Қызметінде қырағылық танытқан

960

0

Құқық қорғау саласы мамандарының жүгі ауыр жұмысы қоғам қауіпсіздігінің кепілі екені анық. Кейде бұл ұғымның маңызын түсінгенімізбен олардың нендей кедергіден өтетінін, қандай қауіпке қарсы тұратынын аңдай бермейтініміз бар. «Аталған мамандықтың мәні не, маңызы қандай?» деген сауал да туындайтыны орынды. Бүгінгі кейіпкеріміз құқық қорғау саласының ардагері Орынбасар Мақсұтұлының өмір жолы бұл сауалға жауап болары сөзсіз.

Оның есімі сырбойылықтарға жақын таныс. Ол ұзақ жыл аймақ тыныштығын сақтауға атсалысты, қазір зейнетте. Ізінен ерген буынға ақыл-кеңесін айтудан жалықпай, саланың салғырт тұсын көрсетуде де еңбегі ерек. Қызылорданың тумасы болғасын қаладағы қайырымдылық шара мен жастарға жәрдемдесу ісінен қалыс қалған емес.

Кейіпкеріміздің мұндай өмір үрдісіне ілесуінің басты себебі – бала арманы. Олай дейтінміз, ол жас күнінен елге қызмет етуді мақсат тұтып, халықты қорғайтын сақшы болуды армандайды. Арман жолында 1984-1986 жылдары Германияда әскери борышын өтеп, қаладағы комсомол ұйымына жұмысқа тұрған. Ол таңдауының сырын былайша жеткізді.

– 1989 жылы КСРО басшысы М.Горбачевтің жұмысшы жасақтар құру туралы пәрмені тарады. Соған сәйкес, милиция бөлімдеріне комсомол жастардан ерікті-көмекшілер тарту жұмысы жүрген болатын. Мен де ерікті қатарына қосылып, құқық қорғау саласына қадам бастым. Жүйелі жұмыс, тынымсыз еңбектің нәтижесінде 1990 жылы қалалық ішкі істер бөлімінің патрульдік қызмет ротасына қатардағы милиционер болып тұрақты жұмысқа қабылданғаным есімде, – дейді ол.

Алғаш қызметке кіріскеннен-ақ қиындық аз болмаған. Қиын-қыстау кезеңге дөп келгендіктен материалдық-техникалық базаның жетіспеуі ішкі істер бөліміне де тән жағдай-тын. Қылмыс болып жатқан аймаққа тексеру жүргізуге шұғыл түрде барудың өзі мұң. Қызметтік көлік тапшылығынан бекітілген аймақты жаяу аралап, құқықбұзушылықтың алдын алуға тырысатын кез. Алайда сақшылар сақтық танытып, күні-түні қырағы болуға ұмтылды. Жетістік пен нәтиженің алда екенінен үміт үзбеді.

Қызметтік өрлеу көп күттірмеді. 1994 жылы взвод командирі міндеті жүктеліп, сол кездегі облыстық ішкі істер басқармасына ауысқан. Сенім үдесінен шығып, әкімшілік қамау орнының, медициналық айықтырғыш арнайы мекемесінің басшысы болды.

Орынбасар Мақсұтұлы 1993-1995 жылы Шымкент қаласындағы арнайы милиция мектебін бітірген соң өз саласының үздігі ретінде көрінді. Сол тұста, нақтырақ айтқанда, 1998 жылы ішкі істер бөлімдеріндегі ең қиын саланың бірі – әкімшілік қамау орнының бастығы қызметіне келді. Мұнда бір жарым жылдан соң медициналық айықтырғыш арнайы мекемесінің басшысы қызметін қоса атқарғаны бар. Ал  2000 жылдары басшылардың таңдауымен облыстық патрулдік полиция басқармасының басшысы деген лауазымға ие болды. Кейін облыста жаңа құрылым – қоғамдық қауіпсіздік басқармасы пайда болғанда, басшының орынбасары міндеті жүктеліп, арнайы мемлекеттік күзет қызметі бөлімінің тізгінін ұстады.

Кейіпкеріміздің өмір жолындағы маңызды кезең Қармақшы ауданымен байланысты. Ол 2002 жылдан 2006 жылға дейін Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімі басшысының қызмет істері жөніндегі орынбасары лауазымына  тағайындалады. Ауданда жүріп, саланың жүгін көтерді. Абыройлы қызметінің дәлелі болар, сол кезде аудандағы сала басшысы Бақыт Муятовпен бірлесе елді мекендегі учаскелік полицейлердің барлығын қызметтік тұрғын үймен қамтуға қол жеткізгені ел есінде.

Жұмыс барысындағы нәтиже де мақтауға тұрарлық. Әсіресе, Қармақшы ауданындағы қызметінде халықаралық маңызы бар қылмыстық істің ашылуына ықпал еткенін айта кеткен жөн. Мәнісі мынада. Орынбасар Мақсұтұлы кей басшыдай кабинет аумағында іс бітірген жан емес. Жұмыстың басында, жүйенің ішінде жүргенге жаны әуес. Сол әдетке сай аудандағы кезекті пунктті аралау барысында автожолға келеді. Қырағы полицей жол бойында тексерістен өтіп, кетуге оқталған жүк көлігіне көзі түседі. Сұрастырса, көлік толы азық. Түйсігі сезді ме, қызметкерлерге көлікті қайта тексеруге пәрмен береді. Жіті тексерістен жүк арасына жеңіл көлік жасырылғаны анықталады. Осылайша, түн торыған қылмыстық топты құрықтап, марапат биігінен көрінгені бар.

Орынбасар Мақсұтұлының кәсіби шеберлігі бір бөлек, көзсіз ерлігі бір басқа. Олай дейтініміз, ол қызмет барысында ел амандығы үшін отқа да, суға да түсуге даяр екенін сан мәрте дәлелдеген. Мысалы, Байқоңырдан ұшқан зымыран жерге құлап, даланы гептил жайлаған қысылтаяң шақта ондаған күн оқиға орнынан тапжылмай қызмет атқарды. Сала министрінің тікелей тапсырмасын орындап, залалсыздандыру жұмысына жансала көмек көрсетті. Мамандықтың мәні адам өмірі үшін күресу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін ісімен ұқтырды.

– Кәсіби толысу жолында алдыңғы буын ағалардың ақылы мен үзеңгілес жолдастардың жәрдемінсіз жетістікке жету мүмкін емес. Менің де алға қойған мақсатымның орындалуына сол кездегі басшылар көмегін тигізді. Серікбол Тұңғышбаев, Ғазымбек Алпысбаев, Қасым Байкенжеев, Алдан Жәлімбетов секілді сала саңлақтарының қолдауы мен білгенін үйретуі мол өмірлік сабақ болып қалыптасты, – деді Орынбасар Әділ.

Абыройлы қызмет қашанда құрметке лайық. Кейіпкеріміз саладағы өнегесінің арқасында мерей төрінен көрінді. Оның ішінде ҚР ІІМ мерекелік медальдары, ІІМ-дегі «Үздік қызметі үшін» төсбелгісі мен ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін алған І, ІІ, ІІІ дәрежелі медалімен марапатталды. Сырбойылықтардың тыныштығын сақтап, қауіпсіздігін қорғаған маман майор шенін иеленген. 2010 жылға дейін медициналық айықтырғыш арнайы мекемесінің басшысы болып, сол мекемеден зейнетке шықты.

Орынбасар Мақсұтұлы – білікті маман ғана емес, отбасының өнеге алар тұлғасы. Бүгінде үш перзенті әке жолын жалғап, құқық қорғау саласында еңбек етуде. Үлкен ұлы Ғалымжан Орынбасарұлы заңгер қызметін атқарса, кіші ұлы Шыңғыс Орынбасарұлы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мемлекеттік мекемеде еңбек етуде. Ал қызы Айгүл Әділова – облыстық полиция департаменті тергеу басқармасында аға тергеуші, полиция капитаны. Осылайша берекесі жарасқан отбасыдан антына берік болған полицей, халқына қорған азамат ержетті десек болатындай.

Биыл кейіпкеріміз мерейлі алпыс жаста. Өмірлік ұстанымы арқылы талай жасқа үлгі болған ол құқық қорғау саласының дамуына аянбай еңбек етті. Болашақта да білгенін бөлісіп, өскелең буынның тәжірибе шыңдауына септесуге пейілді.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<