Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы сауда үйлерінде Тіл туралы Заң нормалары түсіндірілді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ облыстық филиалының төрағасы С.Аңсат, Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Е.Рыбина, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Абасилов Қызылорда қаласындағы «Small», «Aray city mall», «Қызылорда» сияқты ірі сауда нысандарына барып, басшыларымен кездесті.
Атап айтқанда, ғимараттың ішкі және сыртқы көрнекі ақпараттарында, қызмет көрсету барысында міндетті түрде мемлекеттік тілді қолдану жөніндегі заңнама талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ қажеттілігіне қарай, сауда ұйымдарының қызметкерлеріне тегін қысқа мерзімді оқыту курстары, семинар-тренингтер ұйымдастырылатыны және мәтіндерді аударуға әдістемелік көмектер көрсетілетіні айтылды.
Тіл жанашырлары ғимарат ішінен сауда орнын жалға алып отырған жеке кәсіпкерлердің де Тіл туралы заңнама талаптарын сақтауын талап етуге, тұрақты назарда ұстауға қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
Нысан иелеріне заңнан үзінділер, көрнекі ақпарат мәтіндерін жазудың және орналастырудың схема-үлгілері, анықтама алу және сұрақтар бойынша байланыс телефондары мен әдістемелік көмек көрсету үшін электронды пошта жазылған материалдар берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар басқа да кәсіпкерлік нысандарға жүргізілетін болады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<