Сырғақ батыр Абылай ханмен тұстас, жастары да құралпы және онымен достық қарым-қатынаста, қол астында талай рет жауға атойлап шапқан. Көп батырдың бірі емес, өзіндік орны болғандықтан шығар Абылай ханның және ақсақалдар шешімімен мәйіті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылған.
Түркістан қаласының 1500 жылдығын атап өтерде кесенеге жерленген батырлардың аты-жөні жазылған ескерткіш тақта орнатылған. Онда Сырғақ батыр Ниязұлы есімі 153-ші болып жазылған.
Жоңғарлар қазақтарды түпкілікті жеңу мақсатымен 1739-1741 жылдарда Орта жүз қоныстарына жойқын жорық ұйымдастырған. Жаулар қазақтың қарсыласу күшінің неғұрлым шоғырланған жерін есепке ала отырып, сол қамалды бұзуды көздеген. Бірақ өз мақсатына жете алмаған, кері шегінуге мәжбүр болған.
Тегінде адам батыр болып тумайды, оны заман туғызады. Сол замандағы қазақ руларының бытыраңқылығы, қауым болып бірікпеуі, жер таласы мен жесір дауларының аяғы, олардың өзара қырқысуы көп ретте бармақ тістеткені тарихтан аян. Осы кездері елдің намысы мен жоғын жоқтайтын азаматтар бес қаруын сайланып, қаруланып, кіреуке сауыттарын киіп еріксіз атқа қонған. Сырттан жау келгенде қарсы тұрған.
Сырғақ батыр да осындай тар уақытта, зар заманда елім үшін деп атқа қонған, буыны бекір-бекіместе ат жалын тартып мінген. Кім біледі, егер 19 жасында опат болмаса, Қабанбай, Бөгенбай мен Наурызбай секілді беткеұстар батырлардың бірі болар ма еді?!
Сырғақ батыр Ниязұлы 1719-1720 жылдары дүниеге келген. Оның жастық шағы жоңғар қалмақтарының Алтай мен Арқадан қазақтарды ығыстыра шабуылдауының салдарынан қалың елдің қарт Қаратаудан асып, Сыр өңірінен пана іздеу кезеңіне тұспа-тұс келді. Осы кезде Қожаберген жыраудың:
– Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған қиын екен,
Екі көзден мөлдіреп жас келеді, – деген атақты «Елім-ай» дастаны туды. Бұл тарих бетінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен мәңгі жазылып қалды.
«Сыр бойында отызыншы жылдардың орта кездері қуаңшылық болып, қалың ел қайтадан Арқаға бет түзейді. Малының қоңы көтерілмей, жүк артар көліктері болмай бір ауыл Қаратаудың жотасында қалып қойыпты. Бұл сол кездегі 7-8 жасар Сырғақтың әкесі Нияз бастаған кедей ауыл екен» деп жазады осы бір кезең туралы Сырғақ батыр өмірін зерттеуші Патсайым Пәрімбекова «Ұлан» газетінің 1992 жылғы 1 сәуірдегі «Сырғақ батыр» атты мақаласында.
Ел ауғанда көш-көлігі тапшы азын-аулақ үй атақоныста қалып қойды. Жұртта қалған сол жұлым үйдің бірінің Сырғақ атты он үш-он төрт жасар баласы болыпты.
Сырғақ бір күні Ақсүмбе асуы маңындағы қабаққа шығып қарауыл қарап, қолындағы кездігін тасқа жанып қайрап отырады. Кездігін қайраған сайын кіжініп.
– Атаңа нәлет, ит қалмақ, осыдан қолыма түсші, сазайыңды берейін, – деп отырады. Артта қалған елдің хал-жайын көріп қайтуға шолғынға шыққан, қасында бір топ сарбазы бар ер Есім келеді. Бұларды жау деп қалған Сырғақ оларға кездігімен айбат көрсетеді. Көзіндегі өшпенділіктің ізін, шамасы жетсе қарсы шабатындай айбатына сүйсінген ер Есім баладан жөн-жосық сұраған, ауылға түсіп мән-жайға қанығып аттанады. Аттанар сәтте Сырғақтың әкесі Ниязға қарап:
– Қария, жомарт болсаң, осы ұлыңды маған қи! Балағының биті бар екен. Тәрбиелесе хас батыр болатындай түрі бар. Асық жілік ұстап әкесі болайын, – деп өтініпті.
Батырдың өтінішіне жаны толқыған Сырғақтың әкесі ұлына оң батасын беріп, біржолата ілестіріп жіберген екен. Содан ер Есімнің еншісіндегі бала болып, соғыс өнерін, қылыштасу, найзагерлік, ат үстінен аударып кету, ат үстінде келе жатып садақ тартуды, дойыр шоқпарды қалай пайдалануды жетік меңгеріп-үйреніп, буыны қатар-қатпастан ұрыстарға қатысып, бірнеше жекпе-жекке де шығып жауын жеңіп, Абылай ханның айтулы сарбаздарының бірі Сырғақ «бала Батыр» атанады» деп жазады.
Тегінде қазақ батырлары сол кездері көп майдан тағдырын жекпе-жекте шешіп отырған. Жекпе-жек шарты бойынша қайсы батыр жеңілсе, онымен келген сарбаздар соғыссыз кері қайтатын болған. Ал мұндай келісім жоқ жерде алғашқы жекпе-жектен кейін екі жағы да дабыл қағып, бір-біріне қарсы шапқан. Мұндайда екі жақтың да қолбасыларының ақылдылығы мен тапқырлығы соғыс тағдырын әскер санының көптігімен емес, соғысқа қолайлы жерді таңдай білуі, әскерді қажетті орынға орналастыруы да майдан тағдырын шешіп отырған. Жоңғар қалмақтары көп жағдайда өздерінің әскер саны арқылы қазақ ауылдарына үстемелеп шабуыл жасаған. Сондықтан қазақтардың аттары қай кезде де жараулы, қару-жарақтары қолжетімді жерде даяр тұрған, яғни шапқан жауға кез келген уақытта тойтарыс беруге дайын болған. Ер Есімнің қасында жүріп 15 жасынан қолына қару алып, жауға қарсы шыққан Сырғақ арада көп өтпей-ақ жау батырларымен жекпе-жекке шығып, оларды қанға бөктірген. Ерлігіне сүйсінген Абылай кейін оны өзінің іріктелген батырлары тобына алады.
Әдетте өзге ұлт өкілдерінің данышпандығы мен көрегендігі, батырлығы жөнінде онша мақтау айта бермейтін, қазақ халқының өткенін зерттеуші орыс тарихшыларының бірі Ресейдің Гуманитарлық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Владимир Анисимович Моисеев өзінің «Россия и Джунгарское ханство в XVIII веке» деген монографиялық еңбегінде Сырғақ батыр туралы мынадай сөз қалдырыпты:
(сөз мағынасын жоғалтпас үшін сол күйінде орысша мәтінде беріп отырмыз – авт.)
«Сырғақ батыр это историческая личность, которая была воином в армии Абылай хана великого казахского правителя XVIII века, известного своей мудростью, военной стратегией и усилиями по объединению казахских земель.
Сырғақ батыр был одним из главных военных лидеров при Абылай хане, принимал участие в важнейших сраженях, защищая независимость Казахского ханства от внешних угроз, таких как нападения джунгар а также внутренней нестабильности и политических разногласий среди казахских племен.
Подвиги и роль в войне:
1. Сражения с джунгарами: Сырғақ батыр активно участвовал в борьбе с джунгарскими захватчиками, которые на протяжении нескольких десятилетий угрожали территориям казахских степей. В этом контексте Сырғақ батыр прославился как ловкий и храбрый воин, который проявлял не только мастерство в сражениях, но и умение применять стратегическое мышление на поле боя.
2. Защита казахских земель: будучи верным соратником Абылай хана, Сырғақ батыр был одним из тех, кто боролся за сохранения единства казахских земель, не давая вражеским войскам проникать в казахские степи. Он участвовал в многочисленных военных компаниях, направленных на освобождение территорий и защиту народа от внешних врагов.
3. Мудрость и лидерство: Помимо своего военного мастерства, Сырғақ батыр был также мудрым и опытным лидером, который мог эффективно организовать войска и управлять ситуацииями, в которых требовалось не только физическая сила но и дипломатия» деп баға беріпті. Мұның өзі Сырғақтың тек батыр ғана емес, оның ақылды да айтар ойы бар білікті ұйымдастырушы болғанын білдірсе керек.
Қазақта ер бала 13 жасында отау иесі атанған. Бір жорықтан олжалы оралған Абылай әскері қолға түсірген қыздың бірін жасы енді ғана он алтыға толған Сырғаққа қосып, хан оларға ақ батасын береді. Келер жылы тұңғышы дүниеге келіп, атын Дүйсен қояды. Есейе келе Дүйсен Айтбай атымен шығып, ол да Абылай хан әскері сапында 22 жасында Балқаш, Алтай маңындағы жоңғарлармен соғыста мерт болды. Абылай хан оның мәйітін Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеткізеді.
Патсайым Пәрімбекова мақаласында Сырғақ батырдың қалай қайтыс болғаны жөнінде былай жазады.
«…Міне осындай қиян-кескі, жан алып, жан беріскен шайқастың бірі Қаратауда болады. Ер Есім қолы шамасы 1741 жылдың жазында 500-600 сарбазымен қалмақтардың түменнен астам (1 түмен – 10000 сарбаз – авт.) қолымен шайқасқа түседі. Тұтқиылдан тиген ер Есім қолы қалмақтардың зәре-құтын алып, олардың таудан асуына тосқауыл қояды. Бірақ күш тең емес еді. Ер Есім қолы кейін шегініп, қауіпсіз аймаққа шыққасын сарбаздарын түгелдегенде, Бала батыр Сырғақ жоқ екен.
– Сырғақ қайда? – деп сұрайды.
– Шейіт болды, хан ием, – деп мәлімдепті Сары Шашақ атты батыр. Сонда Ер Есім:
– Ұрысқа қайта түсеміз, – деп атын тебініп майдан даласын бетке алыпты.
– Біз жағы жүз қаралы сарбаз ғана, олар түмен. Қалай болар екен хан ием? – депті қолбасы.
– Жоқ, мен Сырғақ батырдың жас етін жауға тастай алмаймын, – деп, сөзді осы жерден шорт кесіпті.
Содан жүз қаралы адамымен қалмақтың мыңға тарта әскеріне жанқиярлық ұрыс жасап, қаптаған жау ішінен Сырғақ батырдың сүйегін майдан даласынан алып шығыпты.
Бала батыр Сырғақтың мәйітін ардақтап, Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне арулап көмген. Басына құлпытас қойдырып, есімін ойдырып жаздырыпты».
Ол кезде кесене жанына елге жасаған қызметі мен батырлығы зерделеніп, лайықтылар ғана жерленген. Сырғақтың онда жерленуі оның жай сарбаз болмағанын білдіреді, яғни біздің пайымымыз бойынша Абылай хан әскері сапында кемінде жүзбасы немесе мыңбасы болды деп айтуға негіз бар.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан облыстық ономастикалық комиссиясының шешімімен Түркістан қаласында бір көшеге саңлақ батыр аты берілді. Көшенің ашылу салтанатына орай батыр ұрпақтары жиналып, үлкен ас беріп, Құран оқылды.
Біз – ерлікті дәріптей білген халықпыз. Сондықтан Абылайдың ақ туының астында халқымыздың егемендігі мен бостандығы жолында жалын ғұмырын қиып, қаптаған жауға қаймықпай қарсы шапқан ардақты батыр бабамызға Жаңақорған кентінен бір көше аты берілсе, құба-құп болар еді.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы





