10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн 2020 жылы елімізде ресми түрде Абай күні ретінде бекітілген. Ақынның 180 жылдығы қарсаңында Семей өңірінде жарияланған онкүндік іс-шаралар легі туған жері Абай ауданында қорытындыланды.
Абай күніне арналған салтанатты жиынға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, халық жазушысы Төлен Әбдік, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, сонымен қатар Сыр өңірінің делегациясы қатысты.
Мерейтой барысында Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Президент құттықтауында Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын екені айтылған.

«Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетамымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды» делінген құттықтау мәтінінде.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде кейінгі жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен Абай мұрасы елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де кеңінен насихатталып жүргенін атап өтті.
– Абай шығармалары әлемнің негізгі тілдеріне аударылды. Осы ретте Президент тапсырмасымен Алматыда Абай ұлттық мектебі бой көтеріп жатқанын да атап өткен жөн. Бұл бірегей білім ордасы қазақ зиялыларының жаңа буынын қалыптастыруға қызмет етпек. Сондай-ақ ұлы ойшыл бізге «Толық адам» тұжырымдамасын өсиет етті. Қазіргі таңда Абайдың бұл идеясы мемлекеттік саясаттың негізгі өзегіне айналып отыр. Мемлекет басшысы жариялаған «Адал азамат» тұжырымдамасы осы негізге табан тірейді. Президентіміз Ұлттық құрылтайда белгілеп берген озық ойлы ұлтқа тән қасиеттер де ғұламаның өсиеттерімен үндес. Осындай іс-шараларды Абайға тағзым ету ғана емес, оның ойларын заманауи тұрғыда жаңаша түсініп, өмірде жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік деп қабылдаймыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Абай облысының әкімі Берік Уәли де жиналған жұртшылықты мерейтоймен құттықтап, мерекелік шаралардың ел игілігіне қызмет ететін жобалармен толыққанын жеткізді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдегендей, сырбойылық делегация да Жидебай ауылына барды. Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, кесенесіне тағзым етті. Делегация мүшелері сондай-ақ ақынның өмір сүрген үйін аралап, бүгінде музейге айналған тарихи орынмен танысты. Мұнда олар Абайдың жеке қолданған бұйымдарын, қолжазбаларын, шығармашылық мұрасын айғақтайтын жәдігерлерді көріп, ұлы ойшылдың өмір жолына терең бойлады.

Осы күні Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылында мерекелік концерт өтті. Онда көпшілік назарына «Бала Абайдан – дана Абайға» атты театрландырылған тарихи қойылым мен мерекелік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өңірлік музейлердің экспонаттары қойылған арнайы көрмемен танысуға мүмкіндік алды. Шара барысында Қызылорда облысының музейі де өз қорындағы құнды жәдігерлерін ұсынып, Сыр өңірінің тарихы мен мәдениетін таныстырды. Көрме қонақтары аймақтың бай мұрасын паш ететін қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар және тарихи суреттермен жақыннан танысты.
«Қарауылтөбеде» Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған қазақ күресінен республикалық ашық турнир осы күні қорытындыланды. Түйе балуан мен өгіз балуандар сайысына 40-тан астам спортшы қатысып, үздіктер марапатталды. Мерейтой аясындағы онкүндік кешкілік республикаға танымал өнер жұлдыздарының «Желсіз түнде жарық ай» атты гала-концертіне ұласты.
Бұл мерейтой ақынның ғана емес, тұтас қазақ халқының рухани көсемін ұлықтауға бағытталғаны белгілі. Осылайша хакім Абайдың мұрасын жаңғыртып, өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге тағы да жол ашылды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






