Алашқа аян Алмат би

1404

0

Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақ радиосы мен мәдениет саласының үздігі Ахат Жанаев біздің басылымның тұрақты авторы еді. Сыр бойындағы алтын тіні үзілмей, атадан балаға жалғасып келе жатқан жыраулық өнер мен оның өкілдері, тарихи тұлғалар туралы сыр шерткен мақалаларын өзі әкеліп тұратын.

Аймақ журналистикасының ақылшы ақсақалының дүниеден өтуіне орай ұрпақтары мен ағайынының қайғысына ортақтасып, көңіл айта отырып, редакцияға өз қолымен тапсырған «Алашқа аян Алмат би» атты мақаласын жариялап отырмыз.

Осыдан біраз жыл бұрын өмірден өткен Тұрлыбек Деменов ақсақалды жерлестер әзірге ұмыта қоймаған шығар. Кезінде нағашылы-жиенді болып жақсы араласқан едік. Айтары жоқ, нағашымыз көне сөздің көмбесі іспетті шежірешіл, естігендерін әсте ұмытпайтын құймақұлақ жан еді ғой. «Жақсылардың жүрген жері – Мысыр шаһары» демекші, дастарханның ажарын ашып, базарын келтіріп отыратын, жарықтық. Ол кісінің қарымды қаламынан туындаған «Келте тонды Келмембет» атты туындысы мен Шөмекей жұртының шежіресін бұл күндері сөз қадірін білетін ұсынақты жандардың жеке кітапханаларынан болмаса, дүкен сөрелерінен кезіктіре алмайсыз. Әлгіндей құнды қазыналарды өмірге келтіру жолында егде тартқан шағында ағамыз қаншама жерді жаяу-жалпы аралап, қаншама шақырымдық жол азабын бастан өткерді десеңізші! Жанкештілік демей не дерсіз мұны. Тіпті ит арқасы қияндағы Қарақалпақстан мен Өзбекстан да бұл кісінің назарынан тыс қалмапты.

Тұрекең – Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылының тумасы. Кезін­де халық ағарту саласында да, шаруашылық басшылығында да жауапты қызметтер атқарған. Қазақы қалжыңның хас шебері атанған от ауыз, орақ тілді ағамызға деміне нан піскендердің өздері де қарсы келе бермейтін, байқас болатын. Өткір тілінен сескенетін.

Шежіре құрастыру дегеніңіз тауқыметі мейлінше мол, инемен құдық қазғандай тірлік екен ғой. Бұл үшін ата-бабаларымыздың арғы-бергі тарихынан жан-жақты хабардар болғаның мақұл. Білімдарлық та, тө­зімділік те, жауапкершілік те керек-ақ.

– Бірнешеленген жылдарға созыл­ған осы бейнетімнен тапқан бір олжам – бұл күнге дейін өзіме беймәлімдеу болып келген біртуар кесек тұлға – Алмат есімді би атамыз еді, – дейтін ағамыз.

Бұл кісі кезінде батыр баба Бұқарбай Естекбайұлымен де сыйлас, сырлас болған деседі. Өйткені екеуі де Кенесары ханның қасиетті туы астында азаттық үшін соңғы демі үзілгенше айқасқан азаматтар ғой. Бұқарбай әрдайым жортуылда ат үстінде жүрсе, Әлекең бітімгершілік, мәмілегерлік, қазіргі тілмен айтқанда, дипломатиялық шаруа­лармен айналысқан, яғни, Кене ханның оң қолы болған. Арғы ата-бабалары Сыр өңірінен тараған десек те қызмет бабына орай Арқа жағында көбірек болған көрінеді. Әлекеңнің елді аузына қаратқан айтулы би болғандығын жыр дүлділі – өзіміздің Балқы Базар атамыздың мына бір айшықты шумақтарынан-ақ айқын аңғаруға болады:

Болғанда ағам Алмат,

жеңгем Күміс,

Кісіде бола бермес мұндай туыс.

Әлекем қырда тұрып айқайласа,

Болады Әлім-Шөмен бір-ақ уыс.

Сол жылдары біз Бұқарбай бабамыздың алдағы мерейтойына орай жер-жерден тың деректерді жинастырып жүргенбіз. Би, мәмілегер бабамыздың атақ-даңқына сырттай қанық болғанымызбен ол кісінің арғы-бергі тарихын жеткілікті біле бермейді екенбіз. Енді осы олқылығымызды толықтыру қажет болды. Сөйтіп, шұғыл іске кірістік.

Дөйт ұранды Шөмекей жұртының Шобдар аталығы қашаннан шынжыр балақ, шұбар төс тұқым болған. Мұны осы бір ғана әулеттің өмірінен-ақ көруге болады. Дерек көздеріне сүйенер болсақ, Алмат Тобабергенұлы 1804 жылы өмірге келіп, 1892 жылы дүниеден өткен, яғни Бұқарбай батырмен үзеңгілес, қатар өмір сүрген. Ол кісі өзінің білімдарлығы, шешендігі, белсенділігі арқасында билікке де ертерек араласқан. Орынбор мен Орта Азия аралығындағы керуен жолдарына басшылық жасаған. Сөйтіп, орыс шенеуніктерінің де назарына іліккен. Мұның үстіне өз ана тіліне қоса өзбек, қарақалпақ, шағатай, түрікпен және орыс тілдерін де жетік білгенге ұқсайды. Орынбор шекаралық комиссиясының жұмысына да қызу араласып, өз қандастарының жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды. Ел арасындағы жер дауы, жесір жауы, құн дауы сияқты дау-дамайларға төрелік айтып, өз елінің Төбе биі атанады. Ресей сыртқы істер министрлігі оны өз елшілігінің құрамына қосып, 1830 жылы Хиуа хандығына аттандырады. Араға 10 жыл салып Кене хан өз құзырындағы Әлекеңді Қоқан мен Хиуаға екінші қайтара жіберіп, уақыт өткен сайын шиеленісіп бара жатқан ахуалды жақсартып қайтуды тапсырады. Әлекең осы сапарында Сыр бойы қазақтарын бұдан былай қарай алым-салықпен мазалай бермеулерін талап етеді. Бұлардың енді Ресей патшалығының ықпалында екендігін, осыған орай орыстардың жергілікті халықты ешкімге талатып қоймайтындықтарын қатты ескертеді. Шыдамның да шегі болатын сияқты зорлық-зомбылық бұрынғысынша жалғаса берер болса, онда қандастарымыздың да шұғыл атқа қонып, басын бәйгеге тігуге даяр екендіктерін жасырмайды. Алайда сөз жүзінде пәтуаға келгенмен, іс жүзінде ала тақиялы ағайындар ашкөздік әрекеттерін әрі қарай жалғастыра береді. Мұның аяғы кейінірек қарулы қақтығыстарға барып ұласады. Осы бір қырғиқабақ дүрбелең кезеңдерді өзіміздің Жанкісі есімді қандасымыз былайша өрнектесе керек:

Ашкөздігі сарттардың

Көкжалдардан аумайды.

Қарсы келсең аямай

Қол-аяғыңды байлайды.

Түгел тінтіп үйіңді,

Тәуірлерін қармайды.

Қыз-қырқынға қырындап,

Сұлуларын таңдайды.

Нағыз діндар біздер деп

Ел-халықты алдайды.

Ағайын деуге оларды

Аузың әсте бармайды…

Елдің тыныштығы мен ат үстінде жүрген азаматтардың аман­дығын бәрінен де жоғары қоя білген Алмат бабамыз көптен бері Бұқарбай мен Наурызбай арасындағы түсініспеушілікке қатты алаңдап жүрген-ді. Ойлана келе екеуін тату­ластыру жөнін­де шешімге келді. Бір күні Наурыз­байды оңаша шығарып алып:    

– Айналайын Науанжан, сенің батырлығың да, жүректілігің де һәм найзагерлігің де ешкімнен кем емес. Бірақ, кейде ашу-ызаның жетегінде кетіп, әттеген-ай дегізерлік әнтектікке қалай барғаныңды аңдамай қалатын сияқтысың. Өзгелерді былай қояйықшы, өзіңнен мүшел жастай үлкен Бұқарбай батырға нендей кінә тағасың? Әңгімемнің ауанын байқап отырған боларсың. Қазақта «Қызға кім сөз айтпайды, қымызды кім ішпейді?» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, өзіңнің апаң, мынау Бопай қарындасымыз ақыл тоқтатпаған, көлденең келген көк аттының жетегінде кетер осал жан емес қой. Өз жөнін білетін, ар-намысын ешкімге таптатпайтын өр мінезді өжет тұлға емес пе? Енді сол апаңды қарулас ағаң Бұқарбайдан қызғанып, кек сақтап жүрген көрінесің. Мұның дұрыс емес. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп ата-бабаларың текке айтқан деп отырмысың? Бұқарбай Зауряд хорунжий деген атақ-даңқы жер жарған көрнекті сардар емес пе? Егер ол ойламаған жерден қысастықтың құрбаны боп кетер болса, онда мұның Кенесары ағаңа өте қымбатқа түсері ақиқат. Соңына шам алып түсіп, қытығына тие берсең, хан жасағының үштен бірі оның соңына еріп кетері анық. Аржағын енді өзің бағамдай жатарсың, – дейді. Кісіге үлкен ой саларлық осы әңгімеден соң Наурызбай бұрынғы райынан қайтып, Бұқарбай ағасымен төс түйістіріп, ақыреттік дос болып кеткенге ұқсайды.

1841 жылдың күзінде ел Кенесарыны ақ киізге көтеріп, бүкіл сән-салтанатымен таққа отырғызады. Сол ақ киіздің бір шетін ұстау бақыты Кіші жүз азаматтарынан осы Алматқа бұйырады. Әлбетте мұндай мәртебелі жиынға кездейсоқ кісілердің шақырыла бермейтінін ескерер болсақ, онда Әлекеңнің де тегін тұлға болмағанын көреміз. Бірақ, Кенесарының хан болып, таққа отыруы Ресей патшалығы үшін төбеден жай түскендей тосын құбылыс болған-ды. Өйткені, соңғы 20 жыл көлемінде яғни 1821-1841 жылдар аралығында орыс императорлары қазақ жеріндегі хандықты жойып, билік тізгінін дуандар мен сұлтандардың қолына ұстатып қойған-ды. Бұл, сайып келгенде, қазақтың тұтастығы мен бірлігін жоюға бағытталған қанқұйлы саясат болатын.

Батыс-Сібір генерал-губер­наторы П.Горчаковқа жолдаған хатында Кене хан былай деп ашына жазған еді. «…Сіздің құзырыңызда бұдан былай өмір сүру мүмкін болмай тұр. Мысалы, Ресейді өзге ел билесе, қалай болар еді? Бізді де түсініңіздер. Мен, әрине, өз жағыма Баянауыл, Қарқаралы, Ақмоладағы халқымды алдым. Бәрін де өзіме қаратқым бар. Жалпы қырғыз (қазақ) халқының бұрынғы қалпында қалуы дұрыс болар еді. Мұндай жағдайда сіздер де, біздер де тыныш өмір сүрер едік…»

Өкінішке қарай, бұл хат жауапсыз қалдырылады. П.Горчаковтың «Азиат­тармен келіссөз жүргізгенде үрей туғызу – табысқа жетудің ең тиімді тәсілі» деп көкірек керуі де Ресей патшалығының арам пиғылын аңғартып тұрған-ды.

1844 жылдың қаңтар айында Арқа жұртшылығы тосын оқиғаның куәсі болды. Ресейдің жазалаушы отрядтары Кене ханның жорық жолында жүрген оңтайлы сәтін пайдаланып, қорғансыз қалған Күнімжан есімді бәйбішесін, күтуші қыз-келіншектерімен қоса тұтқындап әкетеді. Сонымен, Батыс-Сібір генерал-губернаторының жарлығымен аса құпия жағдайда тұтқындар әуелі Көкшетауға, әрі қарай Омбыға жеткізіледі. Ресей отарлаушыларының бұл зұлымдық әрекеті Кенесарының ашу-ызасын отқа май құйғандай өршітіп жібереді. Көп кешікпей Кене хан өз жасағымен Троицк, Орск аралығындағы Екатеринск бекінісін талқандап, жоғары шенділерін тұтқынға түсіреді. Мұнымен де шектелмей Романов, Полтавский, Софийский, Михаиловский стансаларын да қиратады. Қарап жатқан жыланның құйрығын өздері келіп басқанына өкінген орыс әскерлері енді уақытша болса да мәмілеге келуге асығады. Екі арада келіссөздер жүргізіліп, оған бастан-аяқ Алмат Тобабергенұлы қатыстырылады. Ақырында айыр­бастау есебімен Күнімжан елге қайтарылатын болып келісіледі. Кене хан бұл шаруаны ұзақ жылдар бойы өзінің мәмілегерлік қабілетімен де, тапқырлығымен де, орыс тіліне жетіктігімен де ерекше көзге түсіп жүрген сенімді серігі Алматқа аманаттайды. Өйткені, бұлар бұрыннан бір-біріне бажа болып келетін. Күнімжан Тұрсынқызымен Әлекеңнің Күміс есімді бәйбішесі орта жүздің Арғын аталығынан өрген жандар-тын. Келісім бойынша Күнімжанды өз отбасына аман-есен жеткізу және оның қауіпсіздігі тікелей Әлекеңнің жауапкершілігінде болатын. Абырой болғанда күннің суықтығына, ұйытқи соққан дүлей боранға қарамастан сапар сәтті аяқталды. Сібірден қайтар жолында Әлекең Күнімжанды Ырғыз өңіріндегі өзінің атажұртына апарып, бір аптадай жақсылап тынықтырады. Сый-сияпат көрсетеді, үй иелерінің мұндай қызметіне қатты риза болған Күнімжан сіңлісі Күмістің иығына Сібір генерал-губернаторы сыйға тартқан құны 20 жылқылық кәмшат ішігін тарту етеді. Бұл деректерді біз бас штабтың поручигі Герннің Обручевке жолдаған рапортынан алып отырмыз. Осы рапортқа қарап Ресей патшалығының да тұтқындардың еліне аман-есен жетуіне мүдделі болғанын көреміз. Өйткені, бұл кезеңде арадағы жағдай ушығып-ақ тұрған-ды. Ресейдің Күнімжанды төредей күтіп, ризашылығына бөлену арқылы Кенесарының да бетін бері қарату пиғылының болғанын жоққа шығармау керек сияқты.

Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс (1837-1847) жеңіліспен аяқталған соң Алмат би ақтық демі түгесілгенше ел-халқына адал қызмет етіп өтеді. 1857-1875 жылдар аралығында Орынбор губерниясына қарасты №54-дистанцияны бас­қарса, 1869-1875 жылдары Қожақұл аймағының болысы болып, елді отырықшылыққа, егіншілікке бе­йімдейді. Жаңа мешіт-медреселер тұрғызып, жер­лестерін намазға жығады. Сол білім ошақтарының сұлбасы осы күнге дейін сақталған. Өзі дүниеден өтіп кеткен соң аяқтал­май қалған игілікті істерін балалары жалғастырады. Ресей әскери министрлігінің генералы Иван Бламлаберг өзінің «Кіші жүз қырғыз-қайсақтарының жер­лері» деген еңбегінде «Қырғыз Тобабергенов – өте ақылды, шешен, сабырлы салқын­қан­ды тұлға» деп жазса, Ырғыз уезі­нің бастығы А.Бочак: «А.Тобабергенов – қырғыз, қайсақ­тардың шын мәніндегі патриоты және қамқоршысы» деп жоғары баға берген.

Алмат бидің белінен тараған ұл-балаларының атын атап, түсін түстер болсақ, олар Самұрат, Төремұрат, Мақмұрат, Қосмұрат, Пірмахан болып жалғасып кете берер еді. Бір ғажабы, барлығы да көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған. Үлкен ұлы Самұрат (1842-1922) Ырғыз уезі бастығының көмекшісі, Кенжеғара болысының басшысы болып 40 жыл ел билесе, өзгелері де қаражаяу болмаған. Тіпті шөбере-шөпшектеріне дейін дарынды болғанға ұқсайды. Әбіл есімді немересі (1903-1937) керемет күйші болған, 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысып, талғамы биік көрермендерін тәнті еткен көрінеді. Ал Әлімі болса, осы онкүндіктің ең жас орындаушысы әрі аса дарынды скрипачы болған. Сол Әлім ағамыз қалған 70 жылдық ғұмырын Түркияда өткізеді. 100 жасап жақында дүниеден өткенге ұқсайды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған бойда ауыр жараланып, жау қолында қалады. Фашистер оны аса талантты музыкант екеніне қызығып, Вермахт офицерінің қол астына қызметші етіп жібереді.

«Өлмегенге өлі балық жолығады» демекші, осылайша Әлімнің екінші өмірі басталады. 20 жастың о жақ бұ жағындағы уыздай жас жігіттің талантына тәнті болған жоғары лауазымды неміс офицері оның әрі қарай шеберлігін шыңдай түсуіне қолдау білдіреді, көмектеседі. Өзінің зеректігі арқасында Әлім Мұстафа Шоқайдың Францияның Ножан қаласында тұрып жатқан зайыбы Мария Горинамен танысады. Өңкей немістердің арасында қалай жүргеніне әуеліде таңданыс білдірген Мария жеңгесі кейін қазақ жігіті екендігіне көзі жеткен соң бірыңғай өз қамқорлығына алады. Мәскеуде аяқтай алмай қалған оқуын әрі қарай жалғастыруға кеңес береді. Мұны Мария Яковқызының 1963 жылы жарық көрген естелігінен алып отырмыз «Бір жылдан соң 1947 жылы Германиядан Әлім Алмат есімді дарынды скрипач келді. Аспапта тамаша ойнайды екен. Оған консерваторияны бітіргені жөнінде диплом қажет болды. 1941 жылға дейін Мәскеу консерваториясында оқығанымен, әскерге шақырылуына орай аяқтай алмаған соң мен оны Франциядағы консерваторияға түсіріп, диплом алып шығуына көмектестім. Әлімнің бұдан былайғы өмірі Түркияда жалғасты».

Соғыс аяқталған соң Әлім Алмат­тың алдында екі тараулы жол тұрған-ды. Біріншісі – өзін күтіп тұрған қауіп-қатерге қарамай  атажұртына жетіп, сонда жан тапсыру, екіншісі – білім қуып, қайткенде де өз өнерінен қол үзбеу, былайғы қалған өмірін түркітілдес елдердің біріне табан тіреп, тұрақтап қалу болатын. Мария жеңгенің кеңесімен таңдау Түркияға түсіп, бұл жерде 70 жыл ғұмыр кешеді. Екінші отаны, үйі болып кеткен елге деген Әлімнің сүйіспеншілігі, ризашылығы ерекше болатын. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, Түркия да оны жатсынған емес, өз перзентіндей төбесіне көтере білді.

Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, арадағы шекара айқара ашылған бойда алыс-берісіміз де, қатынасымыз да жақсара түсті ғой. Міне, осыған орай Әлім Алмат ағамыз 1992 жылы 75 жасқа толған шағында жеңгеміз екеуі атажұртымен қайта қауышып қазақтардың І дүниежүзілік құрылтайына қатысып, ежелгі ел-жұртымен жылап көріседі. Осы сапарында өздерінің кір жуып, кіндік қаны тамған Ырғыз өңіріне де ат басын бұрып, ата-бабалар аруағына құран бағыштайды. Бұл, әлбетте, тілмен айтып жеткізе алмастай, жүрек тебірентерлік сәт болатын. Әне, туған жерге деген махаббат қандай десеңізші?!

Айта берсек, Алмат бабаның ұрпақтары аз көрінбейді. Солардың бірі өзіміз жақсы білетін, көзінің тірісінде талай рет табақтас, сапарлас болған, қазақтан шыққан тұңғыш кинооператорлардың бірі – Файзулла Әбсаламов (1911-1993 жж.) ағамыз еді. Өкінішке орай, ол кісінің Алмат бабамыздың тікелей ұрпағы екенін бұрын білмеуші едік. Заманның ағымынан қауіптенген болар, өзі де ататегі туралы тіс жарып айта бермейтін. Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз ғой. Әлім ағамыздың артында өзінің көзі іспетті Төре атты ұлы, Мұрат атты немересі қалыпты. Тегін жоғалтпау мақсатымен және Төремұрат болыстың ізін жоғалтпау ниетімен сірә осындай шешімге келсе керек.

Осы материалды әзірлеу үстінде тағы бір қаныққан нәрсеміз – 1969 жылы Файзолла ағамыздың Түркияға Әлім бауырын арнайы іздеп баруы дер едік. Бұл сол кезең үшін ерлікке пара-пар құбылыс болатын. Десе де, Файзекең өзінің абырой-беделінің арқасында билік басындағы беделді кісілердің тікелей араласуымен визаға қол жеткізіп, Түркияда тұрып жатқан Әлім ағасының үйінде бірнеше апта болып, мол әсермен оралады. Ағасына туған жердің бір уыс топырағын табыс етеді.

Қазақта ықылым заманнан бері алтынның сынығындай сақталып келе жатқан «Әкесі достың баласы дос» деген сөз бар. сол рас. Алмат би де, Бұқарбай батыр да кезінде ақыреттік дос болуға ант еткен арыстар еді ғой. Міне, солардан қалған Самұрат, Төремұрат, Көтібар, Алданазар сынды көшелі ұлдары өздері дүниеден өтіп кеткенше бір-бірімен жиі араласып, сыйластықпен күн кешсе керек. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осы бір игі дәстүрдің енді шөберелері мен шөпшектеріне де жұғысты болса, кәнеки!

Ахат ЖАНАЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қазақ радиосы мен мәдениет саласының үздігі,

Жалағаш және Сырдария аудандарының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<