Құқық құрығы

533

0

Тіркелмеген 10 қару

Республика аумағында тұрғындардан заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өтуде.

Акцияда қала тұрғындары өз еркімен тегіс ұңғылы, тіркелмеген 10 аңшы қаруын полиция басқармасына өткізді. Қазіргі уақытта аңшы мылтықтарына баллистикалық сараптама тағайындалып, оның нәтижелері бойынша ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылдануда.

Мұнай компаниясында жұмыс бар ма?

Бірнеше облыстың 16 тұрғыны  алаяқтың құрбаны болғаны туралы Байқоңыр қаласындағы ҚР ІІМ өкілдігіне арызданған. Наурыз-сәуір айларында екі азаматша WhatsApp месенджері арқылы топ құрып, ақшалай сыйақымен «Атырау қаласындағы мұнай Тенгиз компаниясына жұмысқа тұрғызып береміз» деп сенімге кіру жолымен әрқайсысынан 150-200 мың теңге көлеміндегі қаржыны kaspi gold есеп шоттарына аудартып алған. Алайда, олар осы күнге дейін уәдесін орындамаған, ақшаларын да қайтармаған.

Жедел іздестіру шаралары барысында екі азаматша анықталып ұсталды. Олардың екеуі де облыс тумасы болып шықты. Нақты кезеңде Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.  

Жол ережесін бұзған

Облыс көлемінде 10-30 мамыр аралығында «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Екі күнде жол қозғалысы ережесін бұзған 38 дерек тіркелген. Оның ішінде тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысудың 4,  жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзудың 33 дерегі анықталды.

Ауласына 5 түп сора еккен

Облыстық полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық  тас жолының Тасбөгет кенті тұсында қызмет атқару барысында Арал ауданының 57 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Lada-Kalina» автокөлігін жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан.

Тексеру барысында жолаушыдан газет қиындысына оралған шөп ұнтақтары тәркіленіп, сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат кептірілген марихуана екені белгілі болды.

Сонымен қатар күдіктінің үйінің ауласында 5 түп сораны егіп баптағаны анықталды. Қазір Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігімен  және 300-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<