Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп ақын Абай Құнанбаев есімін иеленген. Мұнда үш тілде оқыту жүйесі жолға қойылған. Тағы бір ерекшелігі, 4,5 мыңға жуық оқушысы түгел ақын шығармашылығымен жақсы таныс. Өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтады. Ақынның 180 жылдық мерейтойы қарсаңында сөз қадірін түсінетін мектеп ұжымымен жолығып, балалардың қабілетін байқап көрдік.
Бұрын «Мұрагер» аталған іргелі білім ошағы 2020 жылы республикадағы Абай желілік мектептер құрамына енді.
– Мектебімізде Абай шығармаларын тереңдетіп оқытатын гуманитарлық сыныптар ашылды. Осыған дейін көптеген факультативті, онлайн сабақ ұйымдастырылды. Өткен жылы 1-11 сынып оқушылары мен жалпы ұжымды оқыту бағытында жоспар құрылды. Жоспар аясында әртүрлі іс-шаралар, оның ішінде тоқсанына бір рет Абай шығармашылығына арналған сайыстар өтіп тұрады. Биыл Абай өлеңдерін жатқа оқудан 9-сынып оқушысы Назым Бөлекбай қалалық деңгейде 1-орынға ие болды, – деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Өмірзақова.
Мектепте көрнекті ақын шығармашылығы кеңінен насихатталады. Бірінші сынып оқушысының өзі Абайдың кемінде бір-екі өлеңін қағазға қарамай нақышына келтіріп айтады. Соның бірі – кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған Еркеназ Бөлекбай. Бүлдіршін бізге «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңді бастан-аяқ мәнерлеп оқып берді.
10-сынып оқушысы Дидар Шуақбаев та – сөз қадірін жете ұғынатын дарынды балалардың бірі.
– Біз ақын өлеңдерін санамызға тоқып, өмірде қолдануға тырысамыз. Ол бізге өмірден өз орнымызды табуға көмектеседі. Оқушылар Абай өлеңдерін тілмен емес, жүрекпен айтып, құлақпен емес, жүрекпен тыңдап, жүрген жерінде дәріптеуге күш салады.
«Көп емес-ау саған артар міндетім,
Ең бастысы, өзіңе-өзің жүр жетіп.
Бір өлеңін жатқа оқысаң Абайдың,
Сол болады елге деген құрметің» дегендей, Абай атамызды құрметтеу – күллі қазақты құрметтеу деп білемін, – деді ол.
Оқу ордасында сөз зергерінің 100-150 өлеңіне дейін жадында сайрап тұрған шәкірттер аз емес. Солардың бірі – 11 сынып оқушысы Бағдәулет Тәуекелұлы.
– Менің қорымда соның 100-ге жуығы бар. Мектебімізде Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған іс-шаралар, оның ішінде театрландырылған қойылымдар, мәнерлеп оқу байқаулары жиі өтіп тұрады. Осыған дейін халықаралық конференция аясында театрландырылған көрініс қойылып, онда мен Құнанбайдың ролін сомдадым. Респуликалық байқауда 2-орын иелендім. Біз әрдайым әлем таныған Абайды мақтан тұтамыз, – дейді ол.
5-сынып оқушысы Алтынбек Нұрали хакім Абайдың 20-ға жуық өлеңін жатқа біледі.
– Ұстазым Ақбаян Исламқызы бізге көп нәрсе үйретті. Сол кісінің жетекшілігімен мектепішілік жарыстарға қатысып, топ жарып жүрмін. Ақынның әр өлеңін жүрекпен ұғуға тырысамын. Мен оның есімі қазақ барда мәңгілік жаңғыратынына сенемін, – деді оқушы.
Балалардың осылай бірінен-бірі озып тұрғаны ұстаздар еңбегінің арқасы екенін топшылау қиын емес. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айзат Қалыбайқызы өзі де мектепте оқып жүргенінде Абайдың 180 өлеңін жаттап алған. Талай жыр додасында тұғыр биігінен көрінді. Мектепте еңбек етіп келе жатқанына биыл жетінші жыл. Онысы өмір жолында рухани азық, шәкірт тәрбиелеуде бағдаршам бола білді.
– Абай шығармашылығын өзім сабақ беретін сынып оқушыларына үнемі насихаттаймын. Абайды қайталап оқыған сайын оны жаңа қырынан танисың. Мәдениетіңді, білімің мен болмысыңды жетілдіргің келсе, Абайды оқудан жалықпау керек. Ақынның әр өлеңі, қара сөзі мен аудармасынан өнеге алуға болады. «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу – маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар» деген төрт шумағының өзінде философия тұнып тұр. Оқушылар көбіне мұны тура мағынасында түсінеді. Негізі бұл жерде «базар» деп халықты, өмірді меңзеген, яғни оқудан, ізденуден жалықпаған адам өмірдің базарынан өзіне керегін алады, – дейді Айзат Қалыбайқызы.
Мектепте Абай шығармаларын мәнерлеп оқыту үйірмесі жұмыс істейді. Жетекшісі Сандуғаш Ибрашева ақынның рухани мұрасын жаңғырту жалғыз мерейтоймен шектеліп қалмайтынын, үзіліссіз жалғасатынын айтады. Ол өз шәкірттерінің арасынан 6-сынып оқушысы Раяна Әлидің ақынның 50 өлеңін жатқа білетінін мақтанышпен жеткізді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






