Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 17 қаңтардағы №32 Прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы бұйрығына сәйкес, прокуратура органдарының қызметін және олардың елдегі конституциялық заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларының тиімділігін бағалаудың басты өлшемдерінің бірі – меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары тарапынан орын алатын заңсыз іс-әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген залалды өндіру болып табылады.
Осы тұжырымнан туындайтыны – прокуратура органдарының негізгі міндеттерінің бірі мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу болып табылады. Сонымен қатар, заңға қайшы әрекеттер салдарынан келген залалды қалпына келтіру мақсатында прокурорлық қадағалаудың уақтылы әрі тиімді шараларын қабылдау да маңызды бағыттардың бірі болып саналады.
Әскери органдардың қызметін прокурорлық қадағалау тәжірибесі көрсеткендей, мемлекетке залал әскери құрылымдарда да орын алуда. Көп жағдайда бұл шығындар әскери бөлімдер мен мекемелердің материалдық жауапты тұлғаларының өз қызметтеріне немқұрайлығы немесе салғырттығы салдарынан туындайды.
Осыған байланысты тексеру жүргізу барысында әскери қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаумен қатар, мемлекетке материалдық залал келтіруге ықпал ететін жағдайларды анықтауға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, әскери мүліктің сақталуы мен тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қорғаныс қажеттіліктеріне бөлінген бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын болдырмау негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.
Бас Прокурор мен Бас әскери прокурор қойған міндеттерді басшылыққа ала отырып, әскери прокуратура органдары мемлекетке келтірілген залалды өтеу бағытында ауқымды жұмыс атқаруда.
Осы ретте Қызылорда гарнизонының әскери прокуратурасы қабылдаған шаралардың нәтижесінде бірқатар оң көрсеткіштерге қол жеткізді. 2025 жылдың өткен кезеңінде Қызылорда гарнизонының әскери прокуратурасы бірқатар нәтижелі тексерулер мен талдаулар жүргізді, олардың қорытындысы бойынша мемлекет кірісіне 25 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді, 400-ден астам адамның құқықтары қорғалды, 60-тан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды.
Мемлекетке келтірілген залалды өтеу мәселесінің өзектілігін ескере отырып, гарнизон әскери прокуратурасы бұл бағыттағы жұмысын жалғастыруда.
А.Қасенов,
Қызылорда гарнизонының
әскери прокуроры, әділет полковнигі





