Сын айтылған жерде нәтиже бар

707

0

Қылмыс пен құқықбұзушылықты азайту, олардың алдын алу – бүгінгі күні қоғам алдында тұрған міндеттердің бірі. Бұл мақсатта өңірдің тәртіп сақшылары атқарған жұмыстар нәтижелі.

Қалың көпшілікпен тығыз байланыста жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің жұмысына сын көп айтылғанымен, олардың кірпік қақпай күні-түні атқаратын қызметтерінің нәтижелі көрсеткіштерін де атап өткен дұрыс болар. Біз үшін негізгі міндет – қылмыстың алдын алу, оның себептері мен жағдайларын анықтау және осыған сай шараларды жүзеге асыру. Бұл мақсаттағы жұмыстар қазір нақты нәтижелерін бере бастады. Оған дәлел – өңірімізде қылмыс айтарлықтай азайды.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысы – қауіпсіз өңірлердің бірі. Қылмыстық ахуал тұрақты. Нәтижелі және қарқынды жұмыстың арқасында қылмыстар 4%, аса ауыр қылмыстар 19%, онша ауыр емес және ауырлығы орташа 16%, ұрлық 16%, мал ұрлығы 49 % төмендеді.

Қоғамдық орындарда, көшелерде, мас күйінде жасалған қылмыстар саны азайды. Ауыр және аса ауыр, пәтер, мал ұрлығының ашылу көрсеткіші жақсарды.

Бүгінгі таңда есірткімен күрес – маңызды бағыттардың бірі. Қазақстан Республикасы ІІМ кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі есірткі тасымалының жолын кесу бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл бағытта департамент қызметкерлері пәрменді жұмыстар атқаруда.

Жыл басынан 241 есірткі қылмысы тіркеліп, заңсыз айналымнан 2 тонна 304 келі есірткі заты тәркіленді. Қызметкерлеріміз 2 «фито-зертхана» анықтады. Әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізу барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 70 сайт енгізіліп, 42 сайты бұғатталса, 28-і тексерілуде.

1 маусым-31 қазан аралығында республикалық «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында 163 құқық бұзушылық анықталды, оның 10-ы сату, 16-сы аса ірі мөлшерде сақтау, 1-і жарнамалау, 62-сі өсіру дерегі. Есірткі өсірумен айналысқан 61 адам құрықталса, 24-і қамаққа алынды. 17 мың 828 түп қарасора өсімдігі жойылды.

Есірткіні аса ірі мөлшерде тасымалдаудың 3 дерегі анықталып, 63 келі марихуана тәркіленді.

Жол қауіпсіздігін бақылау мен көше-жол желісіне тексеру жүргізу, жол-пайдалану қызметін жақсарту мен жол инфрақұрылымына жауапты мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жандандыру, бейнебақылау жүйесін кеңейту, жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу жүйесін белсенді қолдану мәселелері қатаң қадағалануда. Есептік мерзімде жүргізушілердің жолда жүру ережесін сақтамауы нәтижесінде жол-көлік оқиғасы, одан жарақат алғандар саны өскен.

Жолда жүру ережесін бұзудың 171 мыңнан аса дерегі анықталса, оның 95 мыңнан астамы – жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар.

Дәлірек айтсақ, масаң күйде көлік басқарудың 717, қарсы бағытқа шығудың 201, жылдамдық асырудың 78 841, ұялы телефон қолданудың 2208, жаяу жүргіншіге жол бермеудің 2 411 дерегі анықталды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күнделікті талдау арқылы осал жерлерді наряд қадағалайды. Тұрақты түрде «Қауіпсіз жол», «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Автобус», «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілуде. Мобильді кешендер елді мекендерге патрульдеуге жұмылдырылуда.

Аппараттық кешендер мен зияткерлік қиылыстар «МегаКамҚорғау» мобильді бағдарламасына қосылып, штаттық режимде жұмыс жасауда.

Автожолдарды тексеру жұмыстары жүргізіліп, 1 572 ұйғарым шығарылды.

2023 жылға арнап жол инфрақұрылымын дамытуға 35,8 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 585 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөнделуде.

Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатаңдады. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын атап өтіп, алдын алу бағытында тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енді.

Алдын алу бағытында қорғау нұсқама шығару, ерекше талап белгілеу жұмыстары жақсарғанымен, отбасы-тұрмыстық саласындағы қылмыстар 50%-ға көбейген. Аталған қылмыстардың қатысушылары – (күдіктілер мен жәбірленушілер) бұрын полицияға жүгінбеген және ІІО-да есепте тұрмаған тұлғалар.

Қылмыстарды болдырмау бағытында ӘҚБтК-нің 73-бабымен жауапкершілікке тартылған барлық тұлғалармен және отбасы-тұрмыстық қатынасқа шағымданғандармен профилактикалық шаралар жүргізілуде.

Бала – еліміздің болашағы. Ендеше сол балалардың жақсы тәлім-тәрбие алып, ел тәуелсіздігінің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек ететін азамат болып жетілуі үшін бәріміз де бір кісідей атсалысуымыз қажет екені айтпаса да түсінікті.

Бүгінде балаларының немен айналысып жатқанына мән бермей, жұмысбасты болып жүрген ата-аналар да бар. Осы олқылықты жоюға атсалысу керек. Кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне көңіл бөлмеу – олардың тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтың негізгі себептерінің бірі. Сондықтан Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері жасөспірімдер тәрбиесіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар жасайтын құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес тиімділігін арттырудың түрлі шараларын жүзеге асырып келеді. Кәмелетке толмағандар және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім – Көше», «Бала – Заң – Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Түнгі қала», «Жасөспірім» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Ағымдағы жылы олар жасаған 46 қылмыс тіркеліп, 58 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 20 мектеп оқушысы, 33 колледж студенті бар және 5-уі жұмыссыз.

6619 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүрген 5255 кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Рейдтік шаралар барысында түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 117 кәсіпкер, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқаны үшін 10 сатушы анықталды.

Полиция есебіне 108 жасөспірім, 111 қолайсыз отбасы алынды. Алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Бала-Заң-Қауіпсіздік», «Мектеп» профилактикалық іс-шаралары мен «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз, балалар» атты акциялары өткізілді.

Облыс аумағында 19 035 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды (оның 18 660-ы ТМД елдерінен, ал 375-і алыс шетелдерден келген).

1 599 көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталып, 82 шетелдік елден шығарылды. Көші-қон саласындағы заңнаманы қайталап бұзуды болдырмау мақсатында күн сайын ҰҚК, прокуратурамен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізілуде.

Бүгінгі таңда ішкі істер органдары ауқымды және сапалы өзгерістер енгізді. Жұмыс процестерін автоматтандыру, цифрландыру және оңтайландыру шаралары қабылданып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, полиция қызметінің халыққа ашық болуын қамтамасыз ету мақсатында полиция бөліністерінде жаппай бейнебақылау 100% іске қосылды.

«Электрондық қылмыстық іс жүйесі» аясында жеке құрам 100 пайыз қамтылып, қазіргі уақытта қылмыстық істер электрондық форматта тергеліп жатыр. Бұл жүйе азаматтарға тергеп-тексеру барысын қадағалауға мүмкіндігін береді. Қоғамдық орындарда, мектептерде, сауда-ойын-сауық орталықтарында шұғыл шақыру жүйелеріне «Дабыл батырмалары» орнатылды. Олардан түскен сигнал дереу жедел басқару орталығына немесе полицияның жақын маңдағы кезекші бөліміне түседі. Мемлекет пен қоғам арасында ашық қарым-қатынас моделі құрылды.

Полиция қызметкері өзіне артылған сенімді ақтауда алдымен патриоттық сезімді, әділеттілікті, абыройлы болуды негізгі ұстаным етіп алуы қажет. Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, полиция қызметкерінің басты ұстанымы мен адастырмас темірқазығы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қиындықтарға төзу. Міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ.

«Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен тәртіп үстемдік құратын ел» – деп Мемлекет басшысы атап көрсетті. Міне, осы тұрақтылық пен келісімді, бейбітшілікті, жалпыхалықтық жетістікті қорғайтын, елдің тыныштығын сақтайтын – біздер. Бұл  қоғамдық тәртіпті сақтау саласына аса маңызды міндеттер жүктейді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын ойдағыдай жүзеге асыру бағытында халыққа сапалы қызмет етіп, жұртшылықтың мәселелерін терең зерделеп, оны түбегейлі шешу үшін олармен біте қайнасып жұмыс істеуіміз қажет. Біздің қазіргі мақсат-мүддеміз осы.

Әр саланың өз кем-кетіктері болатыны айқын. Біздің әр ісімізге сыншы – халық. Халықтың бізге артқан сыны мен ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, қандай да бір кемшіліктерді жоюға тырысып келеміз, яғни, айтылар сынға да, ұсынылар ұсынысқа да ашықпыз. Қолжетімдіміз. Ынтымақтасып жұмыс жүргізуге де дайынбыз.

Махсудхан АБЛАЗИМОВ,

Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы,

полиция генерал-майоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<