Әр адам, әр ұжым, әр мекеме өз міндеті мен өз салалары бойынша алға қойылған тапсырмаларды талапқа сай уақтылы орындап отырса, жақсарудың, дамудың жолы сол болмақ. Солардың бірі де бірегейі болып сот корпусы ерекшеленіп отыр. Мәселен, 2016 жылы сот жүйесі дамуында жаңа кезең басталды. Ұлт жоспарын практикалық орындаудың алғашқы нәтижелері республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысының қатысуымен талқыланды. Елбасы атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын берді.
Сот төрелігін жүргізуде ел абыройын асқақтатып, азаматтардың заңды құқын қорғау, мемлекет мүддесін сақтап, әділдікті үнемі тұрақты түрде ту етіп көтеріп жүру оңай емес. Алайда, ел судьяларына жүктелген басты міндет осы болғандықтан олар оны абыройлы орындап отыр. Еліміз 1991 жылдан бергі аралықта түрмеде отырғандардың әлемдік индексі бойынша өз көрсеткіштерін 3-орыннан 46-орынға дейін жақсартты. Сот төрелігі барысында заңды үкім, әділ шешім ең басты көрсеткіш. Сондықтан кәсіби біліктілігі жоғары судьялар корпусын қалыптастыру сот жүйесінің тиімділігін арттыратын ең басты алғышарт болып табылады. Бұл мәселе қашанда бірінші кезектегі маңызға ие дейміз. Осыған орай, реформа барысында судьялыққа кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары мен іріктеу тәсілдері қатаңдатылғаны бәрімізге белгілі. Біліктілік емтихан тапсыру рәсімдері күшейтілді, соның ішінде, психологиялық тестілеудің рөлі артты, полиграфта зерттеу жүйесі енгізілді. Судьялар корпусының басым бөлігі өздерінің кәсіби біліктілігін растай білген. Ал судьялық кадрларды даярлау мен олардың кәсіби деңгейін арттыру міндеті Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясына жүктелген. Академияны құру оқу процесі мен сот практикасын барынша үйлестіруге мүмкіндік береді.
Соттар жұмысында мұндай жоғары жетістіктерге жетудің өзіндік тың жолдары, оң бағыттары қарастырылғаны анық. Жоғарғы Сот тарапынан соттар жұмысына жағдай жасау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Міне, соның бірі – үш сатылы сот жүйесі. Үш сатылы жүйе сот сатыларын оңтайландырып, сот әділдігіне қол жеткізуді айтарлықтай жеңілдетті және түпкілікті сот шешімдерін қабылдау уақытын қысқартты. Оның нәтижесінде апелляциялық сатының рөлі барынша күшейді. Мемлекет басшысы судьялар съезінде азаматтардың соттар мен құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыруға айрықша назар аударған болатын. Бұл орайда судьялардың өздері де соттардың оң имиджін қалыптастыру – әрбір судья мен сот қызметкерінің міндеті екендігін жасырмайды. Сондықтан да судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінен тең құқылықты сақтау, азаматтарға құрметпен қарау, менмендіктен арылу, азаматтардың құқықтарын қорғауға жәрдемдесуге ұмтылу талап етіледі. Өйткені, сарапшылар сөзіне қарағанда, дәл осы шаралар қоғамда соттарға деген сенім деңгейін қалыптастырады. Міне, біле білсек, судьялық әдептің жаңа кодексінде осы міндеттер айқындалған. Ендеше барлық судьялар Судьялық әдеп кодексінің талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс. «Мемлекет басшысы біздерге нақты міндеттер жүктеді. Қазіргі таңда Жоғарғы Сот бірыңғай сот практикасын қалыптастыру мен сот жүктемесін азайтуға бағытталған жобаларды іске асыруда. Бұл бағытта сот әкімшілігін реформалау жұмысын да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Соттардың имиджі мен тәуелсіздігін, сондай-ақ судьялардың әлеуметтік мәртебесін арттыру бойынша Жоғарғы Сот барлық шараларды қабылдауда. Жоғарғы Сот Төрағасынан бастап, республикадағы әр судья үшін азаматтардың сенімі маңызды болып табылады. Адамдардың құқына мұндай маңыз берілген жерде қашанда сот әділдігі салтанат құратындығы анық. Ал мұның бәрі ел абыройын асырудағы Елбасы сілтеген жолмен жүрудің жемісі дейміз.
Ж.Әбдраманова,
Қызылорда облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының психолог-инспекторы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<