Өнер дейтін құндылықтың адам өміріне өзіндік әсері бар. Әрине, бағалай білсек. Алайда бүгінгі өнердің бағасы туралы айтар болсақ, озығы да тозығы да араласып кеткендей. Бұған қарап өскелең ұрпақтың талғам «таразысы» өзгерген бе деп қаласың…
Бала күнімізден ән-жырға құмар болып өстік. Өйткені әке-шешеміз – кәсіби маман болмаса да, жан дүниесімен өнерге жақын жандар. Сонау Тұрмағамбет шайыр, Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Нартай жырларынан бері қарай өнеге тұнған өлең-жырларды өн бойымызға сіңіріп өсірді. Содан болар, кез келген әнді немесе жырды тыңдағанда ең әуелі, оның сөзіне мән береміз. Расында, әннің сөзі мен сазы үйлесіп тұрмаса, қанша тыңдағаныңмен, айтарлықтай әсері болмайды. Ондай сәтсіз туындыларды халық қабылдамайды да, жарыққа шыға алмай, жақсы дүниелердің тасасында қала береді.
Ән – өлшеуіш, өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс, аралас.
Артық алу, не кем салу,
Қапы қалу жарамас, – дейді Шәкәрім ғұлама. Иә, расында солай, адамның жан қалауын тауып, сезімін селт еткізген туындылар еріксіз жадыңда жатталып қалады. Осындай әндер қатарында Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында», «Қайдасың», «Қайықта» әндері, Т.Рахымның «Алтайдың ар жағынан келген ару» атты тамаша туындысы, М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Е.Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың!» әні кез келген көпшілік ортада шырқалатын керемет туындыға айналды.
Ал енді бүгінгі жастардың тыңдап жүрген әндеріне келейік. Аға буын өкілдері сүйсіне тыңдайтын сүлейлердің, сал-серілердің, қазақ халық композиторларының әндерін бүгінгі жастар тыңдай бермейді. Ол үшін кінәлаудан аулақпыз. Заманға қарай талғамның өзгеруі заңдылық. Әйтсе де… Бәрін бірдей сынға алудан аулақпыз, жақсы дүниелер бар. Мысалы, Төреғали Төрәлінің репертуарындағы Үкітай Ерниязовтың «Найзағай болып…» әні, Қайнар Алагөзовтің сөзіне жазылған Құрал Молжановтың әні «Бол, жанымда» қандай керемет?!
Ақын Ш.Сүлейменовтің «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп келетін тамаша туындысы тойда да, ойда да, қырда да көңіліңді шалқытып, әуелете шырқайтын әдемі әнге айналды.
Жусаны жұпар ауыл мен,
көшемнің шаңын сағындым.
Ағайын-туыс, бауырмен,
Шешемнің шәйін сағындым…
Жасыратыны жоқ, дос-жарандармен бірге жиын-тойларда шырқағанда, сағынышыңды қозғап, жанарыңа жас үйіреді. Білуімізше, бұл әннің сөзін жазған Аян Сейітов – Шынберген Сүлейменовтың шәкірті екен. Бұл әндер жарыққа шыққан соң көп ұзамай-ақ кең таралып, көптің ыстық ықыласына кенелді.
Намысыңды қамшылап, рухыңды оятатын санаулы әндердің бірі – Қуандық Рахымның репертуарындағы «Мен – қазақ!» әні. Әннің сөзін жазған Нұржан Өмірбай, ал әнін жазған жерлесіміз Жарасхан Төлебай есімді жас жігіт екен.
Мен – қазақпын!
Бойымдағы қан – қазақ.
Мен – қазақпын!
Мен шырқайтын ән – қазақ.
Бір қазақтың,
Бақыты мен бағына,
Бар жанымен
Қуанса екен бар қазақ.
Сөзінің салмағы басым, қуаты бар, әнді тыңдағанда еріксіз көз алдыңа ат үстінде атойлап шауып келе жатқан қазақ елестейді. Сол сияқты, жерлесіміз жас ақын Елжас Әбділданың сөзіне жазылған Нұржан Өмірбайдың «Мен қазақтың ұлымын!» әні де әрбір жанға әсер етпей қоймайды. Бұл әнді қарапайым тыңдарманның сүйіктісі Қуандық Рахым орындап жүр. Осы авторлардың сәтті бір туындысы – «Мейірімді Алла» әні де көпшілік көңілінен жоғары орын алды. Негізі, осындай рухани әсері мол, шынайы әндер көбірек жазылуы керек. Сөз қадірін, өнердің құнын білетін бұл жігіттердің туындыларын қазіргі эстрада жанрының «жай-күйімен» салыстыра қарасақ, көш ілгері деп айта аламыз.
Осы күні «МузАрт» триосы, «Жігіттер» квартеті, сонау 50-60 жылдары қазақ ән өнерінің төрінен орын алған І.Жақанов, Ә.Бейсеуов, Б.Тәжібаев сынды атақты композиторлардың әндерін эстрада жанрында жаңаша түрлендіріп орындап жүр. Әлбетте, бұл әндердің кереметтігіне талас жоқ.
Алайда қазіргі «сүйдім-күйдімнің» айналасындағы бірсарынды жылаңқы әндер елді жалықтырып жіберді.
Енді әжептәуір танымал әнші Ғаділбек Жанайдың орындауындағы мына әнді тыңдап көрелік:
Қазағымның айналдым
даласынан,
Даласының айналдым
қаласынан.
Қаласының айналдым
баласынан,
Баласының айналдым
санасынан…
Бірдеңе түсіндіңіз бе? Жақсылап тыңдасаң түсінуге болатын шығар, бәлкім… Бірақ күмәнім бар. Жәй ғана қара сөз, қатарластырып қоя салған. Әні де көңілге қонбайды. Шабыттың жұрнағы да жоқ, шала-шарпы жазылған. Есесіне, Ғаділбек Жанайдың «Есте сақта» әні есімізде сақталып қалып еді.
Есте сақта
біз жүрген бақтарды,
Есте сақта сол –
ғажап шақтарды.
Есте сақта екеуміз көз ілмей,
Армандап қарсы алатын ақ таңды. Иә, бұл ән – сол кез жастарының, біздің замандастарымыздың көңіл пернесін дөп басқан жап-жақсы ән болатын.
«Сен қорқақсың», «Күрсінбе, басым аман болсын де» «Еннестейміз?», (Енді не істейміз?), «Жүрегім, сен келгелі бақытты», «Маскүнем», «Оптовый базарға кел» т.с.с жеңіл-желпі әндердің де өз «тыңдармандары» бар.
Қатты, қатты, қатты
Сені қатты сағындым.
Батты, батты, батты
Жалғыздығы жанымның.
Керегі маған үй,
Мен сүйсем, сен де сүй,
Шын сүйсең, менше сүй… Осы мәтіннен бірдеңе түсіне алсаңыз, өзіңіз білерсіз… Бұл – әйгілі шоу жұлдыз Қайрат Нұртастың репертуарындағы ән. Сөзін кім жазғаны белгісіз.
Ал қазақ эстрадасына өзінің әдемі көркімен, биязы мінезімен келген Әйгерім Қалаубаева Сырдың сыршыл ақыны Қатира Жәленованың сөзіне жазылған (әні: Ә.Елгезеков) «Жылайды, жапырақ» әнімен көпшіліктің көңілін баурап алған еді. Ал бүгінде:
Әкеме айтшы, мама,
Жіберсін вечерге!
Жас емеспін мен енді,
Қорқады несіне? – деген мән-мағынасыз әнімен елдің талқысына қалды. Бұл «атышулы» әннің сөзін жазған Құрманай Бақтиярқызы есімді әуесқой ақын.
Ал енді бүгінгі шоу бизнестің сұранысына сай той әндеріне келейік. Ахан Отыншиев орындайтын «Шудың бойында», Рақымжан Жақайымның репертуарындағы «Он сегіз бен жиырма бес» әндері сахналық әннің талабына сай келмейді. Көше әндері. Дегенмен, көпшілікке бұл әндердің сөзінен гөрі сазы көбірек ұнайды. Себебі, бидің ырғағына үйлесімді. Тойлардың шырайын келтіреді. Сондықтан бұл әндерді де тойшыл қауым жылы қабылдағанын аңғарамыз.
Қорыта айтқанда, сөздің мәні, әннің нәрі болмаса, ондай шала-шарпы жазбалар оң-солын танымаған жастарды одан әрі шатастырады. Жақсы ән – жан азығы! Ән тыңдауда талғамымыз биік болсын, әлеумет!
Ғазиза ӘБІЛДА,
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<