Жуырда Алматыдағы «Арна» баспасынан (бас директоры Б.Ойса) құқық тақырыбына жазатын журналист-жазушы, ҚР Ақпарат саласының үздігі Итен Қарымсақұлының 80 жылдық мерейтойына орай «Жақсының жарығы» атты кітабы жарыққа шықты. Кітап Қазақстанның Құрметті журналисі, белгілі ақын М.Әміреұлының:
Бірде жақын болсақ та бірде қашық,
Қызық шақтар кеткен жоқ қырдан асып.
Арамызда күн сайын жүрмегенмен,
Алматыда бір жан бар Сырға ғашық, –
деген арнау өлеңімен ашылады. Осы кітапта Сыр бойының ақыны Ә.Рахымбекұлының жүрекжарды өлеңі басылған. Университетте бірге оқыған досы, ғалым-жазушы Қ.Салғараұлы да кітапты оқып, «Бойынан қуат, жүзінен шуақ кетпеген» деген ой тұжырымдарын баспасөзде жариялады.
Біз әңгімені одан әрі сабақтайық. Қолына қалам ұстағанына көп бола қоймаған бозбала мен бойжеткен түгілі, тәжірибелі деген журналистердің өзі жазу столына отырып, ойындағысын қағазға түсіргенде тосылып қалып жатса, оған еш таңғалуға болмайды. Өйткені, автор тақырыпты терең білмеуі, алдын ала зерттемеуі мүмкін. Мұндайда қаламгерді құтқаратын бір ғана тәсіл – толғандырған тақырыпты алдын ала жан-жақты әрі терең біліп алу. Осы төңіректе ой қозғағанда журналистика саласының ардагері, белгілі қаламгер Итен Қарымсақұлының айтқан пікірлері еске түседі. Еңбекқорлықты, тереңдікті, білімділікті байқаймыз. Әсіресе, екінің бірі қаузай алмайтын құқық тақырыбына келгенде Иекеңдей індетіп, барынша терең жазатын жан табыла да бермейді.
Жасыратыны жоқ, қазақ баспасөзінде құқық тақырыбын жазу күні бүгінге дейін күрделі проблеманың біріне айналды. Себебі – біздің журналистер дәл осы саланың түбіне жете үңіле алмай-ақ қойды. Назар аударған күннің өзінде дұрыстап, жан-жақты зерттеп, терең жаза алмайды. Мұның басты сыры құқық саласының салмағы ауырлығында. Жазу білімділікті талап етеді. Ең бастысы, заңның, құқықтың бұзылуын, қылмыс жасаудың себеп-салдарын ашу керек. Айталық, кексе журналистердің өзі прокурордың немесе судьяның алдына барғанда аса өткір сұрақ қоя алмайды. Байсалды сауал болмаған соң жазудан да береке кетеді. Прокуратура органдары атқарып жатқан жұмыстарды кез келген журналист жеткілікті қамти алмайды. Осы жағынан келгенде Итен Қарымсақұлының таңдаған жолы бөлек.
Журналистік өмірдің есте қалар бір сәтіне оралайық. Е.Әуелбеков Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына келген бойы жұмыста үлкен сілкініс байқалды. Талап күшейді. Хатшы газет қызметіне де баса назар аударды. Бірде облыстық «Сыр бойы» газетінің редакторы Н.Уәлиев хатшының тапсырмасы бойынша Итен Қарымсақұлын Қармақшы аудандық партия комитетінің күрделі құрылысқа басшылық жөніндегі атқарып жатқан жұмыстарын жазуға іссапарға жібереді. Енді журналистің өз аузынан естіген әңгімемізді айтайын.
– Ауданға келген бойы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына кіріп осы мәселелер жөнінде әңгіме қозғай беріп едім. Ол шошып кетті, – деді Итен аға – Газет қызметкерінің аудандық партия комитетінің жұмысын тексеруге құқы жоқ. Сізді редактор жаңылысып жұмсаған. Біз бұл мәселе жөнінде ешқандай құжат көрсете алмаймыз деп айбат шекті.
Бұл кеңестік дәуірде қайта құрудың алғашқы бастамасы еді. Содан газет редакторы бұл жағдаятты обкомға жеткізеді. Бірінші хатшыға ресми мәлімет беріледі. Обком тарапынан жедел нұсқау алған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы сасқалақтап дереу бүкіл құрылысқа байланысты қаралған деректерді газет тілшісіне тауып береді. Көп ұзамай газетке «Бос тұрған он екі пәтер» деген тақырыппен көлемді сын мақала жарияланады. Тіпті соққының бірі аудан басшысына тиеді. Құрылыстағы сапасыз жұмыстарға байланысты талай адам жазасын алады. Ал бұл өзге партия ұйымдарының хатшыларына да үлкен сабақ болғаны рас.
1996 жылдың жазында Алматы қалалық прокуратурасында алғаш рет баспасөз қызметі ашылып, оған жетекшілікке Итен Қарымсақұлы тағайындалды. Қызылордада «Прокуратура тынысы» газетін шығарған тамаша үрдіс Алматыда жалғасты. «Прокуратура хабаршысы – Вестник прокуратуры» газеті екі тілде шыға бастады. Ол Итен қаламының жүйріктігін байқатты. Республикалық басылымдарда жиі жарияланатын ақпараттары мен мақалалары, сұхбаттары өз алдына әңгіме. Әсіресе, қазақ оқырмандарына бұрын-соңды жиі айтыла бермейтін қылмыс хроникасын жаңа қырынан жеткізді. Ұры-қарылар мен қарақшылар, алаяқтар мен арамтамақтар тақырыбы елді елеңдетіп тұрғанда, бұрын екінің бірі жазбайтын тың тақырыпқа түрен салды. Сөйтіп өзекті мәселелерді шешуге, қиналған жанға қол ұшын беруге дәнекер болды. Итеннің ақпараттары мен көлемді мақалаларының қай-қайсысы да шебердің қолынан шыққан жүзіктей көрінетін.
Сол уақытта өмірдің өзі де қайнап тұрған-ды. Аумалы-төкпелі кезде жауапты жұмысқа келген жігіт ағасы Алматы қаласы журналистер қауымының жан досына айналды десек те жарасады. Олар қалаған мәліметті Итен аға арқылы қиналмай алатын. Сөйтіп, бұрындары журналистер ақпарат алуға қолы жете бермейтін мекеменің есігі айқара ашылды. Әріптестеріне осындай мол мүмкіндік жасап берген Итен ағаға әлі күнге алғыс айтатындар бар.
Шын мәнінде бұл өз алдына қиындығы бар қызмет еді. Прокуратурадан әділдікті талап ететіндер көбейген шақ. Қылмыс, дау-дамай, ұрлық, бұзақылық дендеген уақыт. Сондықтан басылымдарға берілетін дерек нақты болуы тиіс. Журналистикадағы мол тәжірибесінің арқасында қазақ және орыс тілді басылымдарда Итен Қарымсақұлының мақалалары қарша борады.
Кешегі нарықтық қатынастың таңы атып келе жатқанда Алматы қаласында шығатын барлық бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, қазақ тілінде жұрт назарын аударған мақалалар көп жарияланды. Сол кездері «Итен Қарымсақұлы керемет мақала жазыпты, оқыдыңыздар ма?» деген сөзді журналистер аузынан жиі еститін едік. Тәртіп сақшыларының заңсыз іс-қимылы, ұйымдасқан қылмыстық топтардың іс-әрекеттері жайлы Итеннің мақалалары өте жиі жарық көрді. Осындай ерекше еңбегі еліміздің Бас прокурорының да назарын аударды. Құзырлы мекеме басшысы «ҚР Бас Прокурорынан» деген жазуы бар алтын сағат сыйлап, Құрмет грамотасымен марапаттады. Жылдар өте келе кеудесіне «Қазақстан Республикасының прокуратурасына – 20 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальдарын тақты.
Өз басым газетте істегендіктен, осы тақырыптағы мақалаларды тұрақты оқимын. Біз бұрындары қылмыс хроникасын баяндауды «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет атқарған Нұри Муфтах, «Ара» журналынан Көпен Әмірбек арқылы үйренгенбіз. Ал Итен ағамыздың жазуы өз алдына бөлек екен. Оқып отырып қызығасың. Болған оқиғаны оқырманға ерекше жеткізетін тың тәсілі бар. «Осы құқық саласын біз неге егжей-тегжейлі, ашық, батыл және әділ жаза алмаймыз?» деген сұраққа жауапты да Иекеңнің стилінен таптық. Басты себеп, біздің ізденуіміз нашар екен. Ал ізденбесең, білмесең, мандытып ештеңе жаза алмайсың. Өйткені, құқықтық сала – өте ауыр сала. Итен Қарымсақұлы осы жағынан бесаспап. Азаматтық беделін көтеріп отырған да осы сала. «Ерінбегеннің еңбегі жанады» деген осы. Тынымсыз қызметтің арқасында ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Алматыдағы Ұлттық кітапханада әріптесіміздің «Жақсының жарығы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өте жоғары дәрежеде өтті. Оған қатысушылар қаламгердің шығармашылығына барынша әділ және жоғары баға берді. Алматы қаласы әкімінің, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының, Қызылорда облысы әкімі мен мәслихатының және Қызылорда қаласы әкімі және мәслихатының Құрмет грамоталары тапсырылып, құттықтау хаттары оқылып, шапан жабылды. Осының барлығы Итен ағаның баспасөз қызметіне сіңірген еңбегіне берілген лайықты құрмет, қара сөздің қадірін бағалағандық. Бұл дегеніңіз – үлкен құрмет және зор абырой.
Қарап отырсаңыз, кітаптарында да жиі қозғайтын мәселесі – құқық тақырыбы. Әрқайсысының арғы жағында адамның, қоғамның тағдыры тұр. Осы жағдайға автор баса назар аударады.
– Қазіргі журналистерге тәжірибе, батылдық жетіспейді. Кез келген журналист прокуратура органдарына емін-еркін кіре алмайды. Бұрынғыдай емес, қазір есік жабық. Соны ашудың амалын үйрену қажет,– дейді еңбек ардагері.
Итен аға әлі күнге дейін еңбектен қол үзген жоқ. Алматы қалалық прокуратурасының ардагерлер кеңесінде қызмет атқарады және республикалық «Құқықтық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары. «Қоңыр қалам», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Жүрек жазбалары», «Жақсының жарығы», «Жаса, жарық күн!», өзге де кітаптардың авторы. Еңбек ері А.Бисеновтің өмірі мен қызметі жайлы кітап жазып, деректі фильм шығарды.
Қолына қаламды жастай алған Иекеңнің есінде қалған жанашыр жандары көп. Солардың арасында облыстық «Ленин жолы» қазіргі «Сыр бойы» газетінің редакторлары болған Зейнолла Жарқынбаев және Ұзақ Бағаев жайлы дүркін-дүркін естеліктер жазды. Олар кітаптарында да жарық көрді. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Е.Көшербаев, С.Шаухаманов, Қ.Бисенов, У.Бишімбаев, Б.Досманбетов, Ж.Шәріпов, Т.Маханов, А.Жәлімбетов туралы жазып, қала әкімі Н.Нәлібаевпен бірнеше дүркін сұхбат жариялады.
Сыр бойының қылқалам шеберлері А.Жанаев, М.Әміреұлы, Ә.Рахымбекұлы, Қ.Данабаев, Б.Ұзақбаев, С.Бекмұратұлы, Б.Ойса, А.Мекебаев, С.Хангелдин, тағы басқаларының өмірі мен ақындық және журналистік жолдары жайлы қызықты материалдарды баспасөз беттерінде жариялады. Ал, облыстық газеттің сонау бір жылдары жауапты хатшысы болған, жасында бірге қызмет істеген М.Сәрсеновтің отбасынан келген өтініш-хатын зерттеп, тиісті орындарға хат жазып, бір емес, екі дүркін мақала жазып, туған ауылынан көше атын алуына жәрдемін тигізді.
– «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөз бар. Неде болса шын көңілмен, жібі түзу сөз айтқан дұрыс. Абайлап сөйлеу керек. Жөнсіз айтылған сөз көңілге ауыр тиеді. Журналистік өмірімде адамдарды жақсылап та, кемшілігін сынап та көп жаздым. Сыбайлас жемқорлық, қызмет бабын асыра пайдалану, заң талаптарын бұзушылық айғақтары бойынша түбегейлі зерттеп, үлкен қылмыстар жайлы нақты айғақтармен жазуға тура келді. Бәрі де дұрыс қабылданды. Мақала жөнінде шағымданған, сотқа жүгінген адам болған жоқ. «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаласың ұятқа» деген, айтар сөз нақты, жүйелі болғаны орынды, – дейді Итен Қарымсақұлы. – Аталы сөз – жүйесін табады, абайсыз сөз – күйесін жағады. Біздің оқырмандарымыздың өресі биік, ойы терең, бүгінгі өмірге көзқарасы қалыптасқан ірі тұлғалар. Сондықтан жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын.
Иә, жақсы адамға қай жерде де есік ашық, төр де соныкі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облысы әкімі мен облыстық мәслихатының, Қызылорда қаласы әкімі мен қалалық мәслихатының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Алматы қаласы Наурызбай ауданының құрметті ардагері Итен Қарымсақұлы да сондай асыл азамат. Ізін бассаң – аға болуға, жөн сұрасаң – дана болуға лайықты.
Осындай ағаның, ақсақалымыздың көп болғаны қандай жақсы!
Жолдасбек ДУАНАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Мәдениет қайраткері, Б.Бұлқышев атындағы
сыйлықтың иегері.
Алматы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<