«Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз»

478

0

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне және Сот жүйесі жетістіктерін насихаттау мен мемлекеттік қызметшілер арасында шығармашылықты дамыту мақсатында облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттардың қызметкерлері арасында «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты шығармашылық байқау өтті.

Облыстық соттар әкімшісінің басшысы Сағатбек Сүлеймен шараға қатысушыларды тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, іс- шараны ашып берді.

«Әрбір сот қызметкері халықпен тонның ішкі бауындай жақын жүруі тиіс. Қол бастау қиын ба, сөз бастау қиын ба деген, бұрынғы аталарымыз бір ауыз сөзбен бір рулы елдің тағдырын шешкен. Біз сол батырлар мен шешендердің ұрпағымыз. Сондықтан әрбір қызметші көпшілік алдында жатық, жағымды сөйлеу мәнерін жақсы меңгеруі тиіс. Бүгінгі шараның мақсаты да осы», – деді ол.

Байқауға қатысушылар ережеге сәйкес екі сайыс түрінен бақ сынасты. Алдымен тақырыпқа сай эссе жазды. Философия, эстетика, әдеби сын, публицистика, көркем әдебиеттің тұрақталған, тың болжамдар мен түйіндеулерге құралған бұл жанр барлығына оңайға түспеді. Десе де, торқалы тойда әркімнің-ақ айтары да, жазары да бар.

Ал, сайыстың мәнерлеп оқу кезінде барлық қатысушылар конкурстың көркін қыздырды. Тіл тазалығы мен  мәнерлеп оқу талабын сақтай отырып, бірі өз шығармашылығынан, бірі елге белгілі ақындардың өлеңдерін нақышпен оқып, орындады. Өнерлі қызметшілердің ізденісі мен орындау шеберліктерін тәуелсіз сарапшы-журналист, Ақпарат саласының үздігі Айткүл Шалғынбаева бастаған қазылар алқасы бағалады.

Жүлделі бірінші орынды облыстық мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы, бағы мен бабы қатар шапқан Азат Әбдіразақов иеленді. Екінші орын Қызылорда қалалық сотының бас маманы, сәні мен салтанаты жарасқан, мақамы ерекше Гүлбану Берденоваға бұйырса, үшінші орынға облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданданаралық сотының бас маманы, әр сөзі жұмыр тастай салмақты Рүстембек Беркінбаев лайықты болды.

Жеңімпаздарға арнайы диплом мен естелік сыйлықтар берілді. Малика Алтыруова, Таңшолпан Алтынбаева, Алтынай Молдаш ерекше белсенділіктері үшін ынталандыру сыйлықтарын алды.

Сайысты қорытындылаған соттар әкімшісінің басшысы С.Сүлеймен жас қызметшілерді Мәңгілік ел идеясы жолында аянбай еңбек етуге жігерлендірді.

Ардақ СМАҒАНБЕТОВА,

облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<