Уақыттың әр кезеңінде елге тірек болып, жаңа бастамаларға жол ашатын тұлғалар болады. Солардың бірі – облыста тұңғыш холдинг компаниясын құрып, аймақ экономикасының дамуына үлес қосқан азамат Нұрділда Сыздықов еді.
1953 жылы Сыр өңірінің Тереңөзек топырағында дүниеге келген ол жастайынан алғыр, ізденімпаз болып өсті. Білімге құштар жан Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында оқып, энергетика саласын терең меңгерді.
Жастық жалын, арман қуатымен еңбек жолын Қызылорда жылу орталығында қарапайым инженер болып бастап, тиянақтылығы мен табандылығы арқасында жетекші маман дәрежесіне көтерілді. Осында қызмет істеген жылдары «Қазандықтың режимін ұстау және жөндеу» атты ең қиын бөлімді басқарды.
Нұрекең топ етіп бірден басшы болмады, ол қызметтің барлық сатысынан өтті. Атап айтқанда Қызылорда жөндеу-механикалық зауытында бас механик болды, автокомбинатта бас инженерден мекеме директорына дейін, облыстық автөлік басқармасында бас инженер, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқарды. Қызмет бабымен автокөлік саласына ауысуына байланысты 90-жылдары Өскемен Автожол институтын үздік бітіріп шықты.
Қай жерде жүрмесін абыроймен қызмет атқарып, іскерлік қабілетімен көзге түсті. Әсіресе облыстық автокөлік басқармасын басқарған жылдары оның ұйымдастырушылық шеберлігі мен алғырлығы айқын көрінді. Сол кезеңде Қызылордадағы автокөлік саласы қарыштап дамып, халық игілігіне қызмет етті. Өзінің терең білімі мен қажымас қайратының арқасында Қазақстан автокөлік министрлігі коллегиясының ең жас мүшесі болып сайланып, республикадағы автокөлік саласының дамуына зор ықпал етті.
Ол еңбекпен шыңдалып, өмірдің үлкен мектебінен өтті. 1975-1980 жылдары ел ішінде сенімді, іскер азамат ретінде танылды. Ал тоқсаныншы жылдардың аласапыран кезеңінде ел тұрмысы мен шаруашылықтың жол іздеген тұсында батыл қадамға барды. 1996 жылы облыста алғаш рет «Автохолдинг» компаниясын құруға тәуекел етті. Бұл сол уақыт үшін үлкен жаңалық еді. Өйткені нарықтық экономика енді ғана қалыптасып келе жатқан шақта мұндай құрылымды басқару – көрегендік пен қайсарлықты талап ететін.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа заманға бейімделіп, Америка және шет мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, заманауи автокөлік жүйесін қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсады. 1993 жылы АҚШ Оксфорд университетінің нарықтық заман бағдарламасын игеру үшін Американың Нью-Йорк, Вашингтон, Филадельфия, Огайо қалаларында болып, білім жетілдірді.
Нұрділда Сыздықұлы қарапайым басшы ғана емес, ел қамын ойлаған, жұртының сенімін ақтаған тұлға болды. Ерекше еңбекқорлығы мен мойымас мақсаткерлігінің, мұқалмас ерік-жігерінің арқасында үлкен абыройға бөленді. Қандай лауазымды иеленсе де өзін көпшіліктен жоғары қоймайтын. Сондықтан да болар, оны халқы бірнеше мәрте қалалық және облыстық кеңес депутаты етіп сайлады. Еңбегіне лайық «Құрмет белгісі» орденімен, түрлі медальдармен марапатталды. Бұл – оның еңбегінің ел алдындағы айқын дәлелі болатын.
Ол кісі үшін мансаптың биігі емес, халықтың ризалығы қымбат еді. Бірге оқыған жан досы, кейін жақын жолдастықтары құдалыққа ұласқан Нұрмұрат Науанов былай деп еске алады: «Нұрекең қиындыққа сынбайтын, сабырлы кісі ғой, маған көп жайды аңғарта айтатын еді, артыққа бармайтын, сөздері есеп шығарғандай нақты, мәнді, ғибратты болатын. Пікірін жайдақ айтып, сыртқа көп шығара бермейтін. «Тоқмейілсіген ортада тоқырау басталады, ұшқыр ой қиялға кең өріс керек» деуші еді ол».
«Өткен адам болады көзден таса, өлді, өшті болады көзден таса, ол кетсе де белгісі жоғалмайды, керектісін ескеріп ұмытпаса» демекші, жасаған жақсылығын сағынышпен еске алатын әріптес аға-інілері көп-ақ. Ол әділ шешім қабылдай білетін басшы, жастарға қамқор аға ретінде жұртшылықтың есінде қалған. Қарапайымдылық пен табандылықты қатар ұстап, айналасына сенім ұялатқан азамат туралы әріптесіміз Қаршыға Жайбергенов жақсы естелік айтқан еді.
– Мен Нұрділда Сыздықұлымен 2000 жылдан бері таныс болдым. Ол кісінің қарамағында қызмет етіп, кейін зейнетке шықсам да, өзі негізін қалап кеткен «Шалқия» кен орнында еңбек етіп жүрмін. Нұрекеңнің бойында айта жүретін адами қасиеттер өте көп. Басшымын деп кеуде соққанын көрген емеспіз. Басты қасиеті, оның мықты кадрды айналасына топтастыра білуінде. Адам тани білетіні, оның қабілетіне қарай қызметті сеніп тапсыруы, алысты болжап, көрегенділік көрсетуі – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әсіресе, заман ағымына қарай бейімделіп, жоқтан бар жасап, қиын жолды қиыстырып, тәуекел ете білетіні маған ұнайтын. Әр қызметкерін шақырып алып, жағдайын сұрап, балаларын демалыс лагерьлеріне жіберіп, тоқсан сайын сыйақы беріп отыратын.
Алғашқы қадам әрқашан қиын болатыны рас. Сенімсіздік, күдік, күмән көп болды. Бірақ ол кісі жолдан таймады. Жаңа құрылымға халықтың сенімін арттыру үшін маңдай терін төкті, талай ұйқысыз түндерді өткізді. Көрегендік пен табандылықтың арқасында алғашқы холдинг аймақ экономикасына серпін берді. Бұл – бір адамның емес, халықтың игілігіне қызмет еткен берекелі іс еді. Тәуелсіздік алған жылдары автокөлік саласында бәсекелестікті дамыту мақсатында нарық экономикасын тереңдетіп енгізуіне орай, холдинг таратылып, автокөлік кәсіпорындарын жекешелендіру жүргізіле бастағанда ол кісі тағы бір қырынан көрінді. Сол кездегі автокомбинат ізімен «Қыран» мекемесін құрып, табандылығының арқасында ұжымды сақтап қалды. Ол үшін тынымсыз еңбек етті. Орал қаласынан тапсырыс алып, оны абыроймен атқарып шыққан. Келген соң «Жайрем» тау кен байыту комбинатында мыстың бетін аршу туралы тапсырысты орындайды. Ол уақытта өзге облыста жұмыс жасауға болмайды. Дегенмен істің көзін тауып, ұжымдағы әр адамның отбасы үшін аянып қалмады. Сөйтіп жүргенде мұнай қоры табылып, «Құмкөл» мекемесі ашылды. Қиын-қыстау кезеңде қазіргідей зауыттан шыққан арнайы тасымал көлігі жоқ. КамАЗ-дың борттарын алып тастап, үстіне цистерна қойып, оны мықтап бекітіп мұнай тасумен айналысты. Бұл біле білген адамға өте қауіпті іс болатын. Өйткені, ол мұнай тасымалдауға арналған көлік емес. Жоқтан бар жасап, қиюын қиыстыратын. Кейін мұнай кен орындарына скважина аралық жолдарын салуға бастамашы болды. Ұйымдастырушылық қасиеті бөлек еді. Халықтың игілігі үшін көп еңбек етті. Ғұмыры қысқа болғанымен көп іс тындырып, елдің ризашылығына бөленіп кетті.
Әке жолын жалғап жүрген Жайсаң баласының «Қыран» ЖШС мекемесін басқарып отырғанына да жиырма жылға жуықтады. Кіші баласы Бахтияр «Шалқия» кен орнын басқарады. Қазір жол құрылыс материалдары сол жақтан тасымалданып жатыр. Мекемеде 250 адам екі кезекшілікпен жұмыс істейді. Ортаншы баласы Данияр Ақтау қаласында облыс прокурорының орынбасары болып қызмет етеді, – дейді ол.
Жұртшылық оны тек басшы ғана емес, үлкен жүректі азамат ретінде де бағалады. Қызметкерлеріне қамқор бола білді, әріптестерін ынтымаққа шақырды. Қарапайымдылығы мен кісілігі – оның биік болмысының айғағы. Кезінде Нұрғали Жұмаділдаев, Жайық Маубаев, Қоныс Шалболов, Қаршыға Жайбергенов, Кеңес Әшірбеков секілді азаматтармен бір жұдырықтай ауызбіршілікпен қызметтес болды.
Ел игілігі үшін аянбай тер төккен азаматтың артында өнегелі ісі, адал еңбегі қалды. Халық жадында ол әрқашан іскер ұйымдастырушы, нағыз елжанды басшы, туған өлкенің жанашыры болып сақталып қалды. Өйткені, жаңа дәуірдің табалдырығында тұрған шақта, ел экономикасы жаңа арнаға бет бұрғанда ол кісі тәуекелге бел буды. Қорқып қадам баспайтын, батылдық пен сенімді серік еткен азамат ең алғашқылардың бірі болып холдинг құру ісіне кірісті. Бұл тек бір кәсіптің басы емес, тұтас өңірдің жаңа тынысы, алға басқан қадамы болды. Сол батыл қадамы кейінгі жас кәсіпкерлер үшін үлкен мектеп болды. Бұл бастамадан қаншама жас мамандар тәжірибе жинап, өз ісін ашты, өңірдің экономикасына үлес қосты. Демек, ол кісінің еңбегі – бүгінгі ғана емес, болашақтың да игілігі еді.
Нарықтық экономиканың қиындықтарына мойымай, жүк тасымалдау қызметінен басқа да салаларды игеріп, «Қыран-құрылыс», «Достық-ойл», «Пластпром», «Шалқия» зауыты сияқты жаңа жұмыс көздерін ашты. Іргетасы мықты компанияның ауқымы кеңейіп, көп салалы өндіріс орнына айналды. Бір әттеген-айы, өмірден ерте озып, өзінің қол жеткізген жетістіктерінің игілігін көре алмай кетті. Жеке басынан гөрі халықтың мүддесін жоғары қойған ардақты азаматтың есімін бірге қызмет еткен және кейінгі буын әріптес інілері ұмыт қалдырмай, әрдайым сағынышпен еске алады. Биыл өмірден өткеніне жиырма жылдың жүзі болды.
Нұрділда Сыздықұлы – аты ел жадында, еңбегі тарих бетінде, рухы ұрпақ санасында мәңгі жасайтын тұлға. Ардақты жанның ғұмыры өнегеге толы. Жаңашылдыққа ұмтылған жігері, ел дамуына қосқан үлесі, артында қалдырған асыл мұрасы – болашақ ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Мұндай тұлғалардың өмірі тарих бетінде алтын әріппен жазылатыны сөзсіз.
Бағдат ИСЛАМҚҰЛОВ,
«ShalkiyaDolomiteOperating» ЖШС
өндіріс жөніндегі директоры





