Абай болмысын жастар бейнеледі

1200

0

Абайдың руханият әлеміне бойлап, замандастарына ұғындыру жолында жастар жаңа қадам жасады. Бейсенбіде Қызылорда қалалық жастар театрының артистері Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты трагифарс жанрындағы қойылымның премьерасын ұсынды. Сахнада Абай өмірі ғана бейнеленбеді, оның ішкі үні, арпалысқа түскен рухы көрерменді ойландырды.

А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен қойылымның ерекше екені бірден аңғарылды. Бұл жолы негізгі Абай образынан бөлек, сахнада тұлғаның жас кезін 5 артист сомдады. Ақынның ойын жамандық торлап, ібіліс арбаған кезде биікке ұмтылған, адалдықты аңсаған «жас Абайлар» қолдау білдіріп, ой-санасын азат ететіндей көрінді. Мұны пьесаны жазған театрдың көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов былай түсіндірді:

– Осы жылдың аясында барлық өнер адамдары Абай тақырыбына барып, өзінше толғап, өзінше жырлап жатқан жайлары бар. Біздің театр да Абайдың жанын, болмысын сыртқа шығарып, көрерменге паш еткісі келді. Осы мақсатқа жеттік деп ойлаймын. Арнайы драматургия жазылды. Абай сүрінгенде, құлағанда біреуге қолын созып, маған көмектесші, шаршадым деген жоқ. Ішкі рухына сыйынады. Оның ішкі рухы – жас кезі, қиындық көрмеген, таза, балалық әлемі. Оның балалық әлемінен жас Абайлар көрініс табады. Біреу биіктен көрінсе, аяғынан тартып, шалғайына жармасатын халық екенімізді жасырмауымыз керек. Соны көрерменге ашып, айқайлап айттық, – деді ол.

Жас Абайдың рөлін сомдаған артистің бірі, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледждің түлегі – Әділет Әбенов. Ол Абай образын сомдау мәртебе екенін әрі үлкен жауапкершілік жүктегенін айтты. Олар қойылымды дайындау үшін бір жарым ай уақыт жұмсаған.

Абай болмысын жастар бейнеледі

Айта кету керек, спектакль қоюда жастардың да болмысы, ерекшелігі ескерілген. Отыз минуттан сәл асатын қойылымда музыка мен ырғақ, би, ән, көркемдік ерекше үйлесім тапқан.

Спектакль 13 қараша күні екінші рет сахналанады.

Айдана Жұмадинова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<