(естелік-эссе)
Дарқан көңіл, даламдай жаны көктем,
Қиындықты елмен бірге көретін.
Қазақ қызын өзіңдей арман еткем,
Жан шуағын еліне арнап төгетін.
Арман-құсым өзіңбісің, Алмагүл?
Сабырым мен төзімбісің, Алмагүл?
Жанарымда қалып қойды жанарың,
Әлде менің көзімбісің, Алмагүл?
Алмагүл апай туралы бұл естелік-эссені ұлағатты ұстаз, ақын-композитор Ділдахан Торғаеваның мемлекет және қоғам қайраткері, құрбысы Алмагүл Божановаға арнаған «Алмагүл» атты әнімен бастауымның себебі жоқ емес. Ол қандай себеп десеңіз – Алмагүл апай туралы ойласам болды, сазгер-ақынның осынау әдемі әні мен сөзі судағы иірімдей санамда шырқ үйіріліп тұрып алады.
Қиындықтан жасымаған жан құрбым,
Марапаттан тасымаған жан құрбым, – деп жазыпты тағы да Ділдахан шайыр.
Шынында, Алмагүл апайға берілген дәл баға бұл! Әр адамның, әр азаматтың, әр тұлғаның болмыс-бітімін, пайым-парасатын, ішкі сезімін, жан дүниесін, екі бастан – елге сіңірген еңбегін, атқарған қызметін, өмірлік ұстанымын жанына жақын, жанашыр, тілектес, тілеулес, сырлас досынан артық кім біледі?! Оның бер жағында Алмагүл апайдың туған жерінің, туған жұртының өсіп-өркендеуіне, жалпы Сыр өңірінің өрістеп-дамуына қосқан үлесі, еселеп қосқан үлесі көптің көз алдында болды!!!
Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым!
Алмагүл апай менің ұстазым еді. Ұстаз болғанда да, класс жетекшіміз-тұғын. («Класс» деп дұрыс жазып отырмын. Ол кезде қазіргі «сынып» деген сөз жоқ. Жалпы қазақ тілінің ережесі бойынша оқиға қай кезде болды, сол уақыттың сөзімен, атауымен жазылуы керек). Ал класс жетекші деген, оның ішінде өз мамандығына берілген, өз ісін адал атқаратын, балаларды, шәкірттерін жанындай жақсы көретін жетекші – екінші анаң!
Иә, Алмагүл апай біздің ардақты, сүйікті, аяулы анамыздай болды! Біз деп отырғаным – қазіргі (ол кезде «Қазақ ССР-інің 50 жылдығы» атындағы совхоз) Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов ауылындағы №132 орта мектепті 1973 жылы бітірген түлектер.
Бүгінде байтақ елге танымал Нағи ауылы ә, дегеннен бірден мұндай әдемі, үлкен шаруашылық бола қойған жоқ. Іргесі 1966 жылы қаланған ауылда ол кезде мектеп түгілі бірде-бір үй, бірде-бір көше жоқ болатын. Жидесі мен жыңғылы, шеңгелі мен қарабарағы, қамысы мен миясы сыңсыған иен дала, ит тұмсығы батпайтын қалың тоғай еді. Міне, осы иен далаға ауыл орнату үшін алып құрылысты бастауға алғашқылардың бірі болып қала іргесіндегі Қараөзек стансасынан біздің отбасымыз көшіп келіп, жаңа жердегі қарлығаш шаңырақ болды. Ал шабырдың арасындағы жалғыз шаңырақтың шиеттей баласына оқу керек. Мектеп қайда? Сонан, амал жоқ, біріміз қаладағы, біріміз кенттегі ағайын-туыстың үйіне жатып оқитын болдық. Мен өзімнен екі жас үлкен апам Гүлсіммен бірге сол кездегі Сырдария ауданының орталығы Тасбөгеттегі нағашы апамыздың үйіне аттандым. Ондағы №11 орта мектепте екі жыл оқыдық. Сонан соң, кісінің үйінде қашанғы жатасың, өз мекенімізге оралдық. Бұл кезде әлгі жабайы өсімдіктер мен бітіскен шабырдан басқа ештеңе жоқ құрылыс алаңында бірқатар ақшаңқан үйлер пайда болып, біршама отбасылар көшіп келіпті. Біз – он бес шақты бала жеті шақырым жердегі Карл Маркс колхозына қатынап оқитын болдық. Есекпен, белесебетпен, жаяу-жалпы жүріп отырып, күнделікті сабақтың бас жағына болмаса да, орта тұсына немесе соңғы пәндерге үлгіреміз, кейде оқу аяқталып та қалады. Қазір ойлап отырсам соның өзі бір қызық кезең екен. Өзіміз таңертең басталатын сабаққа бара жатып жолда, тоғайдың арасы ғой, қоян көрсек немесе гүлден гүлге қонып, төңіректі сұлулыққа бөлеп жүрген ала қанат көбелекті көрсек, соларды қызықтап тұрып қаламыз, кейде соңынан қуып кетеміз.
Ал сонда… сонда Алмагүл апайымыз, класс жетекшіміз, біздерге, қоян қуып, көбелек тамашалап жүрген балалық-шалалығы басылмаған шәкірттеріне, қабақ шытып, ренжу дегенді білмейді. Қайта «шаршамай келдіңдер ме, шөлдеп, қарындарың ашып қалған жоқ па, бір-екі сабақ өтіп кетті, мен оны апайларыңа, ағайларыңа айтамын, өздері түсіндіріп, тапсырмаларын берер, енді қалған сабақтарыңа қатысып, үйлеріңе қайта қойыңдар, сөмкелеріңде нан-пандарың болса жеп алыңдар» деп өбектейді. Қыстың күндері… о-о-ой, ол кездерді айтпаңыз. Ауа температурасы 35-40 градусқа дейін төмендейді. Түкірігің жерге түспейтін суық. Үлкен ЗИЛ машинасының ашық қорабына шопыр ағайымыз Жолтай барлық қыз, ер баланы қатарластырып жатқызып, үстімізді киізбен жауып тастап, Карл Маркске қарай тартады. Ал кейде көлігіміз оталмай қалып, мектепке бара алмайтынбыз.
Міне, оқушылардың басындағы осындай қиыншылықтарды жақсы түсінген Алмагүл апай біздерге үлкен кешіріммен, жанашырлықпен, ұстаздық қамқорлықпен қарап, қатыспаған сабақтарымызды оқып, түсініп алуға көмегін аямайтын.
Өйстіп алысқа қатынап оқып, әбіржіп жүргенімізде өз ауылымыздан мектеп ашылып, қарық болдық та қалдық. Рас, әуелгі кезде әскери бөлімнен босаған шағын барақта оқыдық. Көп ұзамай ауылдың құрылысын жүргізіп жатқан №17 жылжымалы мехколонна біздерге, ауыл балалары мен мұғалімдеріне үлкен сый жасап, үш қабатты зәулім мектеп үйін пайдалануға берді. Мұны баса айтып отырғаным – Алмагүл апайдың ұстаздық, ұйымдастырушылық, жетекшілік қарым-қабілеті осы жаңа мектепте жарқырай көрінді. Бұл ортада тек өз мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ғана емес, түрлі қоғамдық жұмыстарды атқаруымен де алдына жан салмады. Мектеп бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. Сол-ақ екен, жастарды алға жетелейтін, ғылым-білімге, өнер мен әдебиетке, озық ойлылық пен өнертапқыштыққа жетелейтін түрлі жиындар мен іс-шаралар, кештер мен кездесулер қызып берді. Апай ұйымдастыратын сол шаралардың мазмұндылығы, қызықтығы сондай – оған қатысқан әрбір оқушы, біздер, санамызға сіңірген орамды ойдан, жанымызды әлдилеген әдемі әсерден көпке дейін айыға алмай, көңіліміз көкке көтеріліп, қиялымыз шарықтап жүретінбіз.
Апай жетекші ретінде өз класының балаларын оқытудан, үйретуден, мезгіл талабына қарай жаңалыққа баулудан еш жалыққан емес. Үнемі үлкенмен де, кішімен де дұрыс қарым-қатынас жасай білуді, дұрыс жүріп-тұруды, жарасымды, лайықты киінуді, шыншыл, әділ болуды, тағы басқа да көптеген жақсы қасиеттерді айтып, бойымызға сіңіруге тырысатын. Өзі де өнерге жақын, біздің де өнерден құралақан қалмауымызға күш салатын. Жұмыстан шаршап жүргеніне қарамастан, сабақтан соң барлығымызды жинап алып вальс үйреткенін, сонан көпшілігіміз жаны жас, сүйегі кәрі, би әлемінің падишасы – вальсті еркін меңгеріп, кез келген бишімен толқындана тербеліп, сұлу қимыл жасай отырып үйлесімді айнала алатын болғанымызды қалай ұмытайық.
Ал енді ұлағатты ұстаздың сүйікті мамандығы жайында. Иә, апайдың ең, ең негізгі керемет жұмысы – орыс тілі мен әдебиетін оқытқаны еді. Ол кісі қатардағы көп мұғалімдер секілді «45 минут сабақ берсем болды, міндетімді орындадым» деп қоңырау соғылысымен класс журналын қолтығына қысып кете бермейтін. Өтіп жатқан тақырыбын өрістете түсіп, шәкірттер санасына сақаға құйған қорғасындай етіп бекіту үшін барын салатын. Үзіліс уақытының болғанын да, біткенін де байқамай қалатын.
Орыс әдебиеті. Орыс әдебиетінің, әсіресе «Алтын ғасырын» жасаған, одан да арғы-бергі дәуірлердегі классиктері мен олардың шедевр шығармалары! Біз бұл ғажайып қазыналармен Алмагүл апайдың айтуы бойынша танысып-білдік, оқыдық, тереңіне бойлауға тырыстық. Бір ғажабы – апай әлгі айтқан шедевр шығармаларға жақсы оқитын балалар ғана емес, небір сотқар, үлгерімі нашар ұл-қыздардың да қызығушылығын туғыза білді. Өйткені ұстаз туынды тыңдатудың, оны әсерлі етіп жеткізудің, небір тиімді әдіс-тәсілдерін меңгерген-ді.
Егін жинау науқаны басталғанда жоғары класс оқушылары, жыл сайын, диқандарға көмектесуге күріш алқабына барамыз. Басшымыз өзіміздің Алмагүл апай. Аз ғана демалыс сәтінде ол кісі бір тамаша шығарманы айтып бастайды. Бәріміз ынталана құлақ түре қаламыз. Оқиғаның ең қызықты жеріне келгенде «Ал енді әрқайсысың өздеріңе бөлінген аумақтың масағын тез-тез теріңдер және бірде-бір дән жерде қалмайтын болсын, әңгіменің жалғасын сосын айтамын», – дейді. Содан біз ал кеп жұмысқа кірісеміз. Жылдам қимылдаймыз. Моншақтай тізілген сары алтын сынды дән пәшектерін теріп, комбайнның жал-жал қылып кеткен күріш дестелеріне қосамыз. Өз бөлігімізді тезірек бітсек, келесі атыздағы үлгіре алмай жатқандарға жәрдемдесеміз. Өйткені апай бәріміз түгел жиналмасақ әлгі шығарманы жалғастырмайды. Ал кейде: «Шаршадыңдар ма, отыра қалыңдар, мен сендерге әдемі ән айтып берейін» дейді. Содан соң қоңыр дауысымен баяулатып шырқай жөнеледі. Біз рақаттана тыңдап, ой-қиялымыз оянып, әсерленіп отырғанымызда жүрек тербеген ән аяқталып қалады. Сонан шөлдеп келіп, тап-таза, тұнық суға қанбай қалған тай-құлындар секілді:
– Апай, тағы бір ән айтыңызшы, айтыңызшы?!
– Иә, апай, тыңдағымыз келеді, тағы бір ән салыңызшы!
– Шаршағанымыз басылайын деді, енді бір ән болса мүлдем тыңайып кетеміз, апай, – деп шу-шу етеміз…
Міне осылайша ұстазымыз бізді білім нәрімен сусындауға, еңбек етуге, өнер мен әдебиетті, ән мен жырды сүюге ынталандырды, тәрбиеледі.
Бірақ, бір өкініштісі – апай класымызды мектеп бітірте алған жоқ. Қимастық сезіммен сыңғырлатып соңғы қоңырау соғуға бір жыл қалғанда, яғни 1972 жылы Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кетті. Біздер шопаны жоқ отардағы көгенкөз қозылардай көзіміз жәудіреп, сүйікті мұғалімімізге аздап ренжіп, қимай-қимай қала бердік…
Ал Алмагүл апай бір ғана класс, бір ғана мектеп комсомолдарының жетекшісі емес, ауданның барша жастарының жетекшісі болып, жалындаған жігіттер мен қыздарды жарқын істерге, жасампаз бастамаларға үндеді. Осы орайдағы сан алуан жұмыстарды жандандырып, дүркіретті. Соның нәтижесінде аудан комсомол ұйымы сол кездегі айтулы марапаттардың бірі – БЛКЖО Орталық Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды!
Осы жетістіктен соң-ақ талапты да талантты ұйымдастырушы – Божанқызының қызмет баспалдағы өрге көтеріліп жүре берді. Аудандық партия комитетінің хатшысы, халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, бір жылдай осы Кеңес төрағасының орынбасары болды. Ал мұнан соң Тереңөзек ауданының (кейіннен Сырдария ауданы болып аталды) әкімі, үш шақырылым облыстық мәслихат депутаты, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Игілік» корпоративтік қорының тәуелсіз директоры, облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы болды.
Енді мен апайдың осынау қызметтерінің барлығына емес, бір ғана кезеңіне азды-көпті тоқталмақпын. Ол – бұрынғы Тереңөзек, бүгінгі Сырдария ауданының тізгінін ұстаған уақыт!
Иә, Алмагүл Божанова республикадағы жеті жыл бойына ел басқарған жалғыз нәзік жан. Және жайшылық уақытта емес, ең қиын кезеңде, елең-алаң шақта басқарды. Не деген батылдық, не деген батырлық десеңізші! «Азаттық жалаңаш келеді» дегендей, еліміз тәуелсіздік алған сол бір алғашқы жылдар адам айтқысыз ауыр болғаны белгілі. Іргелі ауданның, 40 мың халықтың тағдыры түгілі, базбіреулер жалқы ұжымның, жеке жанұясының, тіпті әр пенде өз қарнының мәселесін қалай шешем деп шақшадай басы шарадай болып, екі қолын төбесіне қойып, дүниеден безіп кете жаздап жүргенде Алмагүл апайдың осыншалық жауапкершілікті, осыншалық зіл батпан жүкті мойнына алуы – жүрек жұтқандық емес пе?! Сол кездері апайдың «Жаутаңдаған жұртты қайтсем жұбатамын, көпке қалай нан тауып, жұмыс тауып беремін, үзілгелі тұрған өзектерді қалай жалғаймын, бөлшектеніп, тоз-тозы шығып бара жатқан шаруашылықтарды қалай сақтап қалуға болады?» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей күн қатып, түн қатқанын көріп, менің көз алдыма баяғы ел басына күн туғанда «Толарсақтан саз кешіп, ауыздықпен су ішіп» жүріп халқына қалқан болған дулығалы ерлер елестеген. Ол «Ақырып теңдік сұраған» Махамбет секілді елінің бостандығы үшін қолына найза алып шайқаспаса да, бабалары аңсаған сол азаттықты баянды ету жолында аянбады. Жанын жалдады. Өзіңіз ойлап қараңыз. Алмагүл Божанқызы әкім болған кезең 1992-1999 жылдар аралығы!
Міне, осы сындарлы шақта небір «мен» деген ер-азаматтардың өзі сыр беріп, сүрініп кеткенде біздің Алмагүл апай сыр алдырмады. Қалай дейсіз бе? Өзінің төрттағандай табандылығының, ерік-жігері мықтылығының, қайтпас қайсарлығының, таразының екі басы қалтылдап тұрғанда тәуекелге бара алатындығының, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетіндігінің, темірдей қатал тәртібінің, қиналғанда көмекке келетін ақылы мен пайым-парасаты жоғарылығының және басқару қабілеті күштілігінің арқасында!
Алмагүл әкім аудан өміріне барлық салалардағы реформаларды батыл ендірді және оның тұтас сақталуына күш салды. Шаруашылықтардың, ауыспалы егіс танаптарының бөлшектенбеуіне, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуына, орта жәна шағын бизнестің дамуына, жалпы нарықтық қатынастардың әрбір сала бойынша заман, заң талаптарына сай қалыптасуына баса назар аударды.
1997 жылы аудан көлемі ұлғайды. Ірілендіру саясаты негізінде Тереңөзекке бұрынғы Сырдария ауданының 5 ауылы қосылды. Сөйтіп қарамағына үлкен 14 шаруашылықты алып, «Сырдария ауданы» атанды.
Осы өзгерістен кейін бір жыл өткенде аудан диқандары күріш өндіруден облыс бойынша бірінші орын алып, үздік деп танылды. Жеңімпаз ауданның әкімі Божанқызына облыс басшысы Бердібек Сапарбаев әдемі автокөлік сыйлады.
Бүкіл саналы ғұмырын туған өңірінің дамуына, өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне арнаған Алмагүл апай туралы таңды-таңға ұрып жазуға болады. Бірақ қыры қалың кітап болмаса, оны басылым беті көтермес. Дей тұрсақ та, қайраткер апамыздың шырылдап жүріп, талай-талай емен есіктерді қағып жүріп атқарған бір маңызды ісі туралы айтпай кетсек азаматтығымызға сын. Ол – дарияның Тереңөзек кенті тұсынан салынған көпір! Әрине, оны апай қолымен тұрғызған жоқ. Бірақ аудан халқының жарты ғасырлық арманы болған сол көпірдің салынуына Божанқызының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз!
Негізінен ауданды басқарған азаматтар осы көпір жөнінде құзырлы орындарға талай рет ұсыныс жасаған. Бірақ мүмкіндік болмаған. Көп ізденістің арқасында 1994 жылы көпір салу ісі мемлекет тарапынан қолға алынды. Тереңөзекке Алматыдан көпір салатын арнайы отряд келді. Өткелдің алғашқы 4 қазығын қадады. Бірақ қаржы тапшылығынан басталған жұмыс тоқтап қалды. Сонан Алмагүл апай аудандағы соғыс және еңбек ардагерлерімен, «Батыр аналармен», депутаттармен, зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып, кеңесе келе асар дәстүрі бойынша халықтан қаржы жинау үшін «Ақниет» қорын құрды. Сондай-ақ көмек сұрап Президенттің атына хат жолдады. Бірақ жиналған азғантай қаражат құны қымбат көпірдің құрылысын әрі қарай жалғастыруға жетпеді.
Алмагүл Божанқызы облыстық мәслихат хатшысы қызметін атқарған кезде де осы көпір мәселесін күн тәртібінен бір сәтке түсірген жоқ. Жыл сайын жаңа бюджет бекітілгенде көпірді жоспарға енгізуге талпынды. Үлкенді-кішілі жиналыстардың бәрінде осы проблеманы қозғаумен болды. Өз облысымыз ғана емес, республикадан да бірқатар басшылар, қадірлі қонақтар қатысқан алқалы бір үлкен жиында сөз сөйлеуге ниет білдіріп, мінберге көтеріле берген Алмагүл апайға облыс әкімі Серікбай Нұрғисаевтың «Алма Божановна, пожалуйста, тек көпірді айтпаңызшы» деп өтінгенін естігенбіз. Бұл не деген сөз, яғни ең үлкен мақсаты болған және қалай да сол көпірді салуды ойлаған қайтпас қайсар кайраткердің бұл тұрғыда «бір мүмкіндік табылып қалар ме екен?!» деп тыным таппағанын, ауыз жаппағанын білдіреді.
Міне осындай іргелі ізденістердің нәтижесінде 2010 жылы облыс әкімі Болатбек Қуандықов көпірді салуға болатындығын айтып, алғашқы шаралары үшін «Игілік» қорынан қаражат бөлу туралы ұсыныс жасады. Таңғаларлық жағдай және тамаша сәйкестікті қараңыз! Алмагүл апай «Игілік» корпоративтік қорының тәуелсіз директоры ретінде осы қордан көпір құрылысының жоба-сметалық құжаттарына қаражат бөлісті. Лапылдаған өртке қанатымен су сепкен қарлығаштың жанталасқан қимылы емес пе бұл?!
2014 жылдың 20 қыркүйегінде пайдалануға берілген осы үлкен көпірді аудан халқы жарты ғасыр бойы арман еткен десек, Алмагүл апайдың 1972 жылы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланғаннан бастап осы «Ақ түйенің қарны жарылған» ақжолтай күнге дейін, яғни қырық жыл бойы армандап, сол ізгі арманды жүзеге асыру жолында бармаған жері, баспаған тауы қалмаған екен. Ақыры арман орындалды! Енді тұрғындар аудан орталығына жету үшін Жалағаш немесе Қызылорданы айналып 120 шақырым емес, небәрі 20 шақырым ғана жол жүретін болды.
Жалпы көпірдің заманауи жобамен салынып, ел игілігіне айналуына Тереңөзектің түлегі, сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты Жақып Асанов, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев және басқа да көптеген азаматтар атсалысып, лайықты үлестерін қосты.
Хош деңіз, Божанқызының ел басқарғандағы тағы бір ерлікке пара-пар ісін, ерен еңбегін үлкен маңыз бере отырып, айрықша ризашылық сезіммен айтқым келеді. Ол – ауданды жойылып кетуден сақтап қалғандығы! «7 жыл аудан әкімі болғанда небір күрделі, тағдырлы шешімдер қабылдауға тура келді. Соның ең күрделісі – 1997 жылы облыста бір аудан қысқаратын болды, сол таңдау біздің ауданға түсті. Облыс тарихында бір қыз аудан басқарып, ақыры оны таратып кетті деген атқа қалмау үшін намысымды, жігерімді жанып, жан ұшырып ауданның әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін дәлелдеп қорғап қалдым» деп жазыпты апай өзінің «Ар мен намыс» атты кітабында.
Бұл ерлікке, бұл жанкештілікке қалай таңғалмайсыз, қалай сүйсінбейсіз, қалай бас имейсіз?! Бұл – бүкіл бір аудан халқының өмірі, тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, болашағы, бүгіні мен ертеңі ғой. Әкім өзінің тас-түйін табандылығы, іскерлігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында ауданды таратпай, төрт құбыласын түгел етіп аман алып қалды. Таратпақ түгілі қатарына жаңадан 5 ауылды қосып алып іріленді, өрісін кеңге жайды. Мұнымен де қоймай ауданды Геродот пен Страбонның антикалық жазбаларына Танаис, Силис, Канг, Інжу, Яксарт, Сейхун деген атаулармен енген Тұран ойпатындағы қос өзеннің бірі – Сырдарияның атымен атап алды. Байырғы Тереңөзек кенті аудан орталығы болды.
Ардақты ұстазымыз осындай үлкен қызметтер атқарып, ел-жұртының қамын ойлап, қажеттілігін өтеп, қыруар тірліктер жасап жүрсе де шәкірттерімен, құрбы-достарымен, ағайын-туыстарымен байланысын үзбей бірге болуға, қуаныш-қайғысын бөлісуге уақыт таба білді. Ол кісінің әсіресе біздерді бала әрі шаласынбай өзімен тең дәрежеде көріп сөйлесетінін, пікірлесіп, ой бөлісетінін қайтерсің. Ал керек кезінде, қиналған сәттерімізде қанатының астына алып, қамқорлық көрсетуден аянып қалмады. Қамқорлық дегенде ойыма ең әуелі мына жағдай оралады.
Мен мектеп бітірісімен бірден жоғары оқу орнына түсе алмадым. Талабым тасқа соғылып, тауым шағылып, ару қала Алматыдан ауылға қайтып келіп, үйдің терезелерін қараңғылап алып, жер бауырлап жатқанмын (ол кезде оқудан «құлау» деген жұрттың жүзіне қарай алмайтындай қарабет болумен, тіпті өліммен тең-тұғын). Ешқандай тірлік істегім, аттап басып сыртқа шыққым жоқ. Осындай халімді естіген аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіндегі Алмагүл апай: «Қағаз-қаламдары мен киім-кешектерін алып, тез жетсін» деп қатынағандардан сәлем айтып жіберіпті.
– Аудандық «Еңбек туы» газетіне әдеби қызметкер етіп алатын болды. Сөйлесіп, келісіп қойдым. Біздің үйге жатасың, – деді ұстазым барған бойда.
Мезгіл түске таяп қалған. Сәлден соң апай екеуіміз үйге барып шай іштік.
– Қазір шамалы демалып ал да, түстен кейін бірден редакцияға бар. Мен жұмысқа кете берейін, – деді ол кісі асығыс кейіпте.
Үйде бір өзім қалдым. Біртүрлі күй кештім. Айдалада, жел өтінде, нөсер жауын астында тоңып, қалтыраған жауторғай секілдімін. Қуанудың орнына жабырқау тарттым. Ауылға қайтқым келді. Сонан не керек, амал жоқ, редакцияға барамын деп шыққан бетім ауылға қарай қалай бұрылғанын өзім де байқамадым. Көйлектерімді салған шағын шабаданым сол үйде қала берді.
Ауылға келісімен күрішші комсомол-жастар бригадасына барып, егін жинау жұмысына кірісіп кеттім. Апай, сірә, мені қайтып келер деп күтсе керек, арада бір айдай уақыт өткен соң ғана шабаданымды сіңлісі Гауһардан беріп жіберіпті. Бір жапырақ қағазға: «Несібелі, ауылда, ата-анаңның жанында болғың келгенін түсіндім. Жиын-терімде жүргеніңді де естідім. Мейлі, ол да дұрыс шығар. Бірақ бір нәрсені ескертемін. Өлеңіңді, жазуыңды тастама! Күнделікті қарбалас жұмыспен жүріп жазуды да, оқуды да ұмытып кетпе! Келер жылы Алматыға тағы да бар. Сен қалай да журналист болуың керек!» деп жазыпты менің келешегіме жарқын сеніммен қарап, көп үміт күткен тілектес апайым.
«Ана – балаға сыншы» дейді ғой, дәл сол сияқты жастайыңнан, кішкене күніңнен қабілетіңді көріп, талабыңды тани білген ұстаз да болашағыңды дөп басып айта алады екен. Мен расында журналист болдым!
– Сен менен оздың! – дейтін апай кейінгі жылдары жүздесе қалған сәттерде.
– Қойыңызшы, апай, озғаны нес? Басқа-басқа, тіпті Сізден озғаны нес? Озып не тындырдым мен, қай биікті бағындырдым? – деймін бұл сөзге түк түсінбей, жай әзіл ретінде қабылдап.
– Шынымен де оздың ғой.
– Қалай?
– Сен кәсіби журналиссің. Тіпті Жазушылар одағының мүшесісің. Жазушысың!
– О-о-ой, апай, онда тұрған не бар? Ал Сіз өте мықтысыз! Қайраткерсіз! Бүкіл ел сыйлаған адамсыз. Тұлғасыз. Дарасыз!
Кейбіреулер өздері жақсы көретін, аздаған лауазымы бар мұғалімдерін айтып мақтанып отырғанда: «Ей, ағайын, мына менің жарылып кетпей жүргенім, қазір мен ұстазымның кім екенін айтсам жүректерің ұстап қалар» деймін. Олар сонан – кім? Кім ол, сонша кісі жарылатындай, – дейді. – Алмагүл Божанова! – деймін мен кеудемді ұрып. Сонда әлгі мақтаншақтардың көздері шарасынан шыға жаздап, тілдері байланып қалады.
– Ех-ех-хе-хе! – деп апай өзінің әдемі, жұмсақ күлкісіне басады да, сәл ойланып қалады. Сонан соң:
– Біздің де көбіне мұғалімдер, оқытушылар бас қоса қалған жерде шәкірттерімізді айтатынымыз бар. Мәселен, Сәкен Сейфуллин атындағы №4 мектепте сабақ берген Гүлбарам Сәдуақасова өзінің оқушысы болған Қылышбай Бисеновті аузынан тастамайды. Мен сондайда Абзал екеуіңді айтып мақтанамын, – дейді.
– Абзалды айтқаныңыз дұрыс. Ол ауылды көркейтті, гүлдендірді, кішігірім қалаға айналдырды. Күріш өндіреді. Мықты кәсіпкер. Қазақстанның Еңбек Ері. Ал мен не бітірдім? – деймін тағы да быж-быж болып.
– Үнемі айтамын ғой. Сен жақсы журналист, қаламы қарымды жазушысың. Кітаптарыңды, жазғандарыңды қуана-қуана сүйсініп оқимын. Ал мен жазушы да, журналист те бола алмадым.
– Сіз де жазып жүрсіз ғой, апай. Кітаптарыңыз да көп, жыл сайын шығарып жатырсыз. Журналистер одағына өттіңіз.
Апай тағы да майдалап жұмсақ күліп алады да:
– Оның рас. Мен Журналистер одағына өттім. Сондықтан да газеттегі жігіттерге маған тапсырма беріңдер, не жазайын деп ескертіп қоямын, – дейді.
Қайран апайым… Жаны да, жүрегі де өнер деп, өлең деп, сөз өнері деп соққан ақынжанды ұстазым! Мен манадан бері апай екеуміздің арамызда болған әңгімелерді бекерден-бекер, мақсатсыз жазып отырған жоқпын. Бағамды арттыру үшін де емес, әрине. Сүйікті мұғалімім осылай деді екен деп, классик болып кете қоймасым белгілі. Бұл жерде менің көпшілікке паш етейін дегенім – Алмагүл Божанқызының журналистиканы, ақындық пен жазушылықты жақсы көріп, жоғары бағалағандығы.
Апайдың өзі де қаламға құмар, қабілетті, талантты болып том-том деректі кітаптарды дүниеге әкелді. Әрбірі пышақтың қырындай емес, кірпіштей қалың жинақтары туған жер, өскен орта, атқарған жұмыс, алдағы міндеттер, аймағымыздың, еліміздің дамуына еңбегі сіңген азаматтар, ұлттық құндылықтар, ұрпақтар сабақтастығы, жастар тәрбиесі, басқару ісі, әдебиет пен мәдениет, өткеніміз бен бүгініміз, барлығы-барлығы жайында бүкпесіз сыр шертеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл кітаптар Тереңөзектің, жалпы Сыр өңірінің тұнып тұрған тарихы, энциклопедиясы десек қателеспейміз. Қайран қалатыным – Алмагүл апай сонау аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болғаннан бастап былтырғы жылға дейінгі, яғни жарты ғасыр бойғы материалдарды, құнды деректерді қалай жинаған?! Расымен де қалай жинаған?! Ай, бұл мәліметтердің кейбірін мұрағаттардан іздесең де таппасың. Бұл не деген ұсынақтылық, не деген тиянақтылық, жинақылық! Және осынау «байлықтың» бәрінің басын қосып, пісенттеп, мазмұнды етіп топтастырып, жазып, жарыққа шығару не деген еңбеккерлік десеңізші!
Міне, байқап отырсыздар, Алмагүл апайдың атқарған әрбір ісі, еліне сіңірген өлшеусіз еңбегі, қайраткерлігі, саясаткерлігі – барлығы-барлығы бүгінгі және кейінгі толқын жастарғы керемет үлгі-өнеге!
Осынау өміршең, ғажайып жанның қош-қош айтып, келместің кемесіне мінгеніне жылдың жүзі жақындады. Иә, былтырғы ұлу жылының маусымы бір ғана туған топырағының емес, тұтастай алты Алаштың Алмагүлін арамыздан алып кетті. Артына ұлардай шулап қара орман халқы қалды. Сыңсып ағып, көз жасына толып Сырдариясы қалды. Қызылорданың қалың бір қабырғасы қақырап, опырылып түскендей болды… Сонда мен Алмагүл Божанқызындай қайталанбас дара тұлғаның бар болғаны, жан-жағына шуағын шашып, жер басып жүргенінің өзі ел-жұрты үшін үлкен бақыт екен ғой деп ойладым… Ал қазір ойлап жүрмін – жоғарыда көптің көзін жеткізіп, жадын жаңғырту үшін Көрұғлының саласындай етіп толғаған айтулы көпірді «Алмагүл көпірі» деп атаған жөн болар. Ол көпірдің салынуына Алмагүл апайдың қосқан қыруар үлесін, қырық жыл бойына тынымсыз жүріп төккен терін, сарп еткен күш-қайратын, еселі еңбегін ешкім жоққа шығара алмас. Сырдариялықтар, әсіресе дарияның екі жақ жағалауындағы ауылдар мен аудан орталығына әрлі-берлі еркін қатынап, рақатқа батып жүрген жұрт он жылдан бері өзара осылай атайды екен. Мұны елге барғанда естіп, ағайынның сөзіне қуана қосылып, мақұлдап, марқайып қайтамын.
«Алмагүл көпірі». Қандай жарасымды! Өзінен-өзі сұранып, орайы келіп, орнын тауып тұрған атау.
Шіркін, менің қолымда билік болса іргелі өткелді дәл осылай – «Алмагүл көпірі» деп атар едім… Сонда көпірдің орнатылу тарихын жақсы білетін тұрғындар да, Алмагүл апайдың аруағы да риза боларына күмән жоқ.
Несібелі РАХМЕТ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<