Абайдың алғашқы кітабы

3376

0

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармалары баспа бетін көрмей тұрған кезде-ақ дала жастарының арасында белгілі болғанын кезінде М.Әуезов атап өткен еді. Шындығында көптеген жиындарда, ойын-тойда, қыз ұзатып, келін түсіргенде жыршылар мен ақындар Абай өлеңін айтатын болған. Осылайша,  ұлы ақын өлеңдері Абайдың көзі тірісінде халық арасында жатталып, кеңінен таралып, ауыз әдебиетінің жауһарына айналып үлгерген. 

Классик жазушының «қазақ ортасында Абайдың шығар­маларын сүйіп, сүйсініп оқып, ұзатылар кезінде Мүрсейіт, Самарбай, Дайырбай сияқты көшірушілерге жаздырып алып, өздерінің жасау сандығына са­лып алып кеткен бір топ қыз­дарды білеміз», – деген сөз­дері ақын шығармаларының қол­жазба түрінде де көшіріліп та­ралғанын айғақтайды. Абай­дың өз ауылының қыздары ұзатылғанда өздерінің жасау­л­арының ішінде Абайдың өлең­­дері мен поэмаларының, на­қыл сөздерінің қолжазба жи­нақтарын ала кететін болған. Мысалы, Әсия, Уәсила, Рахила сияқты қыздардың сондай қол­жазба жинақтары осы күнге дейін сақталған.

Енді Абайдың әдеби мұрасы жинақталып, қашан баспа бетін көрді деген сауалға келейік. Абайтанушылар ұлы ақынның  өмірі мен шығармалары жайлы мәліметтер дүниеден өткеннен соң барып қолға алынғанын алға тартады. Расында, Абай шығармаларының толық жи­нағы тек ақын дүние салғаннан кейін ғана жарыққа шығады.  Жалпы, Абай өлеңді өте ерте, 12 жасынан бастап шығар­ған. Оның бұл кезеңдегі шығар­малары бізге жеткен жоқ. Отыз бес жасқа келгенде ақын шы­ғармашылыққа қайта ора­лады. Бірақ, бұл кезеңде де Абай өз өлеңдерін жас доста­рының аты­нан таратады. Тек, 1886 жылы қырық жастан асқан соң «Жаз» деген атақты өлеңін жазғаннан кейін ғана Абай шы­ғармаларына өз атын қойды. Сон­дықтан ұлы ақынның шы­ғармаларын жинақтап, бір ізге түсіру оңай болған жоқ.  

Ақын өлеңдерін, қара сөз­дерін жинақтап, бастыру ісімен інісі Кәкітай мен баласы Тұ­рағұл айналысады. Ақын көзі тірісінде өз шығармаларын кі­тап түрінде жинақтамаған, көп­шілік өлеңдері ел аузында жатталып, ал қолжазба ретінде жазылған нұсқалары толық сақталмағандықтан, мұрасын жи­нақтау ісінде көптеген қиын­дық туындаған еді. Сол себепті кітап етіп баспадан шығару келер ұрпаққа Абай мұрасын аманат ретінде қастерлеп жет­кізумен маңызды болды.

«Қазақ ақыны Ибраһим Құ­нанбай ұғылының өлеңі» атты Абай атамыздың алғаш­қы жинағы 1909 жылы Пе­тер­бор қаласында Ильяс Бора­ганскийдің баспаханасынан ба­сылып шықты. Кәкітай мен Тұрағұлға ұлы ақынның қол­жазбасын жинақтап, баспаға дайындауды тапсырған адам Әлихан Бөкейханов еді. Бұл туралы абайтанушы, ғалым Қайым Мұхаметқанұлының  1991 жылдың 28 тамызында «Се­мей таңы» газетінде жарық көрген еңбегінде айтылады. 1905 жылы «Семипалатинский листок» басылымында, 1907 жылы «Записки Семипала­тин­ского подотдела Западно-Си­бирского отдела Русского гео­графического общества» атты басылымда Абайдың дүниеден өткені жайлы «қазанама» (нек­ролог) жарияланған екен. «Бұны істеген адам – Әлихан Бө­кейханов» деп жазады абай­танушы, ғалым Қайым Мұха­мет­қанұлы.

Абайдың қазасынан (1904 жыл) кейін туыстары мен балалары ақынның мұрасын жинастырып, баспаға әзір­леу­ге кіріскен. Сөйтіп, Кәкітай  Ысқақұлы мен ұлы Тұрағұл 1905 жылы жазға салым Абай­дың өлеңдерін, қарасөз­дерін жинап, түгендейді. Ұлы ақынның мұрасын ел ішінен тірнектеп жинап, тап­қан­да­­­рын қағаз бетіне түсіруді Мүр­­сейіт молдаға тапсы­рады. Ол – Абай ауыл­ында бала оқытқан, ақынның тап­сы­руымен кейінгі жылдары өлең­дерін жазып алып отырған адам. Ескіше құсни-көркем жазудың хас шебері Мүрсейіт молда әдемілеп көшірген өлең­дер саны 5 дәптерге жеткен. Жоғарыда атап кеткендей, Абай өлеңдеріне сұрау салған адамдарға да көшіріп беріп отырған. Жалпы Мүрсейіт қол­­жазбалары халықты ақын шы­ғармашылығымен таныс­ты­ратын негізгі нұсқа болып табылады.

Абай өлеңдері баспадан жа­риялау жұмыстары қалай жүргізілгені жайында Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде: «1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай қос тіккізіп, Мүрсейіт молданы шақыртып алып: «Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз», – деп оңаша қосқа отырғызады.  Мүрсейітке қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып, Семейге өзі алып кет­ті. Осындай сергелдеңмен жү­ріп Абайдың бірінші өлең жи­нағы 1909 жылы, яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітай өзі жазды», – деп баяндайды.

Кәкітайдың осы алғашқы жинақты шығарудағы еңбегін «Абайдың баспаға шығуында тарихтық, бірінші зор еңбек етуші – Кәкітай дейміз», – деп заңғар жазушы М.Әуезов өз бағасын береді.

1909 жылы Санкт-Петер­бургтағы Ильяс Бораганский  бас­­паханасында басылып шық­қан алғашқы жинақта «Халық ту­ралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық тура­лы», «Ой туралы», «Наси­хат туралы», «Заман­дастар ту­ралы»,  «Жаз­ғы­тұры», «Жаз», «Күз», «Қыс», «Аңшы­лық ту­ралы» деген атау­лармен өлең­дері, «Переводтар» атауы­мен 41 аударма өлеңі, «Әңгіме Мас­ғұт», «Ескендір әңгімесі» дастандары және кітап соңында Кәкітай жазған Абайдың өмір­баяны мен фо­тосуреті берілген. Жалпы жи­нақта 145 өлең, 2 дастан басылған.

Абай мұрасының адамзат өркениеті тарихындағы теле­гей теңіз, теңдесі жоқ қадір-қасиетіне Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов «Абай кітабына» атты өлеңінде:

Күніне жүз оқысаң

жалықпайсың,

Көз талды, шаршадым деп

талықпайсың,

Бір сөзін бір сөзінен

артық көріп,

Құмақ боп қайта-қайта анықтайсың, – деп зор баға береді. Алаштың асылы Әли­ханнан кейін де Абайдың кі­табын оқыған қазақтың ақын-шайырлары қаншама арнау өлеңдер жазды. Мәселен, Мағ­жан Жұмабаев «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген жырын арнады. Олардың қа­та­рында Сыр сүлейлері Тұр­мағамбет Ізтілеуұлы, Шо­раяқ­­тың Омары және ақын Нұр­­туған Кенжеғұлұлының бол­­­ғанын мақтанышпен айта­мыз.

Ақынның туған топырағы Семейдегі Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тари­­хи-өлкетану және әдеби-ме­мориалдық  қорық-музейі­нің бас қор сақтаушысы М.Аблам­бае­ваның айтуынша,  Абай музейі қорында Мүрсейіт кө­шірген Абай өлеңдері жа­зыл­ған дәптердің фотокө­шір­месі, 1909 жылы жарық көр­ген кітап және оның фотокө­шірмесі сақ­талған. Сонымен бірге Абай шығармаларының 1909 жыл­ы араб әрпімен басыл­ған нұсқасының аудар­масын жасаған Ахат Шәкәрім­ұлы­ның және Тауфиқ До­саев­тың (Шә­кәрімнің жиені) қолжаз­балары, жинақтың фак­симиль­ді басылымы бар. 

Ұзақ жылдар бойы ұлы ақын мұрасын жан-жақты на­сихаттап отырған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің көшпелі көр­месінің Қызылорда қаласында болуы Абай тақырыбын зерт­теушілер мен қарапайым кө­рермендер үшін есте қалар оқиға болғаны анық.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<