Заң үстемдігі – заман талабы

870

0

Кез келген мемлекет өмірдің барлық қоғамдық салаларында, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастарда тәртіп пен сақтықты орнатуға мүдделі. Онсыз қоғамның дамуы, экономиканың, мәдениеттің көтерілуі және бұқара қауіпсіздігінің артуы мүмкін емес.

Заңдылық пен тәртіптің үстем етуі саласында әділет органдарының алатын орны ерекше. Мемлекет пен қоғам өмірінде өте маңызды рөл атқаратын орган қызметінің басымдығы – адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, қазақстандық қоғам мен мемлекеттің тұрақты және үдемелі дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық заңдарды қалыптастыруға қатысу.

Әділет органдары Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрылған сәттен бастап, тәуелсіздік туын көтерген бүгінгі күнге дейін құқықтық мемлекетке жүктелетін міндеттерін абыроймен атқарып келеді.

Тарихы тереңде жатқан әділет органы 1919 жылы құрылды. Осы жылдар ішінде ел өміріндегі аса елеулі тарихи оқиғалардың бел ортасында болып, саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық өмірдегі күрделі өзгерістерге атсалысуда.

Тарихқа көз жүгіртсек, әділет органы 1920 жылы Әділет халық комиссариаты ретінде құрылып, 1946 жылы Қазақ КСР Әділет министрлігі болып қайта аталды. 1960 жылы таратылып, 1970 жылдың 25 қыркүйегінде қайта құрылды.

Қазақстанның Тәуелсіздік алуымен әділет органдары үшін жаңа кезең басталды. Егеменді Қазақстанның алғашқы заңдарының қабылдануы мен атқарушы биліктің бөлінуіне байланысты сот билігінің заң жолымен белгіленуіне алғашқы қадам жасалды. Әділет министрлігі және оның органдары түбірімен өзгеріп,  жаңа сипатқа ие болды. Өзінің сан қырлы қызметінің арқасында егеменді мемлекеттің құқықтық саясатын жүзеге асыру ісіне үлес қосып келеді. Бағдарланған міндеттер негізінде еліміздің әділет органдары жаңа кезең талабына орай мемлекеттік құқықтық реформаны қалыптастырып, жүйелі жұмысын дамыта түсті. Министрлік – басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде оның құзіретіне жатқызылған қызмет саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын ҚР орталық атқарушы органы.

Әділет органының негізгі міндеті – мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимін қолдау, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Ал, заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асыруда министрлік маңызды рөл атқарып келеді. Қай уақытта да заң жобасын жасау қызметі министрліктің аса маңызды міндеттерінің бірі болып қала бермек.

Барлық кезде республиканың әділет органдары өз заманына лайықты болды және өз қызметінде заң актілерін әзірлеу, заңдарды жүйелеу, заңдар жинағын әзірлеу мен шығару саласындағы қиын міндеттерді шешті. Оны  басқарған тұлғалар кәсіби жағынан аса білікті заңгер, адал әрі ел сенімін ақтаған жандар болды. Осындай тұлғалардың еңбегінің арқасында әділет органдары бүгінгі күні мемлекетіміздің құқықтық даму жолына зор үлесін қосып, халықаралық аренадағы Қазақстанның лайықты орнын табуына атсалысып келеді. Министрлікті басқарған Зағипа Балиева, Рашид Түсіпбеков, Берік Имашев, Марат Бекетаев халқымыздың біртуар азаматтары ретінде бүгінгі күні де еліміздің құқықтық дамуына үлестерін қосып келеді. Бұл азаматтардың барлығы – Қазақстан Республикасының әділет органдары жүйесінің сапалы жұмыс істеуі мен жетілуіне үлкен еңбек сіңірген тәжірибелі заңгерлер.

Министрліктің кейінгі жылдардағы бүкіл қызметі құқықтық мемлекетті қалыптастыруға бағытталған. Әсіресе, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет ретінде орнықтыру жолына түскен тәуелсіздік жылдарында қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Облыстың әділет органдары Әділет министрлігінің бағынышты мекемесі ретінде, өзіндік міндеттері мен мақсаттарын жүйелі іске асырып келеді. 1939 жылы құрылған әділет бөлімі, басқарма, одан кейін департамент мәртебесіне ие болды. 1970 жылы облыстық әділет басқармасын өз заманының білікті заңгері Қанат Халиоллаұлы Бұтабаев 14 жыл бойы басқарды. Одан кейінгі 4 жылдық басшылықта Әуез Қаженов болса, 1988 жылдан 1997 жылға дейін басқарма бастығы Владимир Михайлович Борисов болды. Одан кейін, әділет басқармасын Тілектес Сейітов, Тілепберген Нәбиев, Бақытжан Қалымбетов, Айтбай Әлібаев, Бақытбек Ерғалиев осы тұста әділет басқармасы  әділет департаменті болып қайта құрылды), Балаим Кесебаева, Қалдыбек Сапаров басқарды.

Сыр бойында туып-өсіп, бірнеше буынға басшылық жасаған, облыстық әділет басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып он екі жыл қызмет атқарған Жақсылық Аяпбергенов сынды ардагердің өмір жолы ұрпаққа үлгі. Сонымен қатар, реформа кезеңінде әділет департаментін жеті жыл бойы басқарған Бақытбек Ерғалиевтың, ұзақ жылдар бойы департамент басшысының орынбасары болып қызмет жасаған Тастыбай Лесеровтың қызметтік ерекшеліктері ұмытылмақ емес. Айта берсек осынау ғасырға жуық уақыт ішінде бұл жүйеде талай ұрпақ алмасып, сан түрлі реформалар жаңаланып, заман талабының тұрғысында жұмыс істеп келеді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халықтың әл-ауқаты, құқықтары мен бостандықтары турасында аз айтып жүрген жоқ. «Елімізде заң үстемдік етуі тиіс. Заң алдында билік өкілдері де, азаматтар да бірдей» деген тұжырым мемлекеттің өсіп-өркендеуіндегі басты қадам екенін ұғындырғандай.

Әділет органдарының барлық қызметкерлері осы бағытта – Қазақстанның дамуы жолында, игілігі үшін одан әрі өз күш-жігерін, білімі мен біліктілігін аямай жұмсай бермек.

Ирина БӘКІШЕВА,

облыстық әділет департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<