Өткен ғасырдың 90-жылдарында жастың да, жасамыстың да аузынан түспейтін бір ән болды. Оны біздің замандастарымыз зор ықыласпен қабылдап, тез-ақ үйреніп алған. Бізден кейінгі толқын да қағыс қалған жоқ. Көгілдір экранда да үздіксіз беріп жатты. Ән бүкіл қазақ даласын тербеп тұрды, халықтың жүрегіне жол тапты. Ән қалай туды? Бұл қандай ән еді? Авторы кім? Әуелде шаруамыз болмады.
Сол кезде «Қазақстан» телеарнасынан «Кеш жарық» дейтін әдеби-музыкалық хабар әр аптаның жексенбі күні эфирге шығатын. Хабарды ақын Тынышбай Рахым өзі дайындап, өзі жүргізетін. Танылмай жүрген таланттардың тұсауын кескен хабар көптің ықыласын аударған. «Кеш жарық» хабары арқылы танылған, бүгінде елге белгілі дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова былай деп еске алады:
– Тынышбай ағамен бірге танылмаған таланттарды іздеп Қазақстанның біраз облысын араладым. Әсіресе Шымкент сапары есте қалды. Шырайлы өңірдің түкпір-түкпірінен өте көп жиналған өнерпаздардың арасынан ең мықтыларын іріктеп алып, «Кеш жарық» хабарына шақырған едік. Бірде Атырауға сапарлайтын болып, әуежайға келіп, ұшақтың келуін күтіп отырдық. Тынышбай аға:
– Менде бір ән бар еді, соны сен қазір үйреніп алсаң қайтеді? – деді.
– Осы қазір ме, аға?
– Иә, қазір-ақ үйреніп аласың…
Домбырамды қорабынан алып ағаға ұсындым. Ол кісі мелодиясын екі рет ойнап, маған мәтінін берді. Шындығында оңай игеріп ала қойдым. Алматы әуежайының күту залында үйреніп алған ән «Боз орамал» болатын. Әнді Тынышбай аға жасырақ кезінде атыраулық бір қызға арнаған екен. Сол сапарда Атырауға барғасын «Боз орамалды» алғаш орындадым. Бүгіндері Атырауда «Боз орамалды» білмейтін адам кемде-кем шығар.
Енді негізгі тақырыбымызға көшейік: Сөз басында тоқталып өткендей, ел арасына лезде таралған ән «Алтайдың ар жағынан келген ару» Тынышбай Рахымдікі болып шықты. Ол әлеуметтік маңызы бар тарихи ән болды. Бір сәттік көзайым оқиғадан туған. Әннің әуезділігі, мәтін үйлесімі тыңдарманын бірден баурап ала қойды. Енді оның шығу тарихына тоқталайық:
1991 жылдың мамыр айында Алматыға арнайы шақырумен Қытайдан өнер өкілдері келді. Делегация құрамындағы жалғыз қазақ қызы Әмина Еркешқызы Шыңжаң телеарнасында диктор болып қызмет етеді екен. Ол екі жақтың арасына аудармашы болды. Қазіргідей кең қатынас орнаған заман емес, жүрген-тұрғанның бәрі тәртіптік хаттамаға бағынатын кез. Қайтар уақыт жетіп, қытайлықтар тегіс қозғала бастағанда әлгі қыз бөгеліп, жалтақтап артына қарай беріпті. Қыздың қимастық сезімін байқағанымен, қасына жақындай алмай, бір ауыз болса да сөйлесе алмағанына іштей өкінген ақын Тынышбай қатты толқиды. Қаршадай қыздың Отанына табаны тиіп тұрып, қала алмай бара жатқан сәтінде ақынның тілінің ұшына «Қимайтын жан екенсің жат ұяға» деген алғашқы өлең жолы оралады. Мұнан соң жүрекжарды шумақтар бірінен кейін бірі құйыла береді. Үйіне келгесін күйсандыққа отырып, саз тербейді. Осылайша «Алтайдың ар жағынан келген ару» деген ән дүниеге келді. Белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов Тынышбайдың өтінішімен алғаш рет әнді көркемдік кеңеске орындап берді. Көркемдік кеңес әнді қабылдайды. Мұнан соң, Жетісайға барған сапарында Мақпал Жүнісова «Алтайдың ар жағынан келген аруды» домбыраға қосып орындаған. (Телеарнаның алтын қорында сақтаулы).
Сол концертке келіп отырған Жетісай театрының жас актері Сәкен Қалымов әнді ұнатып, жазып алады. 1993 жылы Алматыға оралғасын Сәкен әнді «Кеш жарықта» орындап, ол шын мәнінде әннің бағын ашқан еді. Сәкеннің орындауында ән тамылжып шықты, келе-келе оның төлқұжатына айналып, атағын аспандатты. «Бұл ең алғаш орындаған әнім еді. Ән халық арасына тез тарады. Оны аға буын біледі және айта жүретініне сенімдімін. Мен әннің ғұмыры ұзақ болса екен, ұмытылып кетпей, кейінгі ұрпаққа да рухани азық болса екен деген мақсатпен енді оны жеке орындамай, қосылып айтатын қыз іздедім» дейді әнші бір сұхбатында. Сөйтіп жүргенде Қытайдан Қазақстанға 2020 жылы оралған Гүлсінай Серік есімді қызды Республика сарайындағы бір концертте кездестіреді. Танысады. Бірге суретке де түседі. Сәкен қызға «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін бірге айтуға құлаққағыс жасайды да, әннің нотасын беріп кетеді… «Сәкен ағамен қосылып айтсам, екі жаққа да белгілі болған ғажайып ән «Алтайдың ар жағынан келген ару» атына лайықты шыға ма? Әлде қалай болады? Тыңдарманға әнді дұрыс жеткізе аламыз ба?» деп Гүлсінай ойланып жүргенде көп уақыт өтіп кетіпті. Екі жылдан соң ғана тәуекелге барған Қытайдан келген әнші қыз Сәкен ағасына қоңырау шалады. Екеуі кездеседі. Гүлсінайдың дауысы Сәкеннің көңілінен шығады. Мәтіні жазылып, дайын тұрғасын әуен өзара үйлесіммен шарықтайды. Мұны сонау 1991 жылы қытай мен қазақ арасына аудармашы болып келіп, атажұртқа табан тіреген Әмина Еркешқызына арнаған Тынышбай әніне жауап деп түсінсек керек. Тыңдап көрдік, кезектесе шырқаған ән әдемі шыққан. Мәтіні ұзарған сол баяғы әуен. Біле жүрген артықтық етпес, осыдан 35 жыл бұрын дүниеге келген «Алтайдың ар жағынан келген ару» әніне қайтарған қыз жауабының мәтінін қосып, жаза кетейік:
Сәкен:
Қимайтын жан екенсің жат ұяға,
Қалқам-ау кез болдың ғой қапияда,
шіркін!
Мөп-мөлдір жанарың-ай,
Жаздидар жамалың-ай,
Қалдым-ау тіл қата алмай,
қарағым-ай.
Қасыңа бар алмадым,
Сездің бе жан арманым,
Еріксіз қалқам саған ән арнадым.
Гүлсінай:
Алыстап туған жерден қапияда,
Бой жеттім елден жырақ жат ұяда,
шіркін!
Мөлдіреп жанарым-ай,
Жалт ете қарадым-ай,
Ағажан бар ма менің амалым-ай,
Аққу боп кетсем деймін,
Отанға жетсем деймін,
Сағыныш шерімді бір төксем деймін.
Сәкен:
Алтайдың ар жағынан келген ару,
Жалт ете қарағаның емге дәру,
шіркін!
Мөп-мөлдір жанарың-ай,
Жаздидар жамалың-ай,
Қалдым-ау тіл қата алмай қарағым-ай.
Қасыңа бара алмадым,
Сездің бе жан арманым,
Еріксіз қалқам саған ән арнадым.
Гүлсінай:
Алтайдың ар жағынан әнім жетті,
Сағыныш өзегімді қарып өтті,
шіркін!
Ақниет қыран аға,
Ақпейіл жыр-ән аға,
Қасыңда қала алмадым кінәлама.
Аққу боп кетсем деймін,
Отанға жетсем деймін,
Сағыныш шерімді бір төксем деймін.
Сәкен:
Баянды болсын сенің ұшар бағың,
Қолыңды қош айтысып
қыса алмадым, шіркін!
Мөп-мөлдір жанарың-ай,
Жаздидар жамалың-ай,
Қалдым-ау тіл қата алмай,
қарағым-ай.
Қасыңа бара алмадым,
Сездің бе жан арманым,
Еріксіз қалқам саған ән арнадым.
Гүлсінай:
Алыстан аңсап елге жеткенімде,
Ағатай медеу болдың көп көзінше,
шіркін!
Баянды бақ тіледің,
Қабыл боп ақ тілегің,
Ақ таңым Отанымда атты менің.
Арналды әнім менің,
Туған ел бағым менің,
Қарсы алды Атамекен қалың елім.
Әу баста бір қызға, яғни Әмина Еркешқызына арналып шыққан ән Қытай еліндегі бүткіл қазақ жұртының туған елге деген сағынышты махаббатындай керемет сазға айналды. Ықылас білдіріп тыңдаған кісі болса, құлағының құрышын қандырады. Мұндайда:
Ән – жүректің ажары,
Ән – жүректің ғазалы,
Әнді сүйген қазақтың,
Тарқамасын базары, – десек болады.
Жуырда Сәкен Қалымов пен Гүлсінай Серік осы әнге бейнебаян түсіріпті. Керемет! Әсем ән әсем табиғатпен үндескен. Тыңдай бергің келеді. «Ән ұрпақтан ұрпаққа жалғасса екен» деп алдына мақсат қойып, соған қол жеткізген Сәкен әншіге риза боласың.
Сөз кезегінде Тынышбайдың қысқаша өмірдерегін берейік:
Тынышбай Рахым 1946 жылы 12 қыркүйекте Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Жоғарғы Шыршық ауданының Свердлов атындағы ұжымшарында дүниеге келген. Оны өзі былай деп жазады:
Қыркүйекте туыппын, салқын түскен
Боялған шақ дүние алтын түспен.
Қызыл шақа тіршілік шыр етіпті,
Ең алғашқы өзіндік мәрттік күшпен…
Ел басына күн туған аласапыран жылдардың бірінде Тынышбайдың атасы осы күнгі Қарағанды облысының Жаңарқа жерінен Өзбекстанға ауған. Бертінірек, яғни 1961 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы Жаңатасқа көшіп келген. Тынышбай осы жерде туған қарындасымен бір сыныпта оқыған көршінің қызы, болашақ жары Қарашашпен танысқан. Жамбылдың мәдени-ағарту училищесіне түсіп, музыкалық аспаптарды шебер меңгерген. Әдемі дауысы бар Тынышбай өзі шығарған әндерін нотаға түсіріп, орындап жүрді. Студент кезінде, яғни 1966 жылы «Жаңатастай жас қала, жас арудай жайнаған» деп әсерлі қайырылатын алғашқы ән «Жаңатас көктемі» жарыққа шықты. Кезінде мұны Қазақстанның Халық артисі Зейнеп Қойшыбаева орындап, тыңдарманның көзайымына айналған болатын. Мұнан басқа көпке таралған «Көктем келді», «Қош махаббат», жоғырыда тоқталып өткен «Боз орамал», «Бар ма менің жазығым?» атты танымал әндері бар. Қазақстан телевидениесінің алтын қорында композитордың өзі орындауындағы «Көктем келді» әні сақталыпты. «Бар ма менің жазығым?» әні бүгінде «Музарт» тобының репертуарынан берік орын алса, «Боз орамалды» Сәуле Жанпейісовадан кейін Нұрлан Өнербаев, Асқар Жүнісбеков орындады. Білгеніміз, сазгер-ақынның 60-қа тарта әндері бар дейді. Ал өзі бір сұхбатында 80 ән жаздым депті. Рас шығар. Бірақ «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнінің орны бөлек. Тынышбай Рахым десек, бірінші осы ән ойға оралады. Ол бірнеше өлең кітаптың авторы, лирик ақын, Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтың иегері.
Өмірлік жары Қарашаш Ахметқызы: «Тынышбай өлеңдерін жатқа оқитын. Жазғандарының алғашқы тыңдаушысы мен болатынмын. Тіл маманымын ғой айтайын, керемет ақындар көп, бірақ маған Тынышбайдан артық ақын жоқ» депті. «Балаларының ішінде әке жолын қуғандары бар ма?» деген журналист сұрағына: «Ақыннан ақын тумайды» деген рас шығар, егер немерелерінен шығып жатса, қуанамын» деп жауап қайырыпты.
Тынышбай Рахымның ақындық жолға біржола бет бұруы 1971 жылдан басталған сыңайлы. Оны Мұқағалиға арнаған мына өлеңінен аңғаруға болады:
Жыр дәптерін арқалап,
Алматыға келгенде
Бір ақынды көргенде
Оған сәлем бергенде
Соңына оның ергенде
1971, январдың үші еді
Сол жыл, сол күн, сол сәттер
Жиі есіме түседі.
2006 жылы Тынышбай Рахымның 60 жылдығына байланысты Алматыда өткен еске алу кешіне (1999 жылы өмірден озған) «Алтайдың ар жағынан келген ару» әннің кейіпкері Әмина Еркешқызы арнайы келеді. Сол жолы өзіне керемет ән арнаған ақынның жұбайы Қарашаш Ахметқызымен танысады. Қонақ болып қайтуға шақырады. Әминаның шақыруын қабыл алған Қарашаш қасына бір қызын ертіп Қытайға барған. Он күн қонақ болып қайтқан.
Жоғарыда біз «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін тарихи әрі тағдырлы ән дедік. Тарихи ән екені түсінікті болды, ал неге тағдырлы? Көреалмаушылық, қызғанушылық, етектен тартушылық сияқты пендешіліктер Тынышбай Рахымды да айналып өтпеген.
«Қытай қазақтарының аузында «Ақ көйлек» деген ән бар екен, Тынышбай сол әннің сөзін өзгертіп, сазын да пайдаланған» деген қаңқу сөз шығады және ол күн озған сайын гулей береді. Амалы таусылған Тынышбай сол жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет ететін журналист Қали Сәрсенбайға шағынады. Қали бұл келеңсіз жағдайдан хабары барын айтып, сазгерді сабырға шақырған.
– Бұлай болмайды, дәлелдеуіміз керек, – дейді Тынышбай. Ойласа келе екеуі Нұрғали Нүсіпжанов пен Нұрғиса Тілендиевке барады. Олардың пікірлерін алады. Осындай күндердің бірінде газет редакциясына Қытай қазақтарын, олардың бүткіл әндерін білетін Оразақын Асқар дейтін белгілі қаламгер арнайылап келіп, «Ақ көйлек» әнінің нотасын береді. Екі әннің бір-біріне жанаспайтыны белгілі болады. Бұл нағыз дәлел еді. Осыдан соң Қали Сәрсенбай «Егемен Қазақстан» газетіне «Әсем әнге араша» деген тақырыппен көлемді мақала жазып бастырады.
Қазақ поэзиясы мен ән өнеріне еңбегі сіңген ақын, композитор, әнші, тележүргізуші, бірнеше музыкалық аспаптарды шебер меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы азамат Тынышбай Рақымның туғанына биыл 80 жыл толады. Ән мен жырсүйер қазақ халқы барда Тынышбай шығармалары, оның ішінде композиторлық қырының шырқау шыңы, біз осы мақалаға арқау еткен «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні ұмытылмай рухани-көркем дүние ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасары анық.
Темірбек ЕСЖАНОВ,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





