Абайдың рухани әлемі – ерекше тылсым құндылық. Ойшыл өзінің азаматтық парызын орындауға ғұмырын арнап, адамтану ілімінде жаңалықтар ашты. Абай философиясының басты мақсаты – адамды барынша жоғары деңгейге жеткізіп, кемелдіктің онтологиялық-аксиологиялық мәнін ашу. Бүкіл өміріне азық етіп басқаларға да шарапатын тигізу.
Мұхтар Әуезов Абайдың: «Ұстаздық, әлеуметтік талабының түп мақсаты жеке адамдарды жаманшылықтан арылтып, сол арқылы заманындағы қауым-қоғамын және бар халқын түзетіп өзгертпек болады» дейді. Бұл тұжырым Абайдың адамгершілік тәрбиеге, оның негізі болатын мораль философиясына орала беретін себебін ашып көрсетеді. Абай қазақтардың өткені мен бүгінін, болашағын, салт-дәстүрі мен рухани мәдениетін жетілдіру, жастарға адамгершілік тәрбие беру жолдарын тынымсыз ойлаумен өтті. Бүгінгі уақыттың талабына сай ой түйіндейтін болсақ, хакімнің ойлау мәдениеті қазақтың менталитеті, болмыс бітімі қандай, оған тән кемшіліктерді қалай жоюға болады деген сауалдар төңірегінде өрбіді. Ол өзінің бүкіл болмысын, білімі мен өмірлік тәжірибесін, поэзия мен прозасын, ой-толғанысы мен философиясын адам бойынан таба білді. Ол кісілік қасиеті, білімі мен парасатын елдің қамын ғана емес, адамзаттың мақсат-мүддесін ойлайтын, дүниеге әлем тұрғысынан қарайтын адамды тәрбиелеуге жұмсады. Ұлы данышпанды адам өмірінің мәні, тұрмыс-тіршілігі мен болмысы, ар-намысы сияқты мәселелер ерекше толғандырды. Ол былай дейді: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес, «мені» мен «менікінің» айырылғанын, «өлді» деп ат қойыпты өнкей білмес. Өйткені қоғамдағы құбылыстар мен процесстердің өзегі адам болмысы болып табылады. Бұл жерде «мен» деген не, «менікі» деген не? Сауалдарға жауапты Абайдың өзінен табамыз. «Мен» дегеніміз – ақыл мен жан. Екеуі де – рухани түп негіз. «Менікі» деп сөзді тәнге қатысты айтып отыр. Абай адам баласының жаман-жақсы қасиеттеріне терең мән беріп, философиялық ой толғауларында атап көрсетеді. Отыз сегізінші сөзінде Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек» дейді. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшіншісі – зұлымдық. Үш-ақ нәрсе адамның жақсы қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Адам бойындағы осы үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деген қорытындыға келеді. Ол ғылымды үйреткенде, бақталастық, атақ-даңқ үшін емес, айқын мақсатпен, білмек үшін үйрену керектігін баса айтады. Өйткені қай қоғамда болмасын, бақталастық адамды жаман жолға жетелейтіні рас. Абайдың пікірі бойынша адамгершілік нормалары мен принциптерін күнделікті өмір сүру тәсіліне айналдырған адамды ғана нағыз адам деп есептеуге болады. Сондықтан «Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз… Бес нәрседен қашық бол. (Бес дұшпан – Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ) Бес асыл іс – Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рақым)». Ұлы ойшыл, адам бойындағы ұят пен иман мәселесін қозғайды. Бұл екі ұғым адам мен хайуанның аражігін ажыратады. Адам хайуаннан, ақ жүректігімен, адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленеді. Ұяты бар адам – иманды. Ойшыл Абай адамдық танымдағы ұяттың басымдығын сөз етіп тұр. Жиырма бесінші қара сөзінде: «Қарыны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Алып ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығына уа әртүрлі бәлеге ұрлық зорлық, қулық-сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатын нәрсе» деп ой түйіндейді. Бұл пікірді мақұлдауымыз қажет. Өйткені, қай қырынан алсақ та философия адам мәні, оның болмыстық мақсаты сынды мәселелерді айналып өте алмайтыны ежелден мәлім. Абайдың да дүниетанымындағы негізгі тұжырым, басты құндылық – адам болмысы. Абайдың қара сөздерінен, таусылмас рухани қазынасынан, оның адамның өмір сүру философиясын бес бағытта қарастыратынын аңғаратынымыз. Біріншісі, жеке адамдардың тұрмыс-тіршілігі. Екіншісі, әлеуметтік топтардың қоғамдағы алатын орны, мінез-құлқы, менталитеті, психологиясы; Үшіншісі, ұлттың ата-бабалардан мұраланған өзіндік өмір салтын, дәстүрлі мәдениетіне бейімделген мұрат-мақсаттарын болмыстың жаңа сұраныстарына байланысты жаңартып, жаңғырту жолдары. Төртіншісі, адамзат тарихында қалыптасқан моральдық құндылыққа сай келетін үрдістердің өркениетпен сабақтасу жолдары. Бесіншісі, имандылық жолымен Алла болмысын тану. Адамның өз іс-әрекетін, сөзін, Иллаһи қағидаларына, пайғамбар хадистеріне, өнегелеріне сай келтіруге ұмтылу. Жаратушы махаббатына сүйіспеншілікпен жауап қайтару жолы. Бұл бес тармақты бағыт, адамның жаны мен тәнінің дамуы мен өркендеуі, өсу негізінде қалыптасатын, бүгінгі өмірде маңызды орын алатын талпыныстар. Абайдың ойлау жүйесі, адам өмір сүруінің философиясы мен табиғатына, адамзат болашағына зор сенім негізінде қалыптасқан. Сонымен біз өскелең ұрпақ адамды Абайша түсінудің тұжырымдарын, құндылықтарын түсінуге бет бұруымыз қажет. Бұл әр адамнан парасат пен ерікті, ақыл мен сезімді жұмылдыруды талап етеді.
«Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» сияқты өлеңдерге назар салсақ, Абайдың өмір құбылыстарын сөзбен мүсіндеп, жанды бейнеге айналдырып сипаттауда алдына жан салмайтын суреткер ақын екеніне ден қоямыз. «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Бөтен елде бар болса», тағы сондай туындыларға қарап нағыз сыұақшыл, өткір мысқылға шебер ақын осындай-ақ болар десек. «Мәз болады болысың» атты өлеңді еске түсіріп, әжуалап келемеждеудің мұндай да өте нәзік, өтімді түрі болатынына тәнті боламыз. «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» атты өлеңдердің қазақ поэзиясында қалыптасқан насихат, өсиет үлгісіндегі нұсқалардан мазмұны да, ойды бейнелеп айту тәсілі де мүлдем өзгеше екені көңіл аударады. Ал «Сен мені не етесің, «Ем таба алмай», «Қор болды жаным» секілді нәзік лирикалық туындылар қазақ поэзиясында бұрын орын теппеген сыршыл лириканың жаңа үлгілері екені айқын аңғарылады. Абайдың әр өлеңінде оның осындай ақындық тұлғасына жаңа бір қырынан танытатын өзгешелігі болады десек, олар іштей астасып жатқан сипат, қасиеттер екенін де айтуымыз керек. «Сегіз аяқты» окығанда мұнда терең сыршылдық, ғибратты насихатшылық, бейнелеп суреттеуге, тіпті өлең өрнегін өзгеше өрнектеуге шеберлік те бәрі ұштасып келетіні анық көрінеді. Абайдың көркемдік ойлау, бейнелеп айту, суреттеу тәсілі мүлде жаңа, даралық стилі еркін. Икемді, поэзиядағы қалыптасқан, дайын үлгілерді қайталамайды. Осының өзі-ақ оның поэзиясына жаңашылдық сипат дарытады. Ол қазақ поэзиясының мазмұндық ауқымын, тақырыбын кеңейтті, әдебиетте жаңа жанрлық түрлер туғызды. Халықтың сөйлеу тілінің, қазақтың ауызекі ақындық және ән өнерінің байлығын кең пайдалана отырып, ол өлең сөздің шеберлік кұралдарын жетілдірді, өлеңдік өлшемінің интонациялық-ритмикалық байлығын терең ашып көрсетті, жаңа ырғақты, үйлесімді өлең үлгілерін енгізді, ақындық тілдің образдылық-бейнелеу, стилистикалық мүмкіндіктерін толықтырды. Қазақтың ақындық тілін, әдеби тілін ұстартып жетілдірді, әдеби тілді биік жаңа сапаға көтеріп, жаңа үлгіде қалыптастырды.
А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, т.б. ақындардың шығармаларын шеберлікпен аударып, қазақ әдебиетін жаңа ой орамымен байытты. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» бірнеше үзінді нұсқаларды таңдап алып, «Татьянаның хаты», «Ленскийдің сөзі» атты өлеңдерін шығарды. Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы», «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр», «Жартас», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Альбомға» өлеңдерін қазақтың төл туындысынша сөйлетті. Бұл шығармалар Абайдың ой көрігінде қайта қорытылып, жаңадан дүниеге келген туындылар еді. Мысалы, Абайдың Лермонтов мәтінін қазақша жеткізу әдістері әртүрлі.
Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасы шын мәнісінде, қазақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия секілді. Абайды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экономикалық, саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал жайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады.
Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған, ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Міне, Абай әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздейді. Ол өзінің ілімінде, пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысты, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.
Кемелдену, жетілу – адам өмірінің мақсаты екенін айтады Абай. Жетілу дегеніміз не? Түрлі жетілулер бар. Мысалы, спортпен шұғылданып өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу барын, ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетеді.
Абайдың пікірі бойынша адамгершілік нормалары мен принциптерін күнделікті өмір сүру тәсіліне айналдырған адамды ғана нағыз адам деп есептеуге болады.
Жанат ЖАЛМАҒАМБЕТОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Қызылорда филиалының
оқытушысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<