Мұхамеджан Сералин десе, қазақ журналистері ішкен асын жерге қояды. Мұхаңа басын иеді. Өйткені ол – шынайы қазақ басылымының не екенін еліне тұңғыш көрсетіп, халқының ой-санасын ашқан, халқын мәдениетке сүйреген алғашқы кәсіби журналист, редактор. «Айқап» журналы – Мұхаңның басты еңбегі, оның атын даңққа бөлеген, қаламгердің көркем шығармасы іспетті бірегей туынды.
«Айқап» журналы 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Таралымы 1 мың дана болды. Соңғы саны 1915 жылдың қыркүйек айында жарық көрген журналдың елдің саяси-әлеуметтік өмірінде орасан зор рөл атқарғанын атап өткеніміз жөн. Бір өзі ұйымдастырушы, баспагер, бас редактор болған Сералиннің табандылығына, төзімділігіне, икемділігіне, іскерлігіне таң қаласың. Байлардан ақша жинап, журнал арқылы қазақтың тұңғыш романын жазуға конкурс жариялаған.
Тумысынан халық жағында болып, елінің ауыр тұрмыс-халін, мәдениетінің төмендігін, қараңғылығын көріп өскен Мұхамеджан тәрізді озық ойлы азаматтар ғана осындай елдік іске баратын еді. Әкесі Серәлі Еруәліұлы сияқты Мұхамеджан да ақындықты мұрат етті. Зеректігімен татар, орыс, парсы тілдерін жақсы білді. «Рүстем-Зорабы» дастанын парсы тілінен еркін аударғаны, орыс газеттерінде тілші болып істегені, татар мектебінен де білім алғаны оған дәлел. Серәлі ақынның отаршылдыққа қарсы шығарған өлеңдері оған қатты әсер еткені байқалады. Орыс революционерлерімен қарым-қатынаста болуы саяси сауатының тез жетілуіне ықпал жасаған. Бәрінен бұрын оның Ахмет Байтұрсыновпен, Міржақып Дулатовпен, Сұлтанмахмұт Торайғыровпен әдеби, рухани байланыста болуы, пікірлестігі өмірлік ұстанымының қалыптасуына негіз болған. Мұхамеджан да қазақтың бір арысы. Тегінде арыстар бірін бірі таба, табыса білген, біріне бірі түрткі, қозғаушы күш бола алған. Мұхамеджанның «Айқабынан» Ахаңның да, Жақаңның да, Әлиханның да, көптеген Алаш қайраткерлерінің де шығармаларының, саяси көзқарастарының табылатыны соның айғағы.
«Айқап» нағыз халықтық басылым болғаны соның белгісі. Айбарын айға білеген Ахаң – Ахмет Байтұрсыновтың өзі қазақ көгіне Мұхамеджанның «Айқабын» баспалдақ етіп көтерілді деуге болады. Қазақ ісін арыстар осылайша бастап, бірін бірі сүйеу етіп, тірек етті. Мұхамеджан Сералиннің тарихтағы орны да осында. Қазақ өмірінің мешеулеп қалғанын көрген Мұхаңның «Әй, қап!» деп санын соғып, өкіне отырып, іс бастағаны орнықты жұмыс болды.
«Айқаптың» тәжірибесі «Қазаққа» үлгі болған еді. «Айқаптың» бетінде қазақ өмірінің күрделі мәселелері көтерілді. Қазақ шаруасын құрудың, көшпелі тірліктен отырықшылыққа көшудің, оқып білім алудың, әйел теңдігінің, жалпы мәдениет дамуының түбегейлі жайлары талқыланды, талданды. Өмір сүрген соң жайбарақат отырмаудың, адам болып түзелудің, жұрт қатарлы ел болудың қилы әңгімелері шертілді. Патша өкіметінің қол астында отырған бағынышты халықтың көңілін аулап, күйін кеулеп, көкірегіне жаңа сезім орнатуға, ойының көкжиегін кеңейтуге, бұл да болса сеп болған еді. Әлемдегі оқиғалар, жер жүзі халықтарының өзгеше тірлігі жөнінде хабардар еткен басылым қазаққа түрліше ой салуға жараған. Басқалар осылай етіп жатқанда біз неге тырбанбаймыз, ұйықтай береміз бе, оған жол болсын, біз де тірілейік деген ой «Айқапты» оқыған әр қазақтың құлағына жетіп жатты. 1911 жылы «Айқап» пайда болса, 1913 жылы «Қазақ» газеті өмірге келді. «Қазақ» болса, бүкіл қазақ жұртының бостандық күресінің штабына айналды. «Қазақ» «Айқаптан» ой алып, өсіп шықты деуге болатыны сондықтан. Біздің Ахаң, Жақаң, Әлекең сияқты арыстарымыздың ойын жаулап алған бостандық идеясының, қазақ тірлігін өзгертудің саяси мәні алдымен «Айқаптың» бетінен парақталып шықты деуіміздің қисыны да осыдан.
«Айқап» пен «Қазақ» арасында да идеялық күрес болды. Түйінді мәселелерде кереғар келіп қалып жүрді. Мысалы, жер мәселесі, отырықшылық, съезд ашу мәселелерінде пікірлері тоқайласпады. Бірақ бұған қарап, бұл екі басылымды біріне бірі қарама қарсы болып еді деуге болмайды. Екеуі де қазақ болашағына қызмет етті. Қазақ зиялыларының пікірталас мінберіне жарады. Ойшылдар ірілігін қалай болғанда да осы маңдайымызға біткен екі басылым бетінде көрсетті. Екеуі де қазақ өмірін өзгерткісі келді, жаңартуды көкседі. Екеуінің де көздегені бір мақсат еді. Екеуінің де араға екі жыл салып, бірінен соң бірі дүниеге келуі табиғи еді. «Әй, қап!» деп шырылдай туған «Айқап» өзімен іле-шала «Қазағын» әкелді. Егер «Айқап» болмаса, «Қазақ» та айтарын бірден айта алмас еді. Сондықтан да «Қазақты» жауынгер күреске дайындаған «Айқап» еді деп батыл айта аламыз.
«Айқапта» материалдарын жариялай жүріп, Ахаңдар газетшіліктің құпия сырларын, тәжірибелерін үйренгені сөзсіз. Мұхамеджан мен Ахмет – замандас, пікірлес, бірін бірі жете білген, қадірлес адамдар. Бірі Орынборда, бірі Троицкіде тұрып, қазақ елі үшін қайталанбас жұмыс істеді. Екеуі де төңірегіне қазақтың ойлы азаматтарын жиып, топтастырды. Қазақ зиялылары ішінде осы екі басылым айналасында көрінбегендері тым аз. Ақын да, жазушы да, қоғам қайраткерлері де, қазақтың бостандық күресінің от-жалынында шарпылып, елінің азаттығы жолында жанып кеткендер де «Айқап» пен «Қазақтан» шықты. Еңіреген ерлеріміздің қай-қайсысының ғұмырбаянын оқысаңыздар да осы жайға тап боласыз.
Қазақ журналистерінің атасы Мұхамеджан Сералиннің «Айқабы» әлі күнге сөнбейтін жарық жұлдыздай ұлт баспасөзі көгінде жарқырап көрінеді. Одан алар өнеге мол. Тіпті біздің жас журналистеріміз халық үшін баспасөзді қалай пайдалана білуі керек, қалам құдіретін қалай көрсетуге болады, тіпті қарапайым мақаланы қалай жазу керек дегенге келсек те Мұхаң көз алдымызда тұруы керек сияқты. Баспасөздің мән-мағынасы мен қоғамда атқаратын маңызын Мұхамеджан атамыз бізге көрсетіп, ұқтырып кетті. Қаламыңды көрінген бостиянға жұмсамай, елдің қарымына жұмсауды Мұхаңдардан үйренуіміз қажет. Қазақ журналистикасының атасы бізге осыны міндет етіп кетті.
Атақты ғалым Бейсенбай Кенжебаев былай деп пікірін білдіреді: «Айқап»… жалпы алғанда, демократтық-ағартушылық бағытта болды, қазақ тарихында прогресшіл рөл атқарды: халықтың оянуына, саясат, шаруашылық, мәдениет жақтан өсуіне біраз әсер етті.
Мұхамеджан Сералин «Айқап» арқылы, өз шығармалары арқылы қазақ халқының Абай мен Ыбырай негізін салған жаңа әдебиетінің XX ғасыр басында өркендей түсуіне атсалысты.
Сонымен, Мұхамеджан Сералин қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы әрі көрнекті қоғам қайраткері, әрі көрнекті-журналист-ақыны болды».
Тәйірі, журнал шығарғанда не тұр? Сол журналды шығарды деп Сералинді несіне әспеттейміз, неге оны қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі, редакторы деп қастерлейміз? Одан басқа да бетке ұстар адамдар бар емес пе? Осы секілді жөн-жосықсыз әңгімелерді ара-тұра естіп қаласың. Сондайда Мұхамеджан атамыздың сонау қиын заманда езгідегі қалың қазақтың көзін ашып, отырықшы ел болып, өзге өркениетті жұрттар қатарына қосуға талпынғанын, туған халқын бостандыққа жетелегенін, сол үшін «Айқап» журналын ашқанын айтып, тойтарыс беруге тура келеді. Бұған қайтіп ашынбассың, қалай ренжімессің? Ол «Айқап» журналы арқылы халқымызды өнер-білімге шақырып, егін егіп, бау-бақша өсіру, ағаш отырғызу, отырықшы болып, мектеп, тұрғын үй салу, Ресей, тіпті шетелдердегі оқу орындарына оқуға түсіп, білікті маман болып, елге қызмет ету жайлы тың ұсыныстар, пайдалы кеңестер берді. Сералин елінің өркендеп, өсуін, азаттығын аңсады. Ақтық демі біткенше соны армандап өтті. Шын мәнісінде біз осындай ізгі жүректі, кең пейілді, жан-жақты білімді, бірнеше тілді білген әмбебап асылды әлі бағалай алмай жүрміз. Қазақстандағы аудандар мен қалалардың не жоғары оқу орындарының біріне Сералин есімін беру, ҚазМУ-дағы, Еуразия ұлттық унверситетіндегі журналистика факульттерінде оның атындағы кафедралар мен дәрісханалар ашу, арнайы стипендиялар тағайындау, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Журналистер күніне орай Сералин атындағы сыйлығын белгілеу, республиканың бірқатар қалаларындағы көшелерге Мұхамеджан атамыздың есімін беру, Қостанай, Нұр-Сұлтан қалаларында тұңғыш кәсіби журналиске еңселі ескерткіш орнату қажет. Сонда ғана бәріміз туған халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Мұхамеджан Сералинге лайықты құрмет көрсеттік деп айта аламыз.
Адамзат тарихына үңілсек, халық үшін күрескендердің қайсысы да ауыр азап кешіп, қайғылы өмір сүреді екен. Мұхамеджан Сералин де ондайды басынан кешкен. Талай қудаланды. Бірақ ол 1929 жылғы зұлматқа жетпей өмірден озды. Ахаңдар сияқты ол да осы жылдың қуғын-сүргініне ілігетін еді. Алайда ол жолғы тартпаған азабын артында қалған отбасы, туған-туысқандары тартты. Әйелі, бала-шағасы түгелімен айдауға кетіп, Арал теңізінің Барсакелмесіне жіберілді.
Мұхамеджан Сералиннің артында жоқтаушылары қалды. Қазақ журналистикасы, қазақ елі оны мәңгі есінде сақтайды. Оған біз кәміл сенімдіміз. Қазақ әдебиетінің де ол орны бөлек өкілі. Мұхаңның шығармалары, «Гүлкәшима», «Топжарған» поэмалары – ел тарихынан сыр шертетін асыл мұралар..
Алайда Мұхаңның ел алдындағы өлмес еңбегі – «Айқап» журналы. Қазақ баспасөзінің көшбасшысы – «Айқап». Жалынды ақын Міржақып Дулатов аталған журнал жайлы «Білім әлеміне ашылған бір терезе болды» деп айтқандай, «Айқап» қалың қазақты мүлгіген ұйқысынан оятып, ұлт болып ұйысуына, сауатын көтеріп, мәдениетті, отырықшы ел қатарына қосылуға ұмтылуына жол ашты.
Есенгелді СҮЙІНОВ,
жазушы,
Қазақстанның мәдениет қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<