ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

1248

0

ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ­жазушы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Бегімбай Ұзақбаевты қабылдады.
Әдебиетте өзінше жол салған қаламгер мерейлі 70 жасқа толып отыр.
– Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылында жарық дүние есігін ашқан, осы киелі мекеннің бір алтын асықтай асыл перзенті атанған Бегімбай аға елге іскерлігімен, көрегендігімен, мінсіз қызметімен, талай тарихи шығармаларымен, жақсы мінезімен кеңінен танылды. Бегімбай Ұзақбаев мемлекеттік қызметте істеген 40 жылдан астам уақыт ішінде Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге белсене атсалысты. Кезінде саяси ағарту үйі мен институттарда сабақ беріп, әртүрлі тақырыптарда дәріс оқыды. Бекеңнің қаламгерлік қарымы кең. «Жалаңтөс баһадүр» тарихи романы Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың алғысөзімен «Отырар кітапханасы» сериясымен жарық көрді, – деді облыс әкімі.
«Қарабура», «Сопы Әзиз пір», «Марал баба», «Сартай батыр», «Байқазақ», «Алдаспандар рухы» тарихи романдарымен бірге «Тағдыр», «Сырлы сезім», «Бұтақтан өрген бәйтерек», «Шырағың сөнбесін», «Сырымды саған айтам», «Қилы-қилы заман-ай», «Шығар күннің шуағы» атты туындылар авторы. «Жалаңтөс баһадүр» атындағы республикалық қор төрағасының орынбасары, Арал және Қазалы аудандарының құрметті азаматы.
Аймақ басшысы рухани мәдениетіміздің дамуына қосқан еңбегі үшін қаламгерді Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ, жерлестерінің атынан иығына шапан жауып, Түркі халқының абызы атанған Қорқыт баба бейнеленген картинаны табыстады.
Кездесу соңында жазушы Айжарық Сәдібекұлы мен белгілі ақын Махмұтбай Әміреев әріптестері Бегімбай Ұзақбайұлын құттықтап, оның қаламынан шыққан еңбектердің құндылығына, оқырманға берер тәлім-тәрбиесіне тоқталды.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<