Заңдылықты үстем етіп келеді

978

0

Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды. Қоғам болған жерде заң, заң болған жерде оны қадағалау болады. Себебі, заң білместіктен де, немқұрайлылықтан, тіпті қасақана да бұзылып жатады. Сондықтан  ұдайы толықтырылып, өзгерістер енгізіліп, заман ағымына қарай күшейтіліп отырса, оны қадағалайтын прокуратура жұмысы да соған сай іс-тәжірибесін жетілдірсе одан ел, қоғам ұтпаса ұтылмайды.

Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін прокуратура басқа құқық қорғау органдары сияқты тоталитарлық мемлекет жағдайындағы әміршілдік-әкімшілік жүйенің мүддесін бірінші кезекке қойған болатын. Тәуелсіздіктің ақ таңы ата бастаған 1991 жылдың алғашқы күндерінен Қазақстан прокуратурасы жазалаушылық қалпын өзгертуге ұмтылып, жаңа формада, яғни халыққа жақын қадағалаушы органға айналуға бет ала бастады.

1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды.

1992 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күшіне еніп, соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болды.

Осы заң прокуратураның құқық қорғау қызметін жақсартуға оң әсер етті. Алайда, мемлекеттік құрылыс үдерісінің жедел дамуы және құқық демократиясының өріс алуы құқық жүйелерін қалыптастыруда жаңа ізденістерді талап ете бастады. Осыған байланысты 1994 жылы 12 ақпанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасының Қаулысымен Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары анықталды.

Одан әрі ол 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституцияда және сол кездегі Президент Н.Назарбаевтың 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күші бар Жарлығында көрініс тауып, бекітілді. Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже оның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екенін жариялап берді. Сөйтіп прокуратура республиканың мемлекеттік билік органдары жүйесінде өзінің конституциялық орнын еншіледі. Осы уақыттан бастап прокуратура кеңестік жүйемен қалыптасқан әзірейіл бейнесін жойып, халықтың арыз-шағымдарын зерделейтін, құқығын қорғайтын жаңа сипаттағы, халықтық жоғары заң қадағалаушы органға айналды.

Бұл демократияның даңғыл жолына бет бұрған егемен еліміздің  елеулі жетістігінің бірі еді. Президентке ғана есеп беретін және республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын республика прокуратурасы – Конституцияның, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының берік сақталуы тәрізді міндеттерді жүзеге асырудың құқықтық тетігі. Прокуратура заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Жинақтап айтсақ, республика прокуратурасы өз өкілеттігін Ата Заң мен заңдарға сәйкес жүзеге асырады.

Қазіргі кезде ол басқа мемлекеттік органдар қызметін алмастырмайды, әртүрлі шаруашылық субъектілерінің қызметіне негізсіз араласпайды. Сонымен қатар прокуратура Конституцияның 83-бабына сәйкес, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары жол берген заң бұзушылықтарды анықтауды күшейтіп, орын алған кемшіліктерді заңда қаралған тұрғыда жоюға ықпал етеді. Оның ішінде атқару және сот биліктерінің заңсыз актілеріне наразылық келтіріп, сондай-ақ қолданыстағы заңдар мен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын орындамау фактілерін қалт жібермейді. Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын, заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

Мәселен, облыстық прокуратура органдарының қоғамдық мүддені қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарының санайғағын мың-мыңдап келтіруге болады. Соның ішінде бір ғана биылғы көрсеткішті алайықшы. Биыл 44 тексеру жүргізіліп, енгізілген 474 прокурорлық қадағалау актісімен 219 881 азаматтың құқығы қорғалып, бюджетке 2,8 млрд теңге өндірілді. Олар бойынша 963 адам тәртіптік, 325-і әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Қадағалау шаралары бойынша 21 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қабылданған шаралар арқылы 613 қызметкердің 60 млн теңге жалақы бойынша берешегі өтелді. Бұл қорғалып жатқан қоғам мүддесінің бір парасы ғана. Айталық, прокуратураның араласуына дейін жалақысы сақталмайтын демалыстар толық берілмеген 225 мемлекеттік ұйымның 32 914 қызметкерінің құқықтары қорғалуы да әрбір азаматтың құқығы емес пе?

Бұдан бөлек, жол картасы бағдарламасын іске асыруға бөлінген 246 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру белгілі болды. Барлығы 3 факт облыс прокуратурасының СДТБТ-не тіркелді. Мәселен, Қызылорда және Арал қаласындағы колледждерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде кейбір корпустарды металлсайд арқылы қаптау бойынша жұмыстар орындалмаған. Ғимараттардың шатырына ескі материалдар салынған және тағы басқалар. Нысандарға сапасыз және арзан материалдар қолданылған. 1 қылмыстық іс ақталмайтын негіз бойынша қысқартылды (залал өтелді), екіншісі сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша аяқталу сатысында (процестік келісім жасалды).

Мемлекеттік сатып алудың web-порталының мониторингі бойынша 450 млн теңге сомасына 25 конкурстың қорытындысы жойылды. Қармақшы ауданында 85 млн теңгеге бюджеттік өтінімдер шығындарды негіздемей қалыптастырылды. Осыған байланысты прокуратура ұсынуымен аталған қаражат басқа да әлеуметтік маңызы бар салаларға жіберілді.

АӨК бағдарламасы бойынша субсидиялар берудің заңдылығын тексеруде 440 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған қылмыстық схема анықталды. Мәселен, инвестсубсидияларды (вагондар, күн панельдері, су айдындары, құдықтар және т.б.) алған кезде бір топ адам облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығымен сөз байласып, субсидиялар алу қағидаларының критерийлеріне сәйкес келу мақсатында вагондарға тіркеу құжаттарын қолдан жасаған. Күн панельдерінің құнын көтерген, жоқ құдықтар мен су айдындарын тексерудің жалған актілеріне қол қойған. Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары 3 қылмыстық іс қозғады, оларды арнайы прокурорлар басқармасы тергеуде. Қазіргі уақытта 2 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталып, сотқа жолданды (1-і бойынша үкім шықты). Бюджетке 7,8 млн теңге өтелді.

Ал, автомобиль жолдарын тексеру нәтижесімен 1 факт СДТБТ-де, 5 АЕК-те тіркелді, 22 ұсыну енгізілді, 15 адам тәртіптік және 23 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 7 млн теңге мөлшерінде айыппұл төленді. Сондай-ақ 44 көше бойынша құрылыс талаптарын бұзу жойылды. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары мен уәкілетті органдар басшыларының қатысуымен облыстық прокуратура алқасында қаралды.

Тергеу бойынша да көптеген жұмыстар атқарылып, нәтижелі шаралар жүзеге асырылуда. Әрбір қадағалаудың тиімділігіне мән берілуде, жан-жақты талапқа сай  атқарылуда. Жазықсыз тұлға зардап шекпеуі керек, ал кінәлі тарап тап басып анықталып, заң құрығынан құтылмайды. Бұл тәуелсіздіктің 30 жылынан бері шыңдалған, айбарланған егемен елдің ерен Заңының, пәрменді қадағалау органының қуаты деп айта аламыз.

Енді осы тергеу саласындағы аймақтың көрсеткішіне көз жүгіртсек. Жыл басынан бергі 10 айда облыс көлеміндегі қылмыстық ахуал, әлеуметтік-экономикалық проблемалар терең зерделеніп, оны жедел түрде тиімді шешу уәкілетті органдардың жұмыстарын үйлестіру жолымен жүргізілуде. Жыл басталғалы облыстық прокуратура Үйлестіру кеңесінің 3 отырысын өткізді. Отырыста қылмыстық процестің үш буынды моделі бойынша атқарылған жұмыстар, қылмыстардың ашылуы мен тергеу сапасы, кәмелетке толмағандар және оларға қарсы жасалған қылмыстардың жай-күйі, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органдар қызметінің тиімділік жағдайы талқыланды.

Облыстық прокуратура өңірдегі қылмыстық ахуалға үнемі талдау жасап, жекелеген қылмыс түрлері бойынша тиісті шаралар қолдануда. Нәтижесінде қылмыс 10% төмендеді. Бұл – тәуелсіз елдің қадағалау тәртібін жүзеге асырып келе жатқан айбарлы орган қызметінің кішкене ғана бөлігі. Бұдан өзге қаншама жұмыстар атқарылып, ел дамуына тұтқа болып, халық құқығы қорғалып келеді.

Тәуелсіз елдің ақ таңын жарқыратып, әділдік пен адалдықты ту еткен, заңдылықты үстем еткен қадағалаушылар отыз жылдан бері мәңгілік ұлы елдің іргетасын мығымдап келеді. Өйткені бұл – ұлы халықтың даңғыл жолының бастауы. Алда Мәңгілік елдің мәңгі жоспары орындала бермек.

Сая ТЕМІРБЕКОВА,

облыс прокурорының аға көмекшісі

• Қазақстан прокуратурасының алғашқы қалыптасуы мен дамуы 1922 жылдың 13 шілдесінен бастау алады.

• Қазақстан Орталық Атқару Комитеті 3-сессиясы 2-шақырылымының шешімімен Әділет халық комиссариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы құрылды.

• Прокуратураның 1933 жылы өкілеттігі кеңейе түсті. Әділет халық комиссары жанында прокуратура басқармасы құрылып, дербестікке қол жеткізді. Оның тарихында тұңғыш рет прокурордың міндеттері Әділет халық комиссарынан бөлінді.

• Қазақстан 1937 жылы өзінің алғашқы Конституциясын қабылдады, Әділет комиссарынан прокуратура толық бөлінді. Республика құқық қорғау органдарының дербес құрылымы ретінде жұмыс істей бастады.

• Қазақ КСР тұңғыш дербес прокуроры Сүлеймен Есқараев болды. 1937 жылдың 11 қарашасында Әділет халық комиссары және прокуратураны бөлу туралы бұйрық шығып, республика прокуратурасы тікелей КСРО  прокурорына бағынатын болды.

• Прокуратураның тарихында қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты өзінің құқық қорғау міндеттерін толық көлемде жүзеге асыра алмаған кезеңі де болды. Кеңес үкіметіне қарсы және ұлтшыл деген айып тағылып, саяси қуғын-сүргін құрбанына айналған республиканың прокуроры болған сегіз арыс бар. Олар – Нығмет Нұрмақов, Нұртаза Ералин, Сәдуақас Мәмбеев, Жанайдар Сәдуақасов, Боран Айтмағамбетов, Қанай Боранбаев, Мырзағұл Атаниязов және Сүлеймен Есқараев.

• Ұлы Отан соғысы жылдарында прокурорлық-тергеу кадрлары Отан қорғауда өшпес ерліктің өнегесін көрсетті. Соғыс басталғаннан кейін 1942 жылдың тамыз айында 885 прокуратура қызметкерінің 411-і Қарулы Күштер қатарына шақырылып, соғысқа кетті. Көбісінің майдан даласында өмірі қиылды.

• Соғыс аяқталған соң прокуратура қызметкерлері ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін белсенді жұмыс істеді.

• 1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды.

• 1992 жылдың 17 қаңтарында ҚР Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен «ҚР Прокуратурасы туралы» Заң күшіне еніп, соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болды.

• 1994 жылы 12 ақпанда Елбасы Қаулысымен ҚР Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары анықталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<