Соңғы кездері «Қазір жастардың жадын әлеуметтік желілер жаулап алды. Олар кітап беттерінде қатталып қалған рухани құндылығымызды танып-білуге құлықсыз» деген сөздер көп айтылып жүр. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Медиа-Пресс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы» осы олқылықтың алдын алуға бағытталды десек болады. Айталық, шараның мақсаты: ана тілінің қолданыс аясын кеңейту, сөз мәдениетін көтеру, сондай-ақ, жастар арасында әдебиетті насихаттауға бағытталды.
Байқаудың ережесіне сай қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде қазақтың белгілі жазушыларының көркемдігі жоғары прозалық шығармаларынан үзінді оқу болса, екінші кезеңінде Алаштың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай ақынның поэзиялық шығармаларын оқу. Әдеби шараға 24 талапкер қатысты. Олардың қатарында әр салада еңбек етіп жүрген жас мамандар, студенттер, мектептің жоғары сынып оқушылары болды.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, талапкерлердің арасында шығарманың мазмұнына терең бойлап, тебіреніспен орындап шыққандар да болды. Айталық, Абайдың қара сөздерінен, Б.Момышұлының «Ұшқан ұя», Б.Майлинның «Шұғаның белгісі», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармаларынан оқылған монологтар көрермендердің көңілін босатып, көздеріне жас үйірді. Талапкерлердің өнеріне Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты А.Айтбаева басқарған қазылар алқасы баға берді.
«Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі» деп Абай айтпақшы, шығармашылық – жүректі жарып шығатын сәулелі дүние. Сол сәулені көрермен көңіліне қапысыз жеткізе білген талантты жастар байқаудың басты орындарын иеленіп, бағалы сыйлықтармен, облыстық ішкі саясат басқармасының арнайы жүлдесімен марапатталды. Ал 1-ші орынды иеленген қаладағы №253 орта мектептің 11 сынып оқушысы Өмірбай Абылайхан республикалық кезеңге жолдама алды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<