Биыл еліміздің тергеу ісіне 59 жыл толады. Осы уақыт ішінде тергеушілер айғақсыз болып көрінген қылмыстарды әшкерелеп, қызметіне адалдық танытып келеді.
Саналы ғұмырын осынау қиын да жауапкершілігі зор мамандыққа арнаған Әлібек Қасымхановтың есімі облыстың, республиканың құқық қорғау саласына белгілі. Ол осыдан 30 жыл бұрын республика бойынша «Үздік тергеуші» атағын алған. Отставкадағы подполковник 18 жылдан бері облыстық адвокаттар алқасында қорғаушы қызметін атқарып келеді.
Тереңөзектің тумасы Әлібек Қасымхановтың әкесі Қасымхан Ысмайлов Ұлы Отан соғысының ардагері, ардақты ұстаз еді. Әлібек аудандағы №35 орта мектепті бітірген соң, сол жылдардағы талап бойынша ПМК-15-те жұмыс істеді. Әскер қатарында азаматтық борышын өтегеннен кейін әкенің ізгі жолымен мұғалімдік мамандықты таңдап, Қызылорда педагогика институтына оқуға түсті. Тіл маманы атанған азамат аудандық партия және комсомол комитетінде нұсқаушы болып еңбек жолын жалғастырды.
1979 жылы партия комитетінің жолдамасымен Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің жасөспірімдер инспекциясы бөлімшесінің бастығы болып тағайындалды. Ішкі істер органында қызмет ете жүріп, Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, 1983 жылы аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесіне қызметке ауысады. Осында аға тергеуші, тергеу бөлімшесінің бастығы және ішкі істер бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
– Тергеуші болу үшін адамға ең алдымен төзімділік пен шынайылық керек. Біліктілік – айғақтардың ақ пен қарасын ажыратуға, тергеуді Қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес жүргізу үшін қажет. Алдыңдағы істі тыңғылықты зерттеуге жауапкершілікпен қарамау – бұл адам тағдырына бейжайлық танытқанмен бірдей. Салмағы басым жүкті алып жүру үшін ең алдымен адалдық керек.
1992 жылы тергеу қызметіне келгеніме он жылдай уақыт болғанда республика көлемінде 3 мыңға жуық тергеушінің арасынан ең үздік атанып, «Үздік тергеуші» деген марапат алдым. Бойымдағы жауапкершілік жүгінің одан сайын ауырлай түскені есімде.
Көршілес жатқан үш ауданға ортақ тергеу комитеті құрылып, Жалағаш, Қармақшы, Сырдария аудандарындағы тергеу бөлімшелерін басқардым. Тергеу комитеті 1998 жылы тарады. Сонан соң аудандағы ішкі істер бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, уақытпен санаспай қызмет етіп, жақсы нәтижеге жеттік, – дейді полияция ардагері.
Қоғам тыныштығының сақшысы, тергеуші – қызметінің ыстығы мен суығын бірдей көрген тәжірибелі маман. Алдына түрлі деңгейдегі қылмыстық іс келгенде жүйелі әрі тиянақты зерттеп, істің соңғы нүктесін қояды.
Майталман маман осыдан 30 жыл бұрынғы қанды оқиғаны былайша еске алады:
– Қылмыс жасаумен аты шыққан ауданға танымал екі азаматтың әрқайсысы темір тордың ар жағында бес-алты реттен отырып келген. Бірі абақтыдан оралған соң досының үйіне барады. Дастархан басында назары досының әйеліне ауып, зорлауға әрекет етеді. Сол сәтте әйелдің жұбайы қолына қалай балта ұстағанын байқамай қалады. Қонағын өлтіріп, дене мүшелерін қапқа салып өзенге лақтырып жібереді. Қапқа салынған мәйіт сол маңдағы малшының көзіне шалынады. Аудандық ішкі істер бөліміне хабар жеткен соң жедел топ оқиға орнына барып, қапты ашқанда, қолы сыммен байланған адам мәйіті табылды. Жүргізілген зерттеу нәтиже бере қоймады. Дегенмен, мәйітті мұқият тексергенде сол қолында жазу барын анықтайды. Тексеру барысында есепте тұратындарды сараптамадан өткіздік. Ауыл тұрғындарының көмегімен мән-жайды анықтадық. Тінту жүргізгенде балта табылды. Ондағы қан дағы қылмысты ашуға негіз болды. Айғақты дәлелдер толық жиналып, іс сотқа өтті. Алғашында қылмыскер қылмысын мойындамады. Алайда қолтаңбасы мен қан дақтары оны бұлтартпады. Тынымсыз тіршіліктің нәтижесінде қылмыс ашылды. Мұндай оқиғалар ол кезде көп айтыла бермейтін, – дейді бұрынғы тергеуші.
Осы бір ғана мысал арқылы қылмысты ашудың, кінәліні анықтаудың тәжірибе мен біліктілікке сүйенетінін көреміз.
Бүгінде отбасында ұлдары Нұрболат пен Жанболат әке жолымен келеді. Жанболат заңгер мамандығын меңгерген. Қыздары Нұргүл медицина ғылымының докторы, Нұрсауле ұстаздық қызмет етеді.
Тегеурінді тергеуші ішкі істер органында үздіксіз қызмет атқарғаны үшін медальдармен наградталды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің және облыстық полиция департаменті бастығының марапатына ие болды. «Үздік тергеуші», «Үздік қызметі үшін» төсбелгілері – оның кәсіби білігі үшін берілген марапат.
М.МЕРЕЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<