«Абайдың алғашқы кітабы» деректі фильмі көрсетіледі

974

0

26-27 желтоқсан күндері 17:40-та «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы түсірген «Абайдың алғашқы кітабы» екі бөлімді деректі фильмі эфирге шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Ильяс Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көру тарихына арналады. Абай дүниеден өткен соң, Тұрағұл Абайұлы мен Кәкітай Ысқақұлының ұйымдастыруымен ел ішіндегі Абайдың қағаз бетіне түскен шығармалары жинақтала бастайды. Абайдың шәкірттері Көкбай, Уәйіс, Бейсембай аузынан негізгі өлеңдері жазылып алынады. Жинақталған, жүйеленген шығармаларды Мүрсейіт Бікеұлы мен ұлы Тұрағұл көшіріп, қағаз бетіне түсіреді.

Бұл уақытта Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетіне Абай туралы «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы жарық көреді. Деректі фильмде Абай шығармаларын жинақтап, баспаға беру ісіне Әлихан Бөкейхановтың атсалысқаны туралы айтылады. Сол уақыттағы мұсылман әдебиеттерін шығаратын Ильяс Бораганский Әлихан Бөкейхановтың өтінішімен кітапқа атақты түрколог Платон Мелиоранскийді жауапты редактор етіп бекіткені туралы деректер келтіріледі.

Фильм осылайша ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын жан-жақты баяндайды. Ұлттық арна деректі фильмнің түсірім жұмыстарын Шыңғыстау өңірі, Семей, Омбы, Қазан, Санкт-Петербург қалаларында жүргізді. Жобада құнды мұра тарихы туралы «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайының директоры Тұрдығұл Шаңбайдың, тарихшы Сұлтан Хан Аққұлұлы мен абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың пікірлері берілген.

Деректі фильм «Qazaqstan» арнасынан 26-27 желтоқсан күндері 17:40 та эфирге шығады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<