Облыстық Табиғат қорғау прокуратурасының тарихы 1989 жылдан бастау алады. Бұл туралы облыс прокуроры С.Үмбеталиев 1988 жылы КСРО Бас Прокурорының орынбасары А.С.Побежимовке жазған хатында өңірде қалыптасқан жағдайға байланысты табиғат қорғау саласында заңдылықты қадағалайтын арнайы органның қажеттігін атап көрсеткен. Осы хат негізінде КСРО Бас Прокурорының бұйрығымен 1989 жылы алғаш рет Табиғат қорғау прокуратурасы құрылған.
Ең алғашқы Табиғат қорғау прокуроры қызметін 1989 жылдан 1992 жылға дейін Ахмар Өтегенов атқарған. Кейін Күлшара Аскарова, Марат Абдулов, Жалғас Бименов болды.
ҚР Бас Прокурорының 1999 жылғы бұйрығымен Табиғат қорғау прокуратурасы таратылды 2001 жылы қайта құрылып, Бақытбек Ерғалиев, Хамит Тарбақов, Әлібек Ахметов, Серік Шотаев еңбек етті.
ҚР Бас Прокурорының 2011 жылғы бұйрығымен өзгерістер болып, 2016 жылы қайта құрылды. Осы аралықта Әліби Зейнулла, Ерлан Бегімбаев, ал 2019 жылдан бастап Дабыл Аянұлы басқарып келеді.
Сыр топырағы – табиғи және қазба байлықтардың ордасы. «Қара алтын» аталып отырған мұнай көздерінің көптеп табылуы, «Құмкөл» мұнай, Шиелідегі уран, Шалқиядағы түсті метал кеніштері, Қаратау аймағында алтын қоры болғандықтан, экологиялық ахуалында да өзекті мәселелер бар.
Табиғат қорғау прокуратурасы жер қойнауын және оның пайдалану заңнамасының қолданылуын, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, қоршаған ортаны қорғау, су заңнаманың қолданылуын қамтамасыз етуде.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында табиғи, қазба байлықтар және жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің орны айрықша. Бұл салада көптеген мекемелер мен ұйымдар қызмет етеді.
Табиғат қорғау прокуратурасы жер көлемі 249 мың шаршы шақырым құрайтын аймақты қадағалайды. Онда «Кіші Арал» теңізі, Сырдария өзені және 200-ден астам көл орналасқан. 220-ға жуық кәсіпкер (8 балық өңдеу зауыты) кәсіпшілік балық шаруашылығымен айналысып, 2021 жылдың өткен мерзімінде 2921,5 мың тонна балық аулаған.
Сондай-ақ, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын «Барсакелмес» табиғи қорығы, «Қарғалы» және «Тораңғыл сай» мемлекеттік табиғи қаумалдары, 41 аңшылық алқап орналасқан. Онда «Қызыл кітапқа» енген 2070 бас қарақұйрық, 671 бас құлан, дуадақ, аққу, бірқазан, және құрып кету қаупі төнген киік, басқа да қабан, қоян, қырғауыл, қаз, үйрек секілді жануарлар мен құстар мекендейді.
Кейінгі 3 жылда табиғат заңнамасын қорғау саласында бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде мемлекетке 3 млрд теңгеге жуық қаржы өндірілді. Кәсіпкерлердің және 1500 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Аңшылық алқаптарды бекіту бойынша жүргізілген конкурста жалған құжаттар негізінде жеңімпаз болған табиғат пайдаланушылардан 14 аңшылық алқап сот шешімі негізінде мемлекетке қайтарылды.
Сондай-ақ 4 сотқа дейін тергеп-тексеру ісі басталып олар бойынша айыптау үкімі шықты. Сексеуілді заңсыз кескен 109 адам әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Облыс орталығында орналасқан сауда орындарындағы, «OLX» сауда-саттық желісіндегі сексеуіл сату дерегі бойынша шаралар қабылдануда. Заңсыз аң мен балық аулау дерегі бойынша 365 адамға қатысты сот актісі қабылданған, жер қойнауын заңсыз пайдаланған 35 адам жауапкершілікке тартылды.
Осы секілді басқа да қыруар жұмыстар атқарылды. Жалпы Табиғат қорғау прокуратурасы Сыр елінің табиғатын қорғау мақсатында тынымсыз еңбек етуде.
Дабыл АЯНҰЛЫ,
облыстық табиғат қорғау прокуроры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<