Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Еріктілер елмен бірге» атты бейнесюжет әзірлеп, «Әлемді бірге өзгертеміз» атты онлайн кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты – әлемдегі еріктілер қозғалысының қызметімен көпшілікті таныстыру, жастардың бойында мемлекетшіл сананы қалыптастыруға шақыратын әдебиеттерді, қайырымдылық қасиеттерді насихаттау. Кітап көрмесіне әрбір жастың көкірек көзіне орнықты ой салып, ұлттық рухымызды көтеретін У.Қалижановтың «Ұлт рухы», О.Асанғазықызының «Ұлт тұмары», Ұ.Сыдықовтың «Ұлттық рух және ақпараттық кеңістік» атты кітаптары қойылды.
Орайы келгенде еріктілердің көмек көрсетуі, бірінші кезекте, басқаның жәрдеміне мұқтаж азаматтарға қоғам мүшелерінің қайтарымсыз көрсететін қызмет түрі, қамқорлығы екенін айта кету артық болмас. Міне, осындай қамқор көңілмен мәдениет қызметкерлері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Талсуат елді мекеніндегі «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» мекемесінде ем қабылдап жатқан мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Байыпты бастамаға үн қосқан Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы» Мақтарал ауданы Жеңіс ауылының кітапхана қорын қайта қалыптастыру ісіне қолдау ретінде жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларынан 370 дана кітап сыйға тартты.
Жыл басынан бері етек алған эпидемологиялық жағдай тұсында меценаттардан, жергілікті жігерлі жастардан, елім дейтін отаншыл азаматтардан құралған еріктілер тобының мұқтаж жандарға көрсеткен жәрдемдері көпшіліктің көңілінен шығуда. Сондай қамқорлықтың қаншалықты қажет болғанын бүгінгі уақыт биігінен анық байқап отырмыз. Бұл, сірә, біздің тарихи сана-сезіміздің өскенін білдірсе керек. Ал Мұрат Әуезов «Ділім» атты кітабында «тарихи сана-сезім дегеніміз – бүгінгі ойлау жүйесінің жаңаша сапасы» деп түйіндейді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<