Қазақ әдебиеті мен театрының тарихында драматургия жанрының профессионалдық тұрғыдан қалыптасып өсуіне, толысып кемелденуіне, әлемдік сахна кеңістігінен орын тауып-өрістеуіне өлшеусіз зор үлес қосқан атақты драматург-жазушы, аудармашы, сыншы, қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджановтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр.
Қ.Мұхамеджанов өзінің сөзімен айтқанда сол бір «берекесіз» 1928 жылы дүниеге келіп, балалық шақтың алаңсыз бал дәуренін сезіне алмаған. Себебі, әкесі «халық жауы» атанып сотталған, кейін атылып кеткен. Артынша соғыс басталып оқу да жайына қалған. Қой бағып жүріп ауылдағы кішкене кітапхананың бар кітабын оқып тауысқан.
Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтта, Ташкент қаласындағы өнер институтында оқып жүргенінде сол бір «халық жауының» баласы деген ат қыр соңынан қалмай қудалауға ұшырай береді. Ақырында Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы ГИТИС-тен бір-ақ шығады. Атақты профессор Павел Санович Марков болашағынан көп үміт күттіретін студентті өзіне шақырады.
Жазушының осыдан алпыс жыл бұрын жазылған «Бөлтірік бөрік астында» атты алғашқы пьесасы көп сынға ұшырап барып өзінің лайықты бағасын алды. Күні бүгінге дейін еліміздің сахналарында қойылып келе жатыр. Жалпы драматургтың барлық пьесаларындағы мәселелер осы заманда да өзектілігін жоғалтпаған. Жастардың тұрақсыздығы, ана тілімізді шұбарлап сөйлеу барлығы бәз баяғыдай. Күні кеше ғана жазылған сияқты.
Қ.Мұхамеджанов замандастарының айтуы бойынша керемет кітапқұмар адам болған. Жиналған кітаптардан кімнің кітабы қай қатарда, қандай сөреде тұрғандығын жатқа білген. Бірнеше мың кітап: арабша, парсыша, орысша, қазақшаның араб, латын әрпіндегі кітаптар оның өмір бойғы жинаған байлығы деп айтуға болады. Өзі де: «Үйімді де осы кітаптарым үшін кеңейттім, әйтпесе, бәйбішеміз екеумізге бәрібір емес пе?» деп күледі екен. Қалтай ағаның кітапханасы баяғыда Отырарда жоғалып кеткен, Мысырдағы кезінде отқа оранған Александрия кітапханаларын еске түсіреді.
Міне, сол мол мұра 2015 жылы Сыр бойы оқырмандарына сыйға тартылып, жарты миллионға жуық бай қоры бар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханадан Қалтай Мұхамеджановтың кітапханасы ашылды.
Қазіргі таңда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоры 8 мың данаға жуық кітаппен толықты. Осы рухани азықтың шашауын шығармай, жоғалтпай бізге жеткізген Қалтай ағаның жары Фарида Бекжанқызы мен ұрпақтары Жәмила мен Алтай Мұхамеджановтар.
Кітапхана қорына толығырақ тоқталып өтсек, Қ.Мұхамеджанов тек ислам әлемі мен дінінің білгірі ғана емес, сонымен бірге шығыс шайырларының жырларын толық оқып, зерттеген адам. Қалтай кітапханасында Омар Хаям, Хафиз Хорезми, Әлішер Науаи, Низами, Әзиз Несин, Садриддиннің және т.б шығармалары араб, парсы, түрік, өзбек және т.б тілдерде жинақталған.
Сонымен қатар кітапханада 1896 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Ф.Павленков баспасында басылып шыққан «Антропология», 1907 жылы Д.В.Аверковтың «О драме» сыни мақалалары, 1914 жылы Орынбор қаласында араб таңбасымен берілген Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ әліппесі», 1935 жылы М.Әуезовтің латын қарпімен басылған «Тас түлек» пьесалары мен әңгімелер жинағы және т.б барлығы 86 баға жетпес ескі құнды кітап бар.
Кітапхана қоры қазақ, орыс, шетел классиктерінің таңдаулы көркем әдебиеттерімен де қызықтырады. Сонымен бірге Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұрпейісов, Г.Бельгер, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, С.Жүнісов, О.Бөкеев, А.Сүлейменов, Қ.Қайсенов, Ә.Тәжібаев және т.б көптеген қазақ әдебиетінің өшпес жұлдыздарының кітаптарындағы ізгі ниетпен, әзілмен жазған қолтаңбалары сақталған.
Қазақ өнері мен әдебиетінің тарихында аттары алтын әріппен жазылып қалатын осы ұлы тұлғалардың қолтаңбалары Қалтай кітапханасы арқылы болашаққа ескерткіш болып қалды.
Кітапхана сөздіктер мен энциклопедиялардың жан-жақты бай қорымен де жасақталған. Қаламгердің ғылыми зерттеулерді қажет ететін көптеген қолжазбалары сөреде тұр.
Сондай-ақ, жазушының көп жылдар бойы пайдаланған жеке заттары: жазу үстелі, орындығы, құралдары, ескерткіш жазулары бар кәдесыйлары, портреті сақтаулы. Жазушының айтулы мерейтойларында жер-жерден келген ақ тілекке толы құттықтау хаттар да осы жерден орын алған. Жазушы отбасының өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар, белгілі қайраткерлермен, оқырмандармен түскен фотосуреттерімен де танысуға болады. Құнды дүниелердің бірі – Елбасының жазушыға арнайы сыйға тартқан шапаны.
Кітапханада жазушы Қ.Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған мәдени шаралар өткізілді.
Белгілі жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Қалтай аға туралы: «Қалтай ағамыз келе жатқанда қара жердің кітапхана-кемесі көшіп келе жатқандай көрінуші еді. Бір өзі бір академияның ғылымын, бір өзі бір университеттің тағылымын, бір өзі адамгершіліктің бар қасиетін өзімен қоса арқалап жүргендей сезілетін» деген екен.
Қалтай Мұхамеджановтың болашақ ұрпаққа қалдырған шығармалары мен бай кітапханасындағы білім мұрасын жазушының көзіндей көріп, аманатындай сақтап, оқырмандарға насихаттау енді біздің еншімізде. Сыр өңірі Қалекең басқан ізін, жүрген жерін, әзіл-қалжыңын әлі талай жыр етері сөзсіз. Бүгінгі зерделі өсер ұрпақ тұрғанда Қалтай аға ғасыр шыңына қарай биіктей берері анық.
Айгүл САИМБЕТОВА,
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<