Әрбір баланың отбасында тәрбиеленуіне құқығы бар. Баланың өз ата-анасының отбасында және өзге де туысқандарымен тұруына, олармен қарым-қатынас жасауға қақысы бар. Неке бұзылған кезде баланың көбінесе анасымен қалуы көпжылдық тәжірибе нәтижесінде қалыптасқан үрдіс. Осының негізінде бүгінгі күні кәмелеттік жасқа толмаған балалардың басым бөлігі анасымен қалдырылады.
Баланы анасымен қалдыра отырып, әкесімен кездесуге де ешқандай шектеу қоймау керек.
Сонда бала әкенің де, ананың да жылуынан шет қалмайды. Әкесімен кездесуді барынша шектемеу қажет. Өйткені қазір мектептерде де көбінесе әйелдер сабақ береді. Тек қана анасының тәрбиесін көріп, мектепте де әйел ұстаздардан білім алған балалардың тәрбиесі біржақты болып қалады.
Әрине, бала үшін ана мен әкенің қатар отырғанына не жетсін! Алайда ерлі-зайыптылар әртүрлі жағдайлармен ажырасып жатқаны өкінішті. Ал мұның нәтижесінде бала күйзеліске ұшырайды. Оның үстіне көп жағдайда анасы баланы әкесіне қарсы тәрбиелеп, көрсетпейді. Мұндай жағдайда бала әкесінен мүлдем алыстап кетеді.
Осыған орай, балалардың әкелері баламен кездесу уақытын белгілеуді сұрап сотқа талап арызбен жүгінеді.
Мәселен, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында талап қоюшы М. жауапкер А. ортақ қыздарымен кездесуге уақыт белгілеуді сұрап, талап арызбен жүгінген.
Талапкер талап арызында жауапкермен ажырасқаның, некеден кәмелетке толмаған екі қызы бар екенің, қыздары соттың шешімімен анасымен қалдырылғаның, қыздарымен араласқысы келетінін, алайда жауапкер қыздарын қарсы қойып, кездестірмей, кедергі келтіріп отырғанын көрсеткен. Талапкер мен жауапкер өзара келісімге келе алмаған.
Істі қарау барысында судья онлайн форматта ватсап желісі арқылы сөйлесулермен тараптарды бітімге шақырып, бала тағдыры жөнінде көптеген мағлұмат беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде тараптар өзара келісім жасасып, медиациялық келісімді бекітуді сұрады.
Сот ұйғарымымен азаматтық іс тоқтатылды.
Сот ұйғарымы нәтижесінде жауапкер А. (анасы) қыздары талапкермен К-мен (әкесімен) кездесу уақытын белгілеуге келісті. Өз кезегінде талапкер К. белгіленген уақытта балаларды тұрғылықты жерінен алып кетіп, уақытылы алып келуді міндетіне алды және талап қою арызынан бас тартты.
Талап қоюшыға төлеген мемлекеттік баж қайтарылды.
А.Кайбалдиева,
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<