Облыс прокуратурасының тарихы

777

0

Облыстық прокуратура тарихына үңілсек, 1938 жылы облыс құрылғанға дейін уездік-қалалық, учаскелік прокуратура ғана жұмыс істеп келген. Қызылорда уезі округке айналғанда екі прокурор ғана, бірі – Қызылордада, екіншісі – Қазалыда болған.

Облыстың бірінші прокурорлығына Дмитрий Тимофеевич Ворожеев тағайындалды. Жергілікті жерде санаулы ғана тергеушілер болған. Уездік-қалалық прокуратурада прокурордан басқа үш техникалық қызметші жұмыс істеп, елдегі заңдылықты қалың көпшілікке түсіндіру, анықтама, тергеу, қылмысты іздестіру, саяси басқарма секілді жергілікті органдарға қадағалау жасап отыру жұмыстары жалғыз прокурорға жүктеліп, оны атқару оңайға соқпаған.

Осы уақыт аралығында облыс прокуроры қызметінде Ж.Құттымұратов, Ү.Тапалов, Б.Қосаев, Х.Үйсінбаев, М.Әбділқадыров, Т.Ыбыраев, Г.Лұқпанов, М.Туткин, И.Сейтов, О.Боранбаев, С.Үмбеталиев, М.Қалиев, С.Ерімбетов, Б.Асқаров, Қ.Төлегенов, З.Лақпаев, Ә.Кәрім, Б.Есенбеков, С.Нұрпейісов, Х.Дауешов жұмыс атқарып, облыс аумағында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға өз үлестерін қосты.

Қазір облыс прокуроры – (2019 жылдың сәуір айынан бастап) аға әділет кеңесшісі Нұрлан Дәуренұлы Бижанов. Облыстық прокуратура облыстық аппараттан, 2 қала, 1 табиғат қорғау және 7 аудандық прокуратурадан құралған. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау, жедел-іздестіру, тергеу ісінің, сот қаулылары мен атқарушылық өндірістің заңдылығын қадағалау, тағы басқа өзіне жүктелген салалар бойынша қызметтерін абыроймен атқарып келеді.

Қазақ КСР тұңғыш дербес прокуроры болған Сүлеймен Есқараев Қызылорда облысының тумасы, біздің жерлесіміз екенін ерекше айтып өтуге болады.

Ол 1897 жылдың тамыз айында шаруа отбасында дүниеге келген. 1910-1919 жылдары Қызылорда станциясындағы кірпіш зауытында қалып құюшы, теміржол депосында балғашы болған.

1918 жылы партия қатарына өткен. 1936 жылы республиканың дербес прокуроры болды. 1936 жылдың 17 сәуірінде РСФСР Юстиция Халық комиссариатының кеңесінде Қазақстандағы Юстиция және прокуратура жағдайын жан-жақты түсіндіріп, мәлімдеме жасайды. Көтерілген мәселелер бойынша кеңес 19 баптан тұратын арнайы қаулы қабылданған.

С.Есқараев аз уақыттың ішінде аса маңызды мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуға қол жеткізді. 1937 жылдың бюджетіне Юстиция Комиссариаты ғимаратының құрылысын жүргізу енгізілді. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында ұлттық құқықтық мектептер ашылатын болды. Қазандағы заң институтында 50 орын (ұлттық кадрлар үшін) бөлінді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<