Сан соқтырған «сатушы»
Ер адам бөгде кісінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көлік сату туралы жарнаманы «Колеса.kz» сайтында жариялаған. Сатып алушыларды төмен бағамен қызықтырып, алдын ала төлемнің бір бөлігін шотқа аударуға көндірген.
Ақшаны алғаннан кейін жәбірленушінің телефон номерін қара тізімге енгізіп, сенгіш адамдарды алдауын жалғастырған. Қазір қалалық полиция басқармасы күдіктіні ұстап, ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Алаяқтың ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Түнде жортқан балалар
Қала аумағында өткен «Бала және отбасы» жедел-профилактикалық ic-шарасы барысында кәмелетке толмағандар тәрбиесіне қатысты 102 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
86 жасөспірім түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз ойын-сауық мекемесінен ұсталған. Олардың ата-аналары ӘҚБтК-нің 442-бабымен, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемесінде болуына жол берген 6 мекеме иесі ӘҚБтК-нің 132-бабымен жауапқа тартылды. Балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамайтын 3 ата-анаға ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша шара көрілген.
Заңсыз қару ұстап жүрген
Қызылордада өткен жылы заңсыз айналымнан
198 қару тәркіленген. «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 9000-нан астам қару иелерiнің аңшы қаруын сақтау заңдылығы тексерiлді.
Азаматтық, қызметтiк қаруды, оған арналған патрондарды сақтау, пайдалану және тасымалдау ережелерiн бұзу дерегімен 699 құқық бұзушылық анықталып, олар ӘҚБтК-нің 482-бабымен жауапқа тартылды.
− Өткен жылы республика көлемінде заңсыз сақтаудағы қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттарды қабылдау акциясы өткізіліп, оның барысында азаматтардан 91 өтініш түсіп, 131 дана қару қабылданды, − деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан.
Қолды болған жылқы
Шиелі аудандық полиция бөліміне 53 жастағы ауыл тұрғыны мал қорасынан 1 бас жылқысы ұрланғаны туралы шағым түсірді.
Жәбірленушіге 500 мың теңге көлемінде залал келтірілген. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері ауданның екі тұрғынын анықтап, ұстады. Айғақ зат алынды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1 бабы 3-бөлігімен («Мал ұрлығы») сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Қалалық полиция басқармасының қызметкерлері 1-10 наурыз аралығында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Техникалық бақылаудан өтпеген
Қалада жолаушылар тасымалдауды жүзеге асырушылар тарапынан 470 ереже бұзу дерегі анықталған. Бұл туралы ІІМ-нің нұсқауына сәйкес жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өткен «Автобус» профилактикалық іс-шарасы кезінде белгілі болды.
Жолаушылар тасымалдау қағидаларының талаптарын бұзғаны үшін 62, көлік құралын тиісті рұқсатсыз жабдықтаған 42, міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлік айдаған 89, көлік айдаған кезде ұялы телефон пайдаланған 83 азамат анықталған. Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бахыт Молдабеков айып тұрағына 52 автокөлік қойылып, 53 көліктің мемлекеттік белгісі шешілгенін хабарлады. Сонымен қатар көлік бақылау инспекциясы қызметкерлерімен бірлесіп жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 16 дерегі анықталған.
Дайындаған
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<