«Қасіретті қаңтар» хронологиясы және қазіргі ахуал

556

0

ҚР Бас прокуратурасы жаппай тәртіпсіздіктердің толық хронологиясын ұсынды. Сұйытылған газ бағасының күрт өсуіне байланысты наразылық Маңғыстау облысында 2022 жылдың алғашқы күнінде басталған.

Бірінші қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында сағат 17.20-да қала әкімдігінің жанында қала тұрғындары жиналды. Сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен ел басшылығының атына бейнеөтініш жазған соң сол күні сағат 18:00-де адамдар тарады. Құқық қорғау органдары қару қолданған жоқ.

Екінші қаңтарда Маңғыстау облысында сағат 11.00-ден бастап әкімдіктерге автопарктерге, мешітке жақын жерде сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен облыс тұрғындарының санкция­сыз жиындары байқалды. Күн ішінде наразылық білдірушілер шамамен бірнеше жүз адамды құрады. Жаңаөзен қаласында акцияларға қатысушылар ішкі автожолдарды жапты. Құқық қорғау органдары қару қолданған жоқ.

Үшінші қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында еліміздің басқа 7 өңірінде бейбіт митингілер басталған. Төртінші қаңтарда митингілер жалғасып, адамдардың санкциясыз жаппай жиналыстары байқалған өңірлер саны 11-ге, қатысушылар саны 38 мыңға дейін күрт өсті. Алматы және Шымкент қалаларында қарулы шабуылдар, өртеу, соның ішінде қыз­меттік автокөліктерді өртеу басталды. Алматы қаласында «Алматы Арена» спорт кешенінің жанында жиналған 5 мыңға жуық адам қала әкімдігінің ғимаратына барып, полиция қызметкерлерімен қақтығысқа түсті. Салдарынан 6 полиция автокөлігі өртеніп, Ұлттық ұланның 5 әскери қызметшісі және 15 полиция қызметкері жарақат алды.

Шымкент қаласында 21 автокөлік зақымдалды. Осы күннен бастап қызметкерлер мен әкімшілік ғимараттарға шабуылдарды қайтару мақсатында құқық қорғау органдары адам өміріне қауіп келтірмейтін арнайы құралдарды пайдалана бастады. Бесінші қаңтарда ойран салу мен ғимараттарды басып алу 11 аймақта жалғасты. Оларға қатысушылар саны 50 мыңға жетті.

Төртінші қаңтардан бесінші қаңтарға қараған түні террористер Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты мен Алматы халықаралық әуежайын басып алды. Сондай-ақ, бандиттер өрт сөндіру бөлімін, Алматы қалалық полиция департаментін, Әуезов және Жетісу аудандық полиция басқармаларын басып алуға әрекет жасады, 7 қару-жарақ дүкеніне басып кірді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2 «Камаз» автокөлігіне полиция департаментінің 2 қызметтік автокөлігіне, қала әкімдігінің, «Nur Otan» партиясының ғимараттарына, 4 сауда орталығына, банк бөлімшелеріне өрт қо­йылды. Алматыдағы қарулы шабуылдарға қатысушылар саны 20 мыңнан асты.

Қызылорда қаласында шабуылшылар 9 автокөлікті өртеп, 1 жауынгерді көлікпен қағып өлтірген. Талдықорған қаласында шабуылшылар әкімдік, полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимараттарын басып алды. Қалада қарулы топтар жүрді. Сондай-ақ, күш қолдану арқылы Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында облыстық әкімдіктерінің ғимараттары басып алынды. Азаматтардың қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерге байланысты Президент Жарлығымен елдің әр аймағында төтенше жағдай енгізіліп, коменданттық сағат белгіленді. Террористердің әрекеттерін үйлестіруді жоққа шығару және олардың байланыс құралдарын пайдалануына жол бермеу мақсатында интернет шектелді.

Алтыншы қаңтарда  Қауіпсіздік  кеңе­сінің шешімімен елімізде антитеррорис­тік операцияны өткізу жарияланды. Оның негізгі мақсаты – ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді жою және азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау болды. Тек осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады. Алматыда «Көктөбе» телемұнарасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің академия­сын террористердің басып алуына жол берілмеді. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен бітімгерлік операция жүргізу үшін Қазақстанға ҰҚШҰ күштерінің контингенті жіберілді.

7 қаңтарда бейбіт наразылық шаралары Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасқан. Ал, 8 қаңтарда жағдай біртіндеп тұрақтанып, азаматтардың рұқсатсыз жиналуы тоқтатылған.

Елдегі тәртіпсіздіктер кезінде адам шығыны болған оқиғаларды тергеп-тексеруге ерекше назар аударылуда. ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев қаза болғандардың нақты санын мәлімдеген болатын.

Бүгінгі таңда 4578 жәбірленуші анықталды. Оның 4353-і жараланды, 3393-і құқық қорғау органдарының қыз­меткері. Төтенше жағдай кезінде мәйітханаларға қаза тапқан 225 адам жеткізілген.

– Олардың бір бөлігі – террактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қыз­меткерлеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция және әскери қызметкер де бар. Аталған деректер – алдын ала сипаттағы болжамдар. Олар әлі нақтыланып жатыр, өзгеруі де мүмкін. Дегенмен, әрбір факт мұқият тексеріледі, нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі, – деді Серік Шалабаев.

Ал, Алматы қаласының комендатурасы терроризмге қарсы операция басталғаннан бері заңсыз шерулер, тонау және басқа да қылмыстарға қатысқан 2 601 адам ұсталғанын хабарлаған. Барлығы 127 атыс қаруы мен 4 077 оқ-дәрі тәркіленді.

Айта кетейік, қазір аймақта ахуал тұрақты. Төтенше жағдай режимі жалғасуда. 28 блок-бекет жұмыс жасап, тәулік бойы 12 нарядтан құрылған 24 автокөлік қала көшелерін патрульдеуде.

Коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмыс жасауда. Қала орталығында 255 қоғамдық көлік қатынау­да. 382 банкомат жұмыс жасап тұр. Тұрақтандыру қорында 1404 тонна азық-түлік өнімі сақтаулы.

7 қаңтардан бастап 1414 Call орталығына аймақтан 78 107 қоңырау түскен. Басым бөлігі – халыққа қызмет ету, әуе және теміржол билеттерін алу және азық-түлік, еріктілердің көмек беруі мәселесіне қатыс­ты.

5 қаңтардан бүгінге дейін 718 азамат полиция органдарына жеткізілді. 53 қылмыстық іс қозғалып, 96 адам қамалды. Сондай-ақ, 210 азамат медициналық көмекке жүгінсе, солардың 33-і ауруханада, 5-і жансақтау бөлімінде жатыр.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<