Күні бүгінге дейін толық зерттеліп-зерделенбеген тұлғалардың бірі – Құлан ақын. Құлан Алдабергенұлы 1861 жылы дүниеге келген. Зерттеулерге қарағанда туған жері Қосүйеңкі елді мекеніне қарасты Қаратау жеріндегі Тастүскен деп көрсетіледі. Тастүскен – Құланшы өзеніне құятын шағын өзен. Құлан осы өзеннің бойында кедей отбасында дүниеге келсе керек. Ол Сыр бойын мекендеген атақты ақындар Молда Мұса, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, оңтүстік өңірдің ақындары Мәдәлі, Майлықожа, Құлыншақтармен тұстас өмір сүрген, кездесіп сөз сайыстырған деген бар.
Құлан ақын Сыр сүлейлерінің дара тұлғаларының бірі болған. Кезінде өзінің қолымен жазылған 400-500 беттей өлең, толғау-термелері бірден-бірге өтіп, баспа бетін көрмей жоғалып кеткені өкінішті. Ел аузында қалған өлеңдерін, термелерін, айтыстарын қағазға түсіріп, баспа бетінде жарық көруіне халық ақыны Манап Көкенов, ақын, жыршы, термеші Есіркеп Қоңқабаев, танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тынымбай Нұрмағанбетов, журналист, ақын, жазушы Файзулла Сахиев, жазушы Жолтай Әлмашұлы, фольклортанушы Берік Жүсіпов біраз еңбек сіңірген. Тынымбай ағамызбен бір кездесуде Құлан ақын жайлы сұрағанымда былай деп еді:
– Әкем Нұрмағанбет Құлан өлеңдерін жатқа айтушы еді. 1964 жылдары ақын Манап Көкенов іздеп келіп, ақын өлеңдерін жинастырып жүргенін, жарыққа шығарғысы келетінін айтқанда, шаруақор әкем «қазір науқан уақыты, кейіндеу асықпай отырып, айтып беремін» деген екен. Сол жылы мен Қызылорда педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетіне оқуға түстім. Қысқы демалысқа келгенімде, жазу-сызуға құмар екенімді білетін әкем:
– Балам, осы Құлан қалпе ақынның мен білетін өлеңдерін өзің жазып, баспаға өткізбейсің бе? – деді.
Содан ақынның бірнеше өлең жолдарын жазып алып. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына тапсырған едім, – дегені бар. Бұл 1965 жыл. Халық ақыны Манап Көкенов 1974 жылдары ел аузынан жазып алған 3000 жолдай, ақын-термеші Есіркеп Қоңқабаев 350 жолдай, жетісайлық жыршы Қайыпназар Әйтпенов 650 жол шамасындағы өлең жолдарын жоғарыда аталған институтқа тапсырғаны туралы дәйекті деректер бар.
1965 жылдары жазушы Сәбит Мұқанов бас болып әдебиет зерттеушілері Рахманқұл Бердібаев, Мардан Байділдаев, Нысанбек Төреқұлов, Ханғали Сүйінішәлиев Құлан ақын өлеңдерін зерттейді. Филология ғылымдарының докторы Х.Сүйінішәлиев «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» деген зерттеулерінде ақын шығармаларына назар аударады. Құлан ақынның біраз өлең, терме, толғау, айтыстары облыстық, республикалық газеттерде жарық көріп, «Бес ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Ай заман-ай, заман-ай», кітаптарынан орын алады. Дегенмен 1991 жылға дейін ақын еңбектері әрі қарай зерттелмей елеусіз қалады. 1991 жылы Халық ақыны Манап Көкеновтың бастамасымен Құлан ақынның туғанына 130 жыл толуына орай мерекелік іс-шара, ақынның туған жері Тастүскен өзенінің қасындағы үлкен саз Саудабазарда аталып өтеді. Бұл Құлан ақынға арналған алғашқы құрмет еді. Осы іс-шара туралы журналист, ақын Файзулла Сахиевтің «Қосүйеңкінің қос бәйтерегі» кітабында егжей-тегжейлі жазылды. Содан бастап зерттеушілер Құлан ақын шығармашылығын қолға ала бастағандай. Белгілі жазушы, әдебиеттанушы ғалым, қоғам қайраткері Жолтай Әлмашұлының 1998 жылы жарық көрген «Қызыр қонған Түркістан» атты кітабында «Құлан Алдабергенұлы» деген көлемді мақала бар. Ақын, әдебиет зерттеушісі, ғалым Шөмішбай Сариевтің «Құландай жүйрік Құлан ақын» зерттеуіндегі ақын жөніндегі толғанысы – жинаққа арнайы жазылған шығарма.
Файзулла Сахиев – бала күнінен Құлан шығармаларын құлаққа сіңіріп өскен, ақын өлеңдерін жинап, зерттеп, насихаттап, ел аузынан жазып алып, халыққа танытуда қалам тартып жүрген қарымды журналист-ақын. «Қосүйеңкінің қос бәйтерегі», «Жырдың алдаспаны» атты кітабы, зерттеу мақалалары – осы сөзіміздің айғағы.
Сонымен қатар, энциклопедияшы, жазушы, журналист Таңатқан Барақұлы Құлан ақын шығармашылығын зерттеп «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына 2004 жылы жарияланған. Әдебиет зерттеушісі Серікқазы Қорабай Құлан ақын сатирасын зерттей келіп, «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі сатираның дамуы» атты орыс тілінде жазылған кандидаттық диссертациясында арнайы атап өткен.
Құлан ақынның 140 жылдық тойы ескерусіз қалды. Есесіне, 2011 жылы Құлан ақынның туғанына 150 жыл толу тойы айтарлықтай биік дәрежеде өтті. Ақындар айтысы, ғылыми-танымдық конференцияларда ақын шығармашылығы кеңінен насихатталды.
Қазақстанның құрметті құрылысшысы, ақын ұрпағы, Құлан ақын қорының президенті Марат Көпешов өз қаражатына Құлан ақын бюстін жасатты. Түркістан қаласынан, Жаңақорған кентінен көше атаулары берілді. Жазушы Жолтай Әлмашұлы мен фольклортанушы Берік Жүсіпов, халық ақыны Манап Көкенов жинаған деректер бойынша «Асылмын әлі күнге танылмаған» атты Құлан ақынның өлең, терме, толғау, айтыстарын 2011 жылы толық нұсқада кітап етіп басып шығарды. Сонымен біздің қорымызда 2003 жылы Файзулла Сахиевтің «Тұмар» баспасынан шыққан «Қосүйеңкінің қос бәйтерегі», 2011 жылы «Мәдени мұра» сериясымен «Тұмар» баспасынан шыққан Марат Көпешов пен Файзулла Сахиев құрастырған «Аузымда өлең деген алмасым бар», «Арда» баспасынан шыққан, Серікқазы Қорабай құрастырған «Алмастай сөзім өткір», 2011 жылы «Арпав» баспасынан шыққан Жолтай Әлмашұлы мен Берік Жүсіпов құрастырған «Асылмын әлі күнге танылмаған» кітаптары бар.
«Аузымда өлең деген алмасым бар» атты кітапта ақындар Дінислам Доскелдінің, Файзулла Сахиевтің, Марат Көпешовтің, Жақсыгүл Бегманованың, Айдана Тасболатованың 150 жылдық мерейтойға орай арнайы жазылған өлеңдері топтастырылған. Құлан атамыз туралы осындай қомақты дүниелер жарыққа шығып, ел-жұртына таныстырылған. Әрине, кезінде көмескіленіп, көмілуге айналған алдаспан жырдың жарыққа шығуына үлес қосқан ғалым, жазушы, ақын, зерттеушілерімізге мың алғыс!
Ендігі біздің айтпағымыз, биыл яғни, 2021 жылы алдаспан жырдың ақиығы, ақберен ақын Құлан Алдабергенұлының туғанына 160 жыл толғалы отыр. Ақын рухына тағзым етіп, есімін ел есіне түсіруге тағы бір мүмкіндік туғалы тұр. Осы орайда аудан әкімшілігі бірқатар іс-шаралар өткізуге бас болып, жоспар бекітуде. Ұрпақтары атынан туған жері Қосүйеңкіде ас беріп, құран бағыштасақ деген ой бар. Қосүйеңкі демекші, Қосүйеңкі ауылының аты емес, Қосүйеңкі ауылдық округі атауын Құлан ақын ауылдық округі етіп өзгерту ұсынысы оң шешімін тапса дейміз. Бұл дегеніміз ақын атамыздың 160 жылдық тойына тартылған ең бір сыбағалы сый болар еді. Біздің мақсатымыз – дүлдүл ақын Құлан атамызды еске алып, шығармаларын ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар үлгі-өнеге ретінде ұсыну. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп дана Абай айтқандай, Құлан ақын мұрасы – өлмес мұра.
Біздер үшін, тым биік
дара тұлға,
Сусындатқан алдаспан,
алмас жырға.
Там-тұмдап аз болса да
жиғанымыз,
Құлан ақын мұрасы –
өлмес мұра!
160 жыл толыпты туғанына,
От тілді, орақ ауыз сөзге ұста!
Жаршысы өлең сөздің,
жауһар жырдың,
Бас кеспек, болсадағы,
тіл кеспек жоқ,
Сөз өткір алмастай-ақ
ұққандарға!
Өлмейтұғын артыңызда
мұра барда,
Ұмытылмас есіміңіз,
Құлан баба!
Қалмұрат МҰСАБЕКҰЛЫ.
Қосүйеңкі ауылы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<