Алыстағы туыстан жақындағы көрші артық

1991

0

Дана жұртымызда «Көршіні Құдай қосады» деген сөз бар. Біз биылғы көктемде жаңа орынға көшіп келдік. Салт жөнімен ерулік беріп, көршілермен етене араласып кеттік. Жалпы, қоныс тойын жасаудағы ең әуелгі ниет – көршілермен танысу болған. Осы дәстүрді біз де дария жағасындағы Демесінов  көшесіндегі 60 пәтерлік үйге көшіп келген кезде жасаған едік. Ол ұлтымыздың ұлттық мерекесі – Әз-Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген болатын.

Міне, онан беріде екі ай өтіпті. Сол жолы Раяна, Жамила атты жас келіндер дастарханды қолға алса, Қайрат, Бектұрсын атты жігіттер малды әкеліп, ата дәстүрімен ақ тілектер тілеп, қазан-ошақ жағын жайғастырды. Жастар жағы дастархан басына ата-аналарын ертіп келіп, «менің көршім керемет адамдар» деп жаңа қоныстарындағы ардагер ақсақалдармен таныстырды.   

Иә, күнделікті өмірде әркім-ақ көршіні іздейді. Өйткені, бір нәрсе қажет болғанда ең алдымен, көршілерден көмек сұрап жатамыз. Көршімен сыйластық – елдің сыйластығын, көршімен татулық – қоғамның татулығын ұқтыратындықтан ислам діні көршімен жарасымды сыйластықта болуға шақырады.

Біздің көршілер осы сыйластықты іс жүзінде көрсете білді. «Үй сатып алма, көрші сатып ал» деген мақалдың түпкі мақсаты жақсы көрші ырыс- берекең дегенді білдіреді. Халқымыздың «Жақсы көрші тапқаның – көп олжаға батқаның» дегені – сенім, құрмет, сүйеніш сыйластық, ауызбірлік – тіршіліктің бір ғанибеті сол дегенді білдіреді. Көршілермен жақсы қарым-қатынаста болайық, ағайын!

Әсемкүл МЫРЗАБАЙҚЫЗЫ.

Қызылорда қаласының тұрғыны.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<