«АҚИҚАТ» ЖУРНАЛЫ – АЙТАРЫ БАР БАСЫЛЫМ

2734

0

«АҚИҚАТ» ЖУРНАЛЫ – АЙТАРЫ БАР БАСЫЛЫМЕгерде, қандай бір сөздің түп қияны, түбіріне үңілсек, оның арғы жағында философиялық категорияға жататын мазмұн-мән жатады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, тұңғыш саны 1921 жылы 15 қыркүйегінде «Қызыл Қазақстан» деген атпен Орынбор қаласында басылып, уақыт ағымына қарай атаулары әлденеше рет өзгеріп, ақыры «Ақиқат» деген атауға ие болған басылым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қоғамдық-саяси өмірге барынша нақты әрі жан-жақты қарайтын басылымға айналды. Атына қарап-ақ затын айыруға, қай заманның, қай қоғамның сойылын соғып, саясатын жүргізгенін білуге болатын шығар. Бірақ, бұл қай дәуірдің, қай қауымның тілі мен үні болса да, әділеттіктің ақ жолынан айнымай, өмір шындығын қаз қалпында айна-қатесіз көрсетуге тырысты. Соның бәрін байырғы басылым қаламгерлері жүрек жалынын, қалам қарымын сарқа жұмсай отырып, саяси тұрғыдан саралап, теориялық тұрғыдан тұжырымдап беріп отырды. Қысқаша айтқанда, туған топырағымыздағы «Айқаптан» кейінгі алғашқы ауқымды да айбынды басылым бола білді. 
Жалпы, ақиқат – жалқы, шындық – көп. Бұлай дейтініміз, ақиқат сөзі діни категорияға жатады да, шындық күнделікті адами қарым-қатынасты қол жеткізетін, не қол жеткізбейтін іс-әрекеттерге келетін ұғым. Мысалы, өлім – ақиқат, сонымен бірге, Алланың жалқылығы да ақиқатқа келетін құбылыс. Бұлар мәңгілік өмірдің көрінісі. Ал, енді, шындыққа келсек, ол бүгін бар да, ертең жоқ жағдайға келеді. Мысалы, бүгін пәтерің жоқ, не қалтаңда көк тиын қалмауы шындық болса, ал, ол шындық ертеңіне басыңа пәтер бітіп, қалтаңа ақша түскен күні өледі. Сондықтан да, «Ақиқат» журналының басты мақсаты да оқырман қауымға осы бір қос категорияның қыр-сырын ашып беру арқылы, болашақ негізін қалайтын мәселелерді көтеру. Ал, оған қаншалықты қол жеткізіп жатқанымызды кеңбайтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен хабарласып жатқан оқырмандарымыздың мәліметтерінен білеміз. Бұл орайда Ақтөбелік оқырманымыз Абдолла Омаров журналымызда жарық көрген әрбір мақаламызға өзінше үн қатып, оған келісетінін не келіспейтінін айтып, хабарласып отырады. Мұндай оқырманымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ондай оқырманымыз, Құдайға шүкір, күннен-күнге көбейіп келеді. 
Сонымен, «Ақиқат» журналының өткен сандарынан не оқыдыңыздар? Енді, соған азды-көпті тоқталайық. Бұл мәселені біз журналымызды қадағалап оқып отыратын оқырмандар үшін емес, «Ақиқат» журналында қандай тақырыптарды жазып, нендей мәселелерді көтеретінін білмейтін оқырмандарға бағыштап, жазып отырмыз. Журналымызда көтерілген әрбір көкейтесті мәселе, бұл күндері, республикамыздағы газет-журнал сүйіп оқитын оқырмандар арасында кеңінен талқылануда. Мысалы, біз 2012 жылғы №6 санымызда «Келелі кеңес» айдарымен «Құқықтық журналистиканың дамуы: кемшіліктер мен кедергілер» деген тақырыпта әңгіме қозғап, оған елімізге белгілі журналистер мен заңгерлерді шақырдық. Ал, «Еркін ой мінбері» айдары арқылы «Қазақ интеллигенциясының ұлт қалыптастырудағы ұлағаты қандай немесе «Грядущий хам» кім?» деген тақырыпта әңгіме қозғасақ, журналист Айман Құлпатшаева «Бір ғана команда бар, ол – қазақ, Қазақстан командасы» атты тақырыпта белгілі қоғам қайраткері Әшірбек Сығаймен әңгіме өткізді. Онда қазіргі кейбір облыс, аудан әкімдерінің басшылыққа келгенде команда жинап келіп, оған өздерінің тамыр-таныстарын, ағайын-туғандарын жинайтыны қатты сынға алынды. Ал, одан кейінгі сандарымызда сол «Келелі кеңес» айдарымен «Мемлекеттік тапсырыспен, әйтпесе, өктемдікпен тарих жазылмайды», «Оқулық ұлттық сипатта болмай, оңалмайды», «Ұлтын өліп-өшіп сүймеген адам ешқашан да зиялы бола алмайды», «Діннің мемлекет пен ұлт қалыптастырудағы рөлі қандай?», «Еуразия идеясы, Еуразия одағы, Еуразия парламенті бізге не береді?», «Қазақ БАҚ әлемдік БАҚ пен бәсекелестікке қабілетті ме?», «Қазаққа қандай ұлтшылдық керек?», «Билік жүйесіндегі парламенттің рөлі мен орны», «Қазақтың ұлттық мінезі мен менталитеті қандай?», «Тарихты кім жазады және қалай, не үшін жазады?», «СССР-дың күйреуі: қазаққа ұлт ретінде тигізген пайдасы мен зияны» атты тақырыптарда материалдар беріп, оған еліміздегі белгілі-белгілі азаматтар қатынасып, өз ойларын білдірді. Көріп отырғандарыңыздай, «Ақиқаттың» келелі кеңесінде қозғалған мәселелердің өзі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Ал, оған Әбдрашит Бәкірұлының «Қазаққа капитализм қалай келді?», «Қазақтың жерұйығы өзіне қайтсе бұйырады», «Бізге революция керек пе?», «Ру емес, рушылдық қоғамдық дертке айналып барады», Сейілбек Мұсатаевтың «Маргиналданған адамдар жиынтығы маргинал ұлт пен маргинал мемлекет қалыптастырады», «Либерализм алға сүйреп, консерватизм кері тарта ма?», «Демографиялық соғыс: жеңістер мен жеңілістер», «Қазақстан қайткенде АҚШ-тай бола алады», Сайлау Байбосынның «Құлдық психологиядан қайтсек арыламыз?», Еркебұлан Әлімханұлы «Тарих тағылымынан сабақ алу», «Этникалық анклавтан ұлттық тұтастыққа дейін», «Ұлт мемлекетті қалыптастыра ма, әлде, мемлекет ұлтты қалыптастыра ма?», немесе Әшірбек Амангелдінің «Серік Ахметов сенім жүгін көтере ала ма?», Қуанбек Боқайдың «Мұхтар мен Сәбиттің айыпталуының зардабы», «Көзқамандар мәңгүрттерден де қауіпті», деген мақалалары тақырыптары айтып тұрғандай қоғамымыздағы небір келеңсіз жайлардың сырларын ашады. 
Біздің белсенді авторларымыз халқымызға белгілі азаматтар. Олардың ішінде Амангелді Айталы, Мәмбет Қойгелді, Қамбар Атабаев, Әшірбек Сығай, Әбдіжәлел Бәкір, Нұртаза Бұлұтай, Зарлыхан Қинаятұлы, Дос Көшім сияқты азаматтар бар. Олардың қай-қайсысы болмасын еліміздегі саяси өмірге белсене араласып жүрген азаматтар. Сондықтан да, құрметті оқырман Сіздердің де «Ақиқат» журналының авторы болуларыңызға толық мүмкіндіктеріңіз бар. Журнал көтерген мәселелерге араласып өз ойларыңызды білдіріңіздер, журналдың жақсы болуына атсалысыңыздар. Соған байланысты журналымызда «Оқырман хаты» айдары барлығын да атап өткіміз келеді. 
Құрметті оқырман! Журналымыздың алдағы жылғы сандарынан жоғарыдағы келтірілген «Келелі кеңес» айдарымен берілетін материалдардың ең таңдамалыларымен таныса аласыздар. Шын мәнінде де «Ақиқат» журналы ақиқатқа жүгініп, шындыққа ұмтылатын республикамыздағы ең бір мазмұнды да мәнді басылымдардың бірі. Яғни, бұл «Ақиқат» журналы – айтары бар басылым» дегенге саятын әңгіме. Журналға жазылыңыздар, оқыңыздар, пікір айтыңыздар! Біздің сүйенеріміз де, иек артарымыз да Сіздер. 
Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<