Биыл елімізде Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығы аталып өтуде.
Атаулы жыл ішінде халқымыздың рухани әлеуетін әлем алдында айқара ашуға мүмкіндік берген алып тұлға, заңғар қаламгерге арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, форум өтті, кітаптар жарық көрді, шығармалары театр сахнасында қойылды.
Біз бүгін абыз жазушы туралы жазылған естелікті оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Жалпы түркі халқы үшін абыз киелілік дәстүрінің институты саналады. Ертеде көшпелі тірлік кешкен қазақта есепші, ақылман, сәуегей, көріпкел, жұлдызнамашы, шешенді абыз атаған екен. Қалай болғанда да абыз ерекше түйсік иесі, ал абыздық – дәстүр әрі білім мектебі, рухани құндылық өзегіне айналған ерекше құбылыс. Осы киелілік дәстүрі бүгін сақталды ма? Қалталыны қадір тұтып, байлықты бітпес бедел санайтын қазіргі қоғамда осы киелілік институты сақталды ма? Осындай дәстүр мектебінің басында тұрар дара тұлғалар бар ма? Қоғамдық құбылыстар қайшыласып жатқан алмағайып сәтте елге, жерге деген адалдығынан айнымаған, ізгі ниетке жұмылған жұртының алдына шыққан ардақты кім? Осы сәтте менің ойыма ең алдымен Әбіш аға Кекілбаев оралады.
Әбіш ағамен таныстығымыз сонау сексенінші жылдардан басталған еді. Жоғары оқу орнын бітіріп, жолдамамен Маңғыстауға бардық. Әбекеңнің баласы Әулетпен қатар қызмет жасадық. Ешкімді алаламайтын алыптың телегей мейіріміне еркін шомылдық. Осылайша Әбіш әлеміне еніп жүре бердік.
Қазақы жолмен келгенде мен Адай жұртына, Әбекеңе күйеу болып келемін. Бірақ мен үшін ол кісінің «Айналайын, Ғалымжан» деген бір ауыз сөзінен артық құрмет жоқ еді. Жастау кезімнен тылсымы мол киелі Маңғыстаудан түлеген Әбіш ағаның маңғаз тұлғасын толық таныдым десем күпірлік болар еді, ол кісінің көңіліндегі көл дариясынан қанып ішкен кезім кейініректе ғой.
Бір қызығы, жақынырақ таныса бастағанда Әбіш ағаны бір күш желеп-жебеп, өмір жолын әдемілеп қиюластырып тұратынын сезінгендей едім. Осы құбылысқа таңырқап жүргенде тағы бір қадірлі ағам Қомшабай Сүйенішов айтқан мына бір оқиға көңілді осы тылсымға сендіре түсті.
1995 жылдың орта тұсы. Көшеден кездейсоқ Қомшабай аға Сүйенішовті көріп қалдым. Өзіне де, өзгеге де қояр талабы мен талғамы аса кіді Қомшекеңнің бір әдеті – жақсы көрген адамын қолтықтап, жанаса жүріп сөйлейтіні. Бұл жолы да солай болды. Мені қолтықтаған күйі «Ғалым, осы сенің Әбіш ағаң көп ұзамай бір қызметке барады-ау. Мен осыны айтып оған хат жаздым» деді. Сөйтсем, Қомшекең түс көріпті. Түсінде дариядан жалаң қолмен-ақ жеңдібілектей сары сазан ұстап алады ғой. Өзіне тән сырбаздықпен олжасына көз салғанда балықтың бүйірінен «Әбіш» деген жазуды оқиды. Кәдімгі тайға таңба басқандай ап-анық көрініп тұр дейді. Ояна сала түсін жақсылыққа жорыған Қомшекең Әбіш досына хат жазады ғой. Көп ұзамай Әбіш аға Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Кейін осы жайды Әбекеңе айттым. Абыз «Қомшекең нағыз әулие ғой» деді де, ойланып қалды.
Екі мыңыншы жылдардың басында Айсәуле анамыз дүние салды. Болған жерден шыққан, толған жерге түскен, күллі Қазақстанға «Әбіштің анасы» деп танылған жан ғой, жарықтық. Бар тілегі үш қыздың ортасындағы Әбішінде болыпты, қияметі көп мемлекеттік қызметтің бітіп болмайтын қарбаласынан үйге кеш қайтатын ұлын кірпік ілмей күтіп отыратынын айтсаңызшы…
Анамыздың қазасында Әбіш ағаның құрдасы, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Өмірбек Байгелді «Әбіштей ұл туып, оған жел соқса, ық, күн түссе, көлеңке болып жүріп өсірген, сөйтіп жүріп ұзақ жасаған Айсәуле анам – мен үшін нағыз ердің ері» деген мағыналы сөз айтты. Ұзақты күнге қабағын бір ашпаған Әбіш ағам осы сәт сәл серпілгендей болды. Бұл нағыз азаматтың елдің қадірлісінің қазасын өз қайғысындай қабылдайтынының айғағы еді.
Жалпы бұрын мән бермейді екенбіз, қазақта дәстүр де мол, салт та көп екен ғой. Кейде тұрған жеріне қарай ол дәстүрлер тағы түрленіп, тармақталып жатады. Мысалы, Маңғыстауда тамбайғазысы деген болады. Айсәуле анамыздың басын қарайтқанда біз сол тамбайғазысына баруға жинала бастадық. Бұл кезде Әбіш ағам сол тұстағы Қарағанды облысының әкімі Камалтин Мұхамеджанов, Оралбай Әбдікәрімов сынды қайраткер азаматтардың «көңіл шайға» шақыруымен Жезқазған жақта жүр еді. Дәм татырмақ болған біздің ұсынысымызға орай Маңғыстауға Қызылорда арқылы ұшатын болды да, Жезқазғаннан бері ұшақпен шықты. Сәмит аға Далдабаев, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың сол кездегі ректоры Қылышбай Бисенов үшеуміз ағаны шекарадан күтіп алатын болдық. Уәделескен күні шекараға жеттік, Камалтин Мұхамеджанов біздің сыбағамызды алдырып шыққан екен, тікұшақтың ішінде Сәмит ағаға бас ұстатып, кәделі ас берді. Біз де Сәмит ағаның ақылымен арнайы дәм алып шыққанбыз. Сол былқылдап, бабына келіп тұр екен. Қарағандылықтарға Сырдың дәмін татқызып, жолға шықтық. Қалаға келіп, ескі әуежайдан «Астана-Қызылорда-Ақтау» бағытындағы ұшаққа міне бергенімізде: «Әй, Әбіш, Қызылорданың қауын-қарбызына жалғыз өзің тойып алып, ұшақты кідірткен сен екенсің ғой» деген дауыс шықты. Жалт қарасақ, Фариза апа отыр жарқырап. Әбіш ағам мол денесімен төңкеріле барып, ақынды құшаққа алды.
Ақын апамның осы сөзін жерде қалдырмайын деп, көп ұзамай Астанаға, Әбіш ағама бір машина қауын-қарбыз жібердім. Қолындағы жарты дәнді де Фаризамен бөлісіп жейтін ағам ақынға Сырдың дәмін татқызыпты. Кейіннен Астанаға барған сапарымда Фариза апамнан «Кейбір азаматтарға жерде айтқан сөзің жерде қалады, ал мына Ғалым бауырым аспанда айтылғанның өзін қағып алып, заматында орындады ғой» дегенін естіп марқайғаным бар.
Қош, сонымен тамбайғазысына оралайық. Осы сапарда Сайын Назарбек, Жауғашты Нәбиев, Марал Ысқақбаев секілді елге белгілі азаматтармен дәмдес болдық. Мағыналы әңгімелерін тыңдадық. Ас соңында жан-жақтан жиналғандарға шапан жабылып, біреуі маған бұйырды. Жолы да, жасы да үлкен басқалар тұрғанда маған көрсетілген мұндай құрметке бәрі таңырқап қалған сияқты. Бәрі тарап, өзіміз оңаша қалғанда Жауғашты ағам осының себебін сұрады. Әбекең сәл ырғалып: «Жауғашты, басқа күйеулерді түгендеп алсаң да, аз олжа емес. Ал Ғалым жеті өлікке жан берген Мүсірәлі бабаның ұрпағы емес пе? Мен осыны ескердім» деді.
Жалпы қазақ халқы 46 ірі рудан тұрады деген дерек бар. Осылардың ішінде Кіші жүз құрамындағы іргелі елдің бірі – Керейт руы. Жеті өлікке жан берген Мүсірәлі – осы рудан, біздің бабамыз. Сыр ақыны Шоңбайдың «Шежіресінде»:
– Жан берген жеті өлікке Мүсірәлі,
Көрсеткен көп ішінде кәраматты.
Үш жүздің кеңесінде Күлтөбеде,
Шешімін Тәуке ханның ел ұнатты.
Кіші жүз Әйтеке би қасына алып,
Пір болып Қаракесектен дәмін татты.
Керейттен шыққан пірдің күмәні жоқ,
Нандырған нәмі қазақ уәләятты, – деп суреттелетін, тылсым қасиетімен көпті баурап, үш жүзге пір атанған баба жайлы ең алғаш «Үркер» романы арқылы көркем әдебиетте қалам тербеген де Әбіш ағам еді. Тәуелсіздік алған соң «Үш пайғамбар» атты еңбегі арқылы пірдің әйгілі тақуа тұлғасын биіктетті. Сол бабаның тұқымы деп, мені елеп-ескеруі де Әбіш ағамның жөн-жобаға жүйрік екенін көрсетті.
Тоқсаныншы жылдардың соңында Әбіш ағам әйгілі «Абылай хан» пьесасын жазды. Заман қиын, бірақ ел келер күннен әлдебір жақсылықты елеңдей күткен кезең еді. Қойылымның тұсаукесері болатын күні билет таба алмай босып жүргендердің талайын кездестірдік. Біз жастарды мәдени орынға бармайды деп, бекер жазғырады екенбіз. Кассаның алды толған студент. Театр сахнасына жарқ етіп шыға келген Абылайдың көрерменге әсерін ауызбен айтып жеткізу қиын. Бар өмірін ат арқасында өткізіп, елі үшін тебінгісін терге шіріткен Абылай атой салғанда зал бір көтеріліп басылғандай болды. Бізге бұл сурет рухы оянған жұрттың жолы боларының белгісіндей болып көрінді. Қойылымды тамашалауға келгендердің қақ ортасында қасқайып отырған Әбіш ағамның жүзінде ауыр бір ойдың белгісі тұрды осы сәт.
Харизма деген ұғым бар ғой. Оны қазақшалағанда қандай да бір тұлғаның айналасындағыларға қисынмен түсіндіруге келмейтін әсер ету мүмкіндігі дегенге саяды. Әбіш ағамның бойында осы қасиет молынан бар еді. Және ол кісінің маңайына тағдыры бөлек жандар топтасып жататыны да қызық құбылыс болатын. Әбекеңнің «Даңқтың жолы даңғыл, абыройдың жолы арналы болмайды» дейтіні бар емес пе?! Құдай шебер осындай жандардың жолын шеберлікпен қиыстырып қойғанын айтсаңызшы… Ал олардың әңгімесін тыңдау, басынан өткен жағдайларды өз аузынан естудің өзі бір ғанибет. Бір асым ет қайда да табылады ғой, менің абыз ағаның қасында жүргенде жиған байлығым – есті әңгіме, арналы сөз болды.
Шығармашылықта әлемдік деңгейдегі ірі титандармен қатар тұрған Әбіш ағамның аңғалдығы – өз алдына бөлек әңгіме. Оңалбек Сәпиев ағам айтқан мына бір әңгіме есте қалыпты. Бірде Әбіш ағам, Оңқаң мен Мырзатай Жолдасбеков үшеуі бір кештен қатар шығып, алдымен Әбекеңді үйге жеткізіп салмақ болады ғой. Әбіш ағам өмірі үйдің, пәтердің нөмірі дегенге назар аудармайтын адам. Телефон нөмірін жаттау, үйдің кілтін алып жүру секілді бәрімізге қажетті тұрмыстық шарттарды да артық азап санайтыны тағы бар. Сонымен, үйді табады. Пәтердің нөмірін де жабылып жүріп еске түсіреді. Бірақ Әбіш ағада кілт жоқ. Әйтеуір, Мырзекең Клара жеңгейге хабарласып, Әбіш ағаны пәтеріне кіргізеді. Осы оқиғаны айтқан Оңқаң «Ағаң таза әулие ғой» деп ұзақ күліп еді. Әбіш ағам Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы қызметінде жүргенде «Өз халқымнан қорғана алмаймын» деп жанына оққағар ертпеген адам ғой. Әбекеңнің мұнысын әркім әрқалай қабылдайды. Мұны мен азамат ретінде Алашының алдына шыққан, қазағы үшін қайрат көрсетіп қызмет қылған ағамның жанының тазалығы дер едім. Мырзатай Жолдасбеков аға: «Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363-ші әулие Әбіш Кекілбаев шығар», – дегенді тегін айтты деймісіз…
Осыдан бірнеше жыл бұрын мерейтойыма байланысты жанашыр жігіттер деректі фильм түсіріп берді. Сол фильмде Әбіш ағам да «Қазақ баласына Сыр өңіріндегі мал, егін, балық шаруашылығы таңсық емес, мұнай саласы таңсық. Ғалым сол таңсықты алғаш бастап берген инженер» деп сұхбат беріпті. Мен үшін үлкен баға – осы.
Абыздың арамыздан алыстағанына да жылдар өтіпті. Содан бері ұлттық руханияттағы алып бәйтерегіміздің екінші ғұмыры – кекілбаевтану дәуірі басталды.
Ғалым БАЙМАНОВ,
инженер-мұнайшы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<