Заң мен әділдіктің үстемдігі қымбат

572

0

Биыл Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл. Қарап отырсақ, осы уақыт ішінде әр жылдың өз көтерген жүгі жетерлік.

1938 жылы 15 қаңтардағы арнайы қаулымен облыс құрылса, дәл сол жылы 4 наурызда облыстық сот құрылды. Әрине, оған дейін аймақта ҚазАКСР халықтық әділет комиссариатына бағынышты округтік сот жұмыс істеді. Мұның құрамына Қызылорда, Қазалы, Арал қалалық және 140 елді мекенді қамтыған Қызылорда, Шиелі, Қараөзек, Қазалы, Қармақшы, Қарсақпай, Аламесек аудандарының соты қарады.  Демек, облыстық соттың жаңа тарихи кезеңі жоғарыда айтқанымыздай, Қызылорданың облыс ретінде құрылуымен тығыз байланысты.

Амангелді Әнуарбеков – сот саласының ардагері. Ширек ғасырдан астам ғұмырын осы салаға арнады. Қоғамда әділдікті ту еткен аға буын өкілінің жасы бүгінде жетпістің бесеуінде.

– Менің туған жерім – таулы өлке. 1948 жылы Тарбағатайда тудым. Тарбағатайды білесің, Шығыс Қазақстан облысына қарайды. Жұрт әлі таңғалады. Өйткені, сонау табиғаты әсем, тау бұлағы сылдырап, суы да, нуы да мол, орманды өлкеден құмды әрі ыстық Сыр бойында тұрақтап қалуым бәріне қызық қой. Бірақ жастық шағым өткен, әсіресе, алғаш еңбек жолын бастаған жерім – киелі де қасиетті Қызылорда. Осында жүріп, талай дос таптым, жар сүйдім, балалы болдым. Сот саласындағы, заң жүйесіндегі қызметімнің қызығы да, шыжығы да өтті. Ең бастысы, Сыр бойында жүріп өз несібемді тапқан жанмын. Маған бұл топырақ сонысымен ыстық, – деп бастаған еді әңгімесін Амангелді аға.

Бүгінгі мамандардай емес, біздің кейіпкер ең бірінші еңбек жолын жұмысшы болып бастаған. Арасында әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын да өтеді. Сөйтіп оқуға кеш түсті. Құрылыста жұмыс істеп, әбден ысылған әрі спортқа жақын жігіт арнайы дайындық курсынан кейін 1973 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, 1978 жылы ондағы заң факультетін бітіреді. Қазіргі ардагер судья сол жылы жолдамамен Сыр өңіріне келіп, облыстық әділет басқармасына табан тірейді. Аға кеңесші лауазымына тағайындалады. Ал 1986 жылы сот саласына ауысып, бір жыл қалалық сотта, одан соң 1998 жылға дейін Сырдария аудандық сотының судьясы һәм төрағасы қызметін атқарды. 1998-2001 жылдары Тасбөгет аумақтық сотының аға судьясы, 2001 жылы қалалық №2 сотының төраға міндетін атқарушы болды. Ал 2002 жылдан бастап облыстық соттың судьясы болған Амангелді Әнуарбеков бойындағы бар қабілет-қарымы мен тәжірибені әділдік дейтін қасиетті ұғымның жоғары болуына жұмсады.

– Мына бір оқиға әлі жадымда, – дейді ардагер әңгіме үсті.  – Алғаш сот саласында қызмет бастаған уақытта бір қылмыстық істі қарадым. Қарап қана қоймай, оған ақтау үкімін шығарғанмын. Неге? Басынан айтайын, ұлты орыс жігіт қағаз-картон зауытында дәнекерлеуші болып жұмыс істейді екен. Бірде сол зауыттан алапат өрт шығып, мемлекетке ірі мөлшерде шығын келеді. Өртке кінәлі деп әлгі дәнекерлеуші жігітті айыптайды. Ал шын мәнісінде сол уақыттағы басшылар тарапынан келген залалды бір адамға жабу көзделген. Бұл істі жан-жақты қарап, себебін анықтауға сараптама тағайындадық. Арнайы мамандар кеңесіне жүгініп, ақыр соңы жігіттің оған түк те қатысы жоғы дәлелденді. Сот соңында ақтау үкімін оқып тұрғанымда дәнекерлеуші жігіт тізесін бүгіп, солқылдап жылап қоя бергені. «Біттім» деп ойлаған ғой. Оның жылап тұрғанын көріп, тағы да бұл істің заңды екеніне көзім жетті. Бірақ, ол кездері ақтау үкімін шығару ерекше жағдай болып есептеліп, судьяның жеке жауапкершілігі назарға алынатын. Өкініштісі, ол үкім кейіннен бұзылып, қайта тергеуге жіберілгені бар. Ақыр соңы қысқартылып тынды. Мен де бұл шығарған үкіміме қатысты ескерту алдым. Бірақ өкінбедім. Өйткені, ол бірден-бір дұрыс шешім еді.

Амангелді аға бастан өткерген мұндай мысал көп. Оның айтуынша, кез келген судья ешуақытта жан баласына жамандық жасамауы қажет. Заң мен әділдік үйлескенде ғана қара қылды қақ жарасың.

Бүгінде ардагердің сот жүйесінде мол тәжірибесі мен ақыл-кеңесіне артынан ерген шәкірттері әлі де жүгініп жүр. Өзі тәрбиелеген судьялар еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызметте.

– Жеке басының қадір-қасиетімен көпке сыйлы, өз мамандығының білгірі Амангелді аға адал да абыройлы қызмет етіп қана қойған жоқ, жолын жалғастыратын шәкірттерді де тәрбиелей білді. Солардың бірі мен едім. Егер менен әріптестерім «тағдырдың үлкен сыйы не?» деп сұраса, «жақсы ұстаз кездестіру» деп айтамын. Өмір мені бұл сыйдан шет қалдырған жоқ. Судьялық еңбек жолымды 1993 жылы Сырдария аудандық халық сотының сол кездегі төрағасы Амангелді Әнуарбековтің қарамағында бастадым. Мен білерде, аға – істің адамы. Ол аз сөйлеп, көп нәрсені ұғындыра білді. Бәрін де жіті қадағалап, орын алған нәрсенің салдарымен қатар, оның болу себебіне объективті баға бере отырып, шешім қабылдайтын. Ағамызға тән осы қасиеттер шәкірттеріне де дарып, одан үлгі алған заңгерлер де жақсы жетістіктерге жетіп жүр, – дейді Ұлытау облыстық сотының төрағасы Қайрат Адранов.

Ал Амангелді ағаның өзі белгілі заңгер әрі судья болған Қанат Бұтабаев, Жақсылық Аяпбергенов және Төлеухан Ғаниевті ұстаз тұтады. Оларды өмірінің көп бөлігін әділдіктің үстем болуына арнаған адам деп санайды.

– Мысалы, Төкең (Төлеухан Ғаниев) екеуміз 1980 жылы Бүкілодақтық сот қызметкерлерінің бір айлық арнайы оқуына барып, оны жоғары бағамен бітіріп, елге оралдық. 1989 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық үлгілі соттардың тәжірибесін тарату және насихаттау туралы семинарға қатысып, өз жұмысымызды көрсеттік. Міне, осындай бірге жүрген уақытта одан үйренгенім көп. Бар түйгенім, ол – судья қызметін абыроймен атқарып, өнегелі де өрісті жолдан өткен кәсіби маман. Төраға болған жылдары ол сот қызметкерлеріне қатаң да әділ талап қойып, не нәрсеге болсын, кең ауқымда объективті тұрғыдан қарап, қарапайымдылығын жоғалтпаған басшы ретінде танылды. Адам тағдырын шешуде заң жолынан таймады, – деп өзінен алдыңғы буын жайлы да сыр шертті ағамыз.

Амангелді ағаның сот жүйесіндегі көп жылғы еңбегі еш кетпеді. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мемлекеттік медалімен, «Үш би» құрмет белгісімен марапатталды. Сондай-ақ ҚР Судьялар одағының Құрметті мүшесі, Қазақстанның Құрметті заңгері. «Сот жүйесінің ардагері», «Мінсіз қызметі үшін», Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» және ҚР Тәуелсіздігіне 10, 20, 30 жыл мерекелік медальдарын кеудеге тақты. ҚР Жоғарғы Сотының «Құрмет грамотасын» иеленді.

Ол зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстан қол үзбеген. Соттармен іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің мүшесі. Сондай-ақ көп уақыттан бері облыстық соттағы ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, сала дамуына әлі де үлес қосып келеді. Үлес қосқаны сол, әлі күнге дейін жас судьялар мен мамандар тәлім алу үшін ардагерді жағалайды.

– Жас судьяларға ұдайы мынаны ғана айтамын, – деді сөз соңында Амангелді аға.  – Заңды біл. Өйткені, төрелік айтуға терең білім керек. Судьяның ең бірінші жұмысы – үлкен жауапкершілік және жоғары азаматтық парыз. Екіншіден, адамдығыңды жоғалтпа. Дүниеге құнықпа. Жалтақ болма. Өйткені, саған артылған сенімнің жүгі ауыр. Тым ауыр. Әділ үкім шығару – әр судьяның басты міндеті. Әр шешімнің артында адам тағдыры барын ұмытпауың керек. Қазір бізде заң маманы көп. Екінің бірі заңгер. Алайда, заңды орындап жатқан ешкім жоқ. Өйткені, бізде заңды сыйлау, оған бағыну кем болып тұр. Осал тұсымыз да осы.

Сөз түйіні осы болды. Айтпақшы, сот саласында табан аудармай қызмет қылған, сонысымен сыйлы атанған ағаның зайыбы да құқық қорғау саласынан майор шенімен зейнетке шыққан. Сондай-ақ үш ұлы да заңгер. Әке жолын жалғаушылар. Ал қазір ата-әже атанған Амангелді аға мен Рысжамал апа 11 немеренің қызығын көріп отыр.

Иә, қай салада да адал қызмет атқарған аға ұрпақ өкілдеріне құрмет зор. Облыстық сот тарихында орны бар Амангелді Әнуарбековтің ғұмыр жолы көпке үлгі болары анық. Біздің мақсат та ғибратты істі оқырманға жеткізу еді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<