Абай аллеясына аялдаңыз

992

0

Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында орналасқан Абай аллеясынан ғұламаның өмір жолын, оның түрлі аудармаларын көруге болады.

Ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» секілді тағылымды дүниелері жастарға тәлім берсе,  қара сөздерінен бе­рілген үзінділер көп­ші­ліктің рухани азығына айналып тұр.

Мәселен, 33-ші қара сөзінде  «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қос­пай адал еңбегін сатқан қол­өнерлі – қазақтың әулиесі сол. Бірақ Құдай Тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады.

Әуелі – бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Осы қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады…» деген хакімнің ой парасаты талай пендеге өмір парқын паш етіп, терең тағылым жеткізіп тұр емес пе?! Ақынның қай сөзін алып қарасақ та жаманнан жиренуге, жақсымен жанасып, адалдықты ту етуге шақыратынын жазбай танисыз.

Абай шығармашылығы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» ма­қаласында «Абайдың шы­ғар­маларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идея­ны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деп шегелей түсіп,  Абай мұрасы біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық екенін көрсетті.

Қалай десек те, кемел ойлы кемеңгер ақынның ғибратты ғұмыры мен  шы­ғар­малары – рухани азық, бай мұра. Ал оған сусындап тұрамын десеңіз, Абай аллея­сына аялдаңыз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<