Біздің қазіргі өмір сүріп отырған кезеңіміздің өзіне тән ерекшелігі жетіп-артылады. Мәселен, дәл осы кезде қоғамдағы демократиялық принциптердің дамуы өте күшті. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – сөз бостандығы. Алайда, бұл принцип оны теріс бұрмалайтындардан қорғауды қажет етеді. Президент жыл сайынғы Жолдауларында адам құқығын қорғау саласын әрдайым жеке-дара бөліп қарайды.
Соңғы уақытта БАҚ-та, интернет-сайттарда түрлі материалдар пайда болуда. Бұл фактілер ҚР Конституциясымен қорғалатын адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қолсұғылмаушылық, діни сенім бостандығы қағидаттарын қозғайды. Бұған жол бермеу үшін мұндай мәтіндерді Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының сарапшылары талдайды. Сараптаманың зерттеу тақырыбына айналатындар – үнпарақтар, кітаптар, брошюралар, БАҚ-тағы, интернеттегі жарияланымдар, аудио, бейнеақпарат, сөйлесулердің жедел жазбалары, ішінара болса да азаматтардың бір-біріне деген жала жабуы мен намысқа тиетін сөздері, т.б. Осы ретте сарапшылар мәтіндердің жалпы бағытын, олардың мазмұнын түсінудің қолжетімділігін зерттейді. Жасырын мағынаның болуын немесе болмауын анықтайды. Сондай-ақ, мәтіннің жанрлық, стилистикалық, композициялық ерекшеліктері, лексика-фразеологиялық әдістер, қолданылатын сөйлеу дағдылары мен тілдік формалар, сөздер мен сөйлеу бұрылыстарының семантикалық мағынасы зерттеледі. Олардағы ақпаратқа сәйкес материалдардың белгілі бір діни бағытқа, ағымға жататыны айқындалады. Мәтінде жеке немесе заңды тұлғаның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты қорлайтын сипаттағы сөздердің, сөздер мен сөз тіркестерінің болуы немесе болмауы да қарастырылады. Кейінгі уақытта зерттеу объектілеріне тек баспа өнімдері мен БАҚ материалдары ғана емес, сөйлесулердің жедел жазбаларыда (телефон, тікелей) жатады. Сөйлегенде қауіп белгілерінің болуы немесе болмауы, иерархиялық рөлдерді анықтау, коммуникативті бағыт, діни себептер бойынша белгілі бір зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға шақыру, сұхбаттасушылардың қандай да бір зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға ниетін анықтау, жасырын және жанама мағынасы, сондай-ақ діни терминдерді қолдану тұрғысынан түсіндіру туралы сұрақтар қойылады.
Жүргізілген зерттеулер құқық қорғау органдарына көптеген нақты қылмыстық істер бойынша шындықты анықтауға көмектеседі. Мәселен, түрлі сайттардағы ақпарат, хабарлардан байқағанымыздай, ҚР ҰҚКД тергеу басқармасы кейбір облыстардағы вахаббистік мағынадағы діни топ бойынша бірқатар сараптамалар тағайындаған. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, зерттеуге ұсынылған әңгімелерде түрлі діндегі адамдарға қатысты әр мағынадағы әңгімелер болғанын байқаймыз. Сондықтан психология, филология және дінтану саласындағы арнайы ғылыми білімді қолдану уақыттың өзінен туындайды және адам мен мемлекеттің қауіпсіздігі үшін қажет.
Әйгерім ЖҰМАТАЕВА,
облыстық сот сараптамалары институтының бас сарапшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<