Өмір керуен деп жатады. Ол жылжыған сайын әр пенденің оның қарапайым заңдылығына бағынуға тиіс екенін ұғынғандай боласың. Мұндайды әдетте біреудің алдындағы «парыз», «қарыз», «жауапкершілік», қажет десеңіз «міндет» деген ұғымдармен байланыстыруға болады. Кешегі «Ленин жолы», бүгінгі «Сыр бойы» газетінің тарихында ойып тұрып алатын орны бар, табандылығы талантымен, әділдігі еңбекқорлығымен ұштасқан тұлға – Мырқы Исаев туралы жазуды өзімнің парызым деп есептесем де сәті бір түспей-ақ қойғанына өкініп жүретінмін.
Өткен жылы ол кісі 90-ға толды. Ұлы Мейрамбек бастаған ағайындары, замандастары дүркіретіп атап өтті. Жазудың реті еді, сәті келмеді. Мәкеңмен ұзақ жыл қызметтес болған көзі тірі аға буынның алдына түскенді ерсі санадым. Бірақ қоғамдық ұйымдар ұйымдастырған шараларға қатысып, естеліктер айттым. Ішкі сыр сандығын ашып, ойымды бүкпесіз еркін жеткіздім. Себебі, Мәкең жаратылысынан ақжарқын әрі ашық, кемшілікке тым төзімсіз еді-ау, жарықтық….
…1983 жылы КазГУ-ді бітіріп, «Ленин жолына» корректор болып орналастым. Сол уақыттың өлшемімен алғанда бұл сәттілік еді. 1985 жылы газетке Нұрділдә Уәлиев бас редактор болып тағайындалды. Обкомнан келген тәжірибелі басшы, қызметкерлердің іс-қағаздарымен танысқан болуы керек, маған келгенде: «Шиелі, Жаңақорған аудандарына меншікті тілшілікке, жақында зейнеткерлікке шығатын кісінің орнына ауыл шаруашылығы бөліміне барасың ба? Бірақ ол орындар дәл кәзір бос емес. Босы – Мырқы Исаевтың бөлімі. Күрделілеу кісі. Талабы қатты. Бірігіп қызмет істей аласың ба?», – деді.
Ойланып қалдым. Мырқы Исаев. Корректор кезімнен білемін, Мәкең облыстық деңгейдегі бірінші басшылармен айқасудан қашпайтын азулы журналист. Прокурор, сот дегендеріңіз, аттарынан ат үркетін ірі-ірі трест басшылары «Мырқы» десе аяқтарын жияды. Бірақ осы жолы ұсыныстан бас тартпауым керек деп шештім. Ол кездегі тәртіп бойынша партия ұсыныстан бас тартқанды, өзіңе жайлы орынды қалағаныңды әсте ұната бермейді. Сондықтан редакторға «тәуекел» деп жауап бердім.
Обалы не керек, Мәкең жақсы қабылдады. Күнделікті бөлім жұмысын қалай атқарып жатқанымды жіті қадағалайды. Әдейі сынағысы келіп сұраған әріптестеріне мені мақтай жөнеледі. Ол уақытта бөлім басшылары мақала жаза бермейді. Тапсырма береді. Тілшілер орындайды. Алайда, Мәкең редакциядағы бес бөлім басшыларының ішінде жалғыз өзі тілшіден бетер мақаланы түйдек-түйдегімен бұрқыратып тастайды. Байқаймын, күнімен мекемелер аралап, фактілерді жинап алады да түнімен үйінде өзі машинкаға бастырып, дайын күйінде әкелетін сияқты. Әйтеуір тыным таппайды. Мұндайда сын мақала болса, ол енді бас редактордың «бас ауруы» дей беріңіз. Редактор дау-дамайдан сақтанып шығарғысы келмейді. Мәкең мұндайда шегінбей қасарысып тұрып алады. Айрықша еңбекқор. Сол кезде 60-ты алқымдап қалған жасына қарап қайран қаламын. Түскі үзіліске 10-20 минут қалғанда «Шымбайдағы» үйіне бару үшін редакциядан шығып қазіргі автомобиль басқармасының ғимаратына қарсы орналасқан аялдамаға барады. Жүрісі шалт. Сағат тілі екіден сәл өткенде кабинетте отырады. Бірден телефонға жабысып, автобус паркінің бастығына телефон соғады.
– Кесте бойынша сағат 12.50 де жүретін №3 маршруттағы автобус келмей қалды. Қайда жүр?
Сол күні автобус паркінде ұлы дүрбелең. Ақыры автобус паркінің жауапты қызметкерлері Мәкеңе келіп кешірім сұрайды. Автобустың жоғалып кету себебін айтып, қолданылған шара жөнінде баяндайды. Қарап отырып мен қысыламын. Кейде «қайда келгенмін» деп ойланып та қоямын. Мұның арты не болар екен? Барлығын жиып қойып Мәкең сәл жұмсарғандай болады. «Үйде 10 минут көз шырымын алсам тыңайып қаламын. Бұны құс ұйқы дейді. Көріп отырсың, жұмыс көп қой» дейді. Ашуы тез тарқап, жайдары қалпына түседі ғой, жарықтық. Кәдімгі қазақ айтқандай, «жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше» дегендей.
Бөлімде күнде «қызық», сол қызықты көргісі келген басқа бөлімнің жігіттері Мәкеңе келеді. Ол ақкөңіл, ішкі сыр деген болмайды. Кіммен «жаға ұстасқанын», кіммен «айқасуға» шыққанын жайып салады. Аламан тасыр бір дүние.
Сол дәуірде обкомның бөлім меңгерушісімен кез келген журналист тікелей сөйлесе алмайды. Оның құзіреті бас редакторда болғандықтан ол тікелей байланыс-«вертушкамен» сөйлеседі. Ал Мәкеңе обкомдағылар «құрметпен» қарайды. Обкомның өнеркәсіп, транспорт құрылыс бөлімінің меңгерушісі В.Ковалев Мәкең телефон соқса, хатшы арқылы бірден көтереді.
– Әй, Володя, ана бір құрылыс тресіңде біршама былықтар бар-ау сірә, пәленшеев дегенің сөйлесуден қашқақтайды ғой, – дейді. Ковалев сабырлылықпен тыңдайды. Мәкеңнің екпінін басады, бірақ сөзін жерге тастамайды. Өтініштің орындалғанына Мәкең де мәз.
Ендігі кезекте обкомның құрылыс жөніндегі хатшысы В.Рябов журналистің құрығына «түскендей» болады. Құрылыс сапасы ол кезде редакцияның, обкомның қатаң бақылауында болғандықтан әрбір мақала назардан қағыс қалмайды.
Мәскеудегі М.Горбачевтың қайта құруы Қызылордаға бірінші хатшы болып келген Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің тегеурінді саясатымен сабақтасқанының тірі куәгері болғанымды жасырғым келмейді. Ерекең Мәкеңнің қолдауына көп сүйенді. Әрине, бұл тұрғыда барлығы жіптіктей болды деу қиын. Саясат жүрген жерде бірін-бірі ұнатпаушылық, біреудің бақай есебі, интрига дегендеріңіз қатар жүретіні белгілі емес пе? Мәкең арқылы өз есептерін жүргізгісі келгендердің де осы орайда кездесіп қалғанын айтпай кетуге болмайды. Ол кісінің кейде асығыстықпен жасаған қадамдары да болды. Маған берген тапсырмасы бойынша жазылған бірқатар мақалалардан біраз дау-дамай туындады. Мақала авторының үстінен горкомға арыздар да түсті. Әрине, бұл жерде тәжірибесіздіктен кеткен қателігімді де мойындауға тура келеді. Мысалы, теміржол саласында тұтастай әулетімен еңбек ететін Байсағұловтар туралы жазылған мақтау мақала бойынша горкомға 40 адам қол қойған қарсылық білдірген арыз түсті дегенге сенесіз бе? Нақ осылай болды. Бұл маған тапсырма берген жаныштауға көнбейтін Мырқы Исаевты ауыздықтау үшін жасалғанын кейін түсіндім. Жиналыстың талқысына түстік, екеуміз де бір-бір сөгістен алдық. Кейін мұндай жағдайлар тағы қайталанды. Бұл бір жағынан өзімді сақ болуға үйретті.
Кеңес дүниесінде жоғары инстанцияға жолданған адамның қолы қойылмаған шағымды «домалақ» арыз дейді. Бірақ қаншама домалақ болса да онда айтылғандар билік, заң орындары тарапынан мұқият тексеріледі. Ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі сол, Мәкең ешқашан біреудің сыртынан жасырын іс-қимыл жасамайды, айтатынын тура бетіне басады, керек десеңіз «енді сенімен айқасамын» деп төтесінен қойып қалады.
Осыған орай жалпы, облыс өміріне қатысты бір оқиғаны айтып кетудің реті келген сияқты. 1979 жылы КазГУ-дің бірінші курсын бітіріп, редакцияға практикадан өтуге келсем, жұрт дүрлігіп жатыр екен. Мәскеудегі орталық комитеттің органы «Правда» газетінде «У обкома на виду» деген мақала жарияланыпты. Ұмытпасам, авторы Қазақстандағы меншікті тілші Юрий Кринициянов. Мақалада басшылардың өздеріне қолайлы пәтер салып, оған қоныстанып алғаны, әлеуметтік әділеттілік принциптерін бұзғаны жазылған еді. Ол кезде «Правда» газетіне мұндай сипаттағы мақаланың шығуы республика көлеміндегі сенсация. Мақаланың дүмпуі күшті болды. Бірқатар лауазымды қызметкерлер қызметінен босатылды. Бір қызығы, ел арасында бүгінге дейін Мәскеу газетінде жарияланған сол мақаланың жазылуына Исаев түрткі болды деген сөздердің айтылып қалатыны бар. Шынын айтуымыз керек, Мәкең ешқашан ешкімнің сыртынан қол қойылмаған арыз жазған емес. Ал әлгі мақаланы ол кісінің «Ленин жолы» газетіне «Обкомның көз алдында» деген тамаша тақырыппен аударып (ол кезде облысқа қатысты үлкен газеттерде жарияланған мақаланы жергілікті басылымдардың көшіріп басуы міндетті) бергені рас. Бұл тұрғыда Мәкеңнің ары таза екенін айтқымыз келген еді.
80-жылдардың орта шенінде Қызылордаға Мәскеуден, Орталық комитеттің органы – «Журналист» журналынан екі журналист келді. Редакцияның ішкі ахуалына байланысты Мәкеңнің жазған шағымы бойынша әлгі екеуі зерттеу мақаласын жазды. Мақаланың аты «Белое ружье». Тақырып қазақ санасында шындық үшін қайыспайтын сауыт киген адамды бейнелейтін «Ақберен» ұғымына байланысты қойылса керек-ті. Мәскеулік журналистер осылайша Мәкеңнің болмысына өздерінің шынайы бағасын берді.
Мәкеңе жеке бастарының арыздарымен редакцияға келушілер көп болатын. Ол кісі бас тартпайды. Ешкімді алаламайды. Ынта-шынтасымен кіріседі. Тағы ерекшелігі, орысша да жаза береді. Есесіне ол кісінің зерттеп келтірген фактілердің көптігі соншалық, олардан бірнеше мақала жазуға болар еді. Бұл енді ол кісінің ерекше еңбекқорлығының нәтижесі болса керек-ті.
Мәкеңнің зейнетке шыққандағы болмысы менің санамда бойындағы күш-қуаты сарқылмаған, қаламы мұқала қоймаған, жүріс-тұрысы, қимылы шалт тұлға ретінде сақталып қалды. Сол кездегі облыстың бірінші басшысы Сейілбек Шаухаманов осынысын сезген болуы керек, үлкен жұмыс – соғыста қайтыс болғандардың есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында «Боздақтар» кітабының редакциялық алқасын басқару міндетін жүктеді. Мәкең, бұл міндетті де табандылықпен атқарды. Сөйтіп, аруақтар алдындағы парызын да мүлтіксіз орындады.
Қайран Мәкеңмен бірге сол заманның идеологиясына, мазмұн-сипатына ғана тән тұтас бір дәуір де келмеске кетті…
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі.
Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<