қорғаныс бөлімінде жұмысын бастады. Ал келесі жылы Қызылорда қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі басқармаға ауысып, запастағы офицерлер және кадр жұмысы жөніндегі бөлімше бастығы болды. Мұнан соң облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте де аға офицер қызметіне тағайындалды.
– Әрине, кеңседе тапжылмай құжатпен айналысқанмен, өзімізді ұдайы дамытып тұрамыз. Спорт залда шынығып, дене дайындығын бақылауда ұстаймын. Әскери заңдылықтар жағынан да өзімді үнемі жетілдіріп келемін, – дейді Ардақ.
Ол қазір «Оңтүстік» Бас әскери-көлік комендатурасы Қызылорда филиалының офицері. Қорғаныс министрінің бұйрығымен ІІІ және ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.
– Комендатурадағы негізгі міндет – Қызылорда теміржол учаскесі арқылы өтетін әскери жолаушылар мен көліктердің тасымалында қауіпсіздігін қадағалау. Сондай-ақ офицерлер демалысқа, емделуге не өзге қалаға іссапарға шығар болса, арнайы касса арқылы күні бұрын билетін алып, брондалған орынмен қамту жағын да орындаймыз. Қазір жыл сайын әскери қызметшілерге жағдай жасалып келеді. Тұрғын үймен қамту, жақсы жалақы тағайындау, болашақ әскери қызметшілерге үлкен серпін беретіні рас, – дейді майор Зейнуллаев.
Ардақ әскери борыш пен ондағы қызметке құмар жігіттерді құрметтейтінін айтып қалды. «Әр отбасыда екі ұл болса, соның бірі әскери қызметке ұмтылса ғой деймін. Сондай-ақ ата-аналарға да жиі түсіндірме жүргізіп, әскери қызметтің артықшылығын, ондағы жеңілдіктер жайлы насихаттасақ, қоғамда нағыз әскери азаматтарды көптеп көре аламыз» дейді ол.
Айтқан сөзінің жаны бар. Бүгінгі нағыз жігіттен гөрі нәзігін көп көреміз. Шыныққан шымырлардың саны артса, ұлт шаңырағының биіктей түсері анық қой.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<