«Әр бала несібесімен туады»

1320

0

Балаларын байлыққа балаған «Алтын алқалы» ана  Жанат Абайдуллаева сегіз құрсақ көтерген. Небәрі 34 жастағы келіншек бүгінде сүткенжесі Айсұлтанды босанып, бала күтіміне байланысты демалыста отыр.

Осыдан 16 жыл бұрын Нұрлан Шайменов есімді азаматпен отау құрып, үш атқамінер мен бес қызғалдақты дүниеге әкелді. Шаңырақтың шаттығы мен берекесін еселеген жас ана елдің демо­графиялық өсіміне үлес қос­қанын мақтан етеді.

–      Әйел болған соң, өмір­ге ұрпақ әкеліп, оны жетіл­діріп өсіру парыз деп түсінемін. Денсаулығың көтерсе, Алланың берген перзенттерін дүниеге әкелгенге не жетсін?! Барлығы өз несібесімен туады. Бұдан да қиын заманда аналарымыз он баладан кем таппаған. Ал тәуелсіз елде өмір сүріп, бейбіт заманда көпбалалы болуға қорқатындарды түсінбеймін. Біздің бар байлығымыз – осы көзге көрінген ұл-қы­зы­мыз. Үлкенім Нұржан 14  жас­та, әкесінің қолғанаты. Одан кейінгі Нұрай есімді қызым спортқа жақын, фут­бол үйірмесіне қатысады. Қыздарымның ішінде өнерге жақыны – Айару. Айлан, Жанерке, Ұлболсын менің кө­мекшілерім. Үйде 6 оқушы бар. Олар – қаламыздағы Абылайхан атындағы №140 орта мектептің оқушылары. Ал Әлинұр мен Айсұлтан – отбасымыздың еркесі. Пер­зенттерім бір-біріне бауырмал, тату болғанына қуа­нып қала­мыз. Әкесі екеуіміз олар­дың әрбір ісіне мар­қайып, сүй­сініп отырамыз. Бала отба­сында ата-ананың ме­йі­рі­міне, махаббатына бө­ле­­ніп өсуі керек. Әсіресе қыз­­­­­дарымды еркелетіп, ұл­дарым­­ды кішкентайынан жау­ап­­­­кершілікті ұғынатын аза­мат болуға тәрбиелеймін,– дейді Жанат Пернебекқызы.

Ынтымақ пен ырыстың ұйыт­қысы бола білген көп­бала­лы аналар құрметке де, қоше­метке де лайық. Алтын құрсақ аналардың дүниеге сәби әкеліп, оны тәрбиелеу жолында еткен еңбектерін ештеңемен теңестіре ал­майсың.  Түн ұйқысын төрт бөліп, перзенттерін «қанаттыға  қақтырмай, тұмсықтыға шоқыт­тырмай»  жетілдіріп, қоғамның бір кірпіші болып қалануына тер төгеді.  Әр баласына деген махаббаты өлшеусіз, ықыласы ерек. Сондықтан да болар, «жұмақ ананың табанының астында» дейтіні.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<